Ұстаз – ұрпаққа білім беріп қана қоймай, оның бойына адамгершілік, отансүйгіштік, жауапкершілік секілді асыл қасиеттерді сіңіретін ұлы тұлға. Осы орайда ауданымызда Мұғалімдер күніне арналған «Ұлағатты ұстаз – ұлт мерейі» атты аудандық мерекелік жиын өтті. Салтанатты шара Б.Мұқай атындағы аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылып, оған мектеп басшылары, мекеме жетекшілері, ауылдық округ әкімдері мен ұстаздар қауымы қатысты.
Мерекелік кеш «Ұстазыма» әнімен ашылып, сахнаға шыққан оқушылар аяулы ұстаздарға өздерінің жүрекжарды лебізін ән арқылы жеткізді. Шара барысында ұстаз еңбегінің қадір-қасиеті туралы тағылымды өлеңдер оқылып, ұстаздық мамандықтың қоғамдағы орны кеңінен дәріптелді.
Жиында сөз алған аудан әкімі Дастан Құдабаев білім саласында еңбек етіп жүрген ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегіне жоғары баға берді. Сонымен қатар бірқатар білім саласының қызметкерлеріне түрлі деңгейдегі марапаттар табысталды.
Атап айтқанда, Майгүл Бекейқызына Қазақстан Республикасының Президенті атынан «Құрмет» ордені, Сағыбекова Гүлжан Оразғалиқызына Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісі берілді. Сондай-ақ білім саласындағы жемісті еңбегі үшін Тағаева Алмагүл Жанәділқызы министрліктің Құрмет грамотасымен марапатталды. Әмреева Райкүл Оспанқызы мен Адилбекова Ғалия Рамазановнаға Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаттары табысталды.
Мерекелік жиында облыстық деңгейдегі марапаттарға да ерекше мән берілді. Даутова Айжан Уразхановна Алматы облысының Құрмет грамотасына ие болса, «Үздік балабақша – 2026» байқауында жүлделі І орын алған «Балдәурен» шағын орталығының аға тәрбиешісі Медеубай Салтанат Нұрқанатқызы І дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал Үскенбаева Гүлмира Қанатқызы «Мектепке дейінгі ұйымның жыл әдіскері» байқауында ІІ орын иеленгені үшін марапатталды. «Үздік ауыл мектебі – 2026» байқауының ІІІ орын иегері атанған Қайнар орта мектеп-лицейінің де еңбегі атап өтілді.
Сонымен қатар аудан әкімі Дастан Құдабаевтың Алғыс хаттары табысталып, білім саласының бірқатар қызметкері аудан әкімдігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл – ұстаз еңбегіне көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі.
Мерекелік шарада білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы тарапынан да бірқатар ұстазға марапаттар табысталды. Мергенбаева Мөлдір Советбекқызы салалық кәсіподақтың төсбелгісімен марапатталса, Алимбекова Маржан Оқасқызы, Аманкулова Жанар Абдрайымқызы, Манкеева Майнур Ерасылқызы, Тайжанбетова Бағила Бижанқызы түрлі Құрмет грамоталарына ие болды.
Жиын барысында жас ұстаздардың атынан Хасенов Мұхаметқали Қожанбердіұлы сөз сөйлеп, ұстаздық жолдың жауапкершілігі мен абыройы жайында ой бөлісті.
Мерекелік кештің мазмұнын концерттік бағдарлама одан әрі аша түсті. Ұстаз бен шәкірт арасындағы байланысты арқау еткен әндер шырқалып, қазақ билері орындалды. «Ұстаз бен шәкірт», «Ұстазым менің, ұстазым», «Ұстаздарға тағзым», «Мектебім», «Ұстазым» сынды әндер шырқалып, өнерпаздар ұстаздарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әсіресе жас ұстаздардың орындауындағы хор көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кеш соңында ұстаздарға ізгі тілектер айтылып, олардың ұрпақ тәрбиесі жолындағы еңбегіне алғыс білдірілді.
Ұстаз – ұлт болашағын қалыптастыратын ұлы мамандық иесі. Оның тақта алдында өткізген әрбір сабағы, шәкіртіне айтқан әрбір ақылы мен берген тәрбиесі – келешекке салынған инвестиция. Сондықтан ұстазға көрсетілген құрмет – білімге, болашаққа көрсетілген құрмет.
Ақерке БИЖАН,

