“Кейбіреулер ішсем, жесем деп дүниеге келеді, ал кейбіреулер көрсем, білсем деп келеді”. Бұл хәкім Абайдың даналығы. Ішсем, жесем деп дүниеге келетіндердің жайы белгілі. Ал көрсем, білсем, өзім өмір сүретін ортаға титтей септігімді тигізсем, жалпы адам игілігіне тірлік қылсам деушілердің жөні бөлек, жаратылысы ерек. Мұндай сипаттағы тұлғалардың аспантаулар өлкесінде де біразы бар. Райымбек ауданының мәдениет саласына өзіндік үлесін қосқан абыройлы азамат- Атагелдиев Бақытжан мырзаның еңбегін елеулі, ғибратты ғұмырын көпке үлгі.
Киелі Райымбек баба мекені топырағында дүниеге келіп, осы өлкенің мәдени дамуына сүбелі үслес қосып, талай аудан жастарына сахна өнерін үйреткен Атагелдиев Бақытжан Жұмаділұлы 1954 жылы 31 наурызда қасиетті Қарасаз ауылында дүниеге келген. Балалық шағының басым бөлігі Қаратоған ауылында өткен, орта мектепті 1971 Жамбыл ауылында аяқтаған. Өнегелі азаматтың мектеп қабырғасында бірге оқыған сыныптастары да, бүгінгі күні есімдері елге құрметпен танылған, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Қаптағаев, ақын Бақыт Бұқарбеков, орман шаруашылығында екпінді еңбек еткен Абдрахманов Нұрлан сынды азаматтар. Бақытжан Жұмаділұлы алғашқы еңбек жолын Нарынқол ауылындағы Ақбұлақ мәдениет үйінде көркемдік жетекші қызметімен бастаған. Бұл кезде мәдениет үйінің директоры Қасымов Марат есімді азамат болған және Имашев Арын есімді музыкант жігіт болды деп еске алады Бақыт атамыз. Осы кісілермен бірлесе отырып, ауданның мәдениет саласында бірқатар шаруалар атқарған. Көркемдік жетекшіліктен соң, режиссер Жанұзақ Қырманшиевтың шақыртуымен халық театрында екпінді еңбегін бастады. Бойда қабілет, ойда ұмтылыс барда неге театр сахнасында өзін сынап көрмеске. Театр сахнасында жаңа қырлары көрініс тауып, көптің көңілінен шығып, театр сүйер қауымның көзайымына айналғандығы естелік ретінде жиі айтылады. Осылайша, шығармашылық қабілеттерінің және оқу мен ізденіске деген қайтпас құштарлығының арқасында 1972 жылы М. Әуезов атындағы академиялық Қазақ драма театры жанындағы театр студиясында оқуға түседі. Бақытжан Жұмаділұлы театр студиясындағы оқу барысында студия директоры Әзірбайжан Мәмбетовтың тәлім-тәрбиесін көріп, Қазақстанның халық әртістері Райымбек Сейтіметов, Сәбит Оразбаев сынды дарынды тұлғалар сабақ берген. Сахнада өлең оқу өнерін үйреткен Әнуар Молдабеков сынды шебер актердан сабақ алғанын әрқашан мақтан тұтады.
Жағымды қоңыр дауысымен ерекшеленетін Бақыт Жұмаділұлы 1973-1975 жылдары Қазақ радиосында дикторлық қызмет атқарады. Ол шақта Ел көлемінде дикторлар саны 50-ге жуық қана. Ал радионың ақпарат таратудағы белсенділігі тым жоғары, әр үйде бір-бір радио сайрап тұратын кез еді бұл. Радио тек ақпарат тарату құралы емес еді, Бақытжан атамыз радиоға түрлі сипаттағы көмек сұрау хаттары келетінін де еске алды. Иә, бұл уақыттарда дикторлық сирек әрі мерейі тым үстем мамандық еді. Таңғы сағат 6 дан, түнгі сағат 3 ке дейін тынымсыз ақпарат тарататын. Дикторлық қызметтен соң, 1979 жылға дейін халық театрында жұмыс істеп, отбасы жағдайына, байланысты 1986 жылға дейін Сарыбастау ауылының мәдениет үйінде директор лауазымында болған. Дегенмен, театрдан қайта шақырту алады, ұсыныс тастаушы Рауан Әріпов мырза. Айтылған сөзді екі етпей, театр атты шығармашылық шаңырағына қайта аяқ басты. 1990 жылы театрды қайта өткізіп алды. Кейіннен, 1995 жылға дейін, Қайнар ауылының мәдениет үйінде басшылық қызметте болды.
Бақытжан атамыздың театр сахнасындағы жетістіктері бірталай. Мұқағали Мақатаев туралы алғаш жазған драматург Оразбек Бодықовтың “Мұқағали Мақатаевтың соңғы әні” және “Жаназабы” атты пьессаларын жазды. “Жан азабы”пьесасын алғаш Жамбыл облыстық драма театры сахналап, басты рөлді Қуандық Қасымов сомдаса, екінші мәрте аталған пьессаны сахналап, Мұқағали рөлін сомдау халық театрында республикалық байқауда Бақытжан мырзаға бұйырыпты. Байқау аяқталған соң, қорытындыны күткен Бақытжанмырзаны әділқазылар алқасының төрағасы Қадыр Жетпісбаев шақырып, пьесаны ақынның жары Лашын Әзімжанова мен ақын Фариза Оңғарсынова үшін қайта сахналау қажеттігін айтты. Сөйтіп, қайта сахналанып, жоғары бағасын алыпты. Бұл өз кезегінде аса маңызды тарихи оқиға еді, спектакль жайлы журналист Әнуар Тарақов “Лениншіл жас”газетіне мақала да жариялаған. Бұл Бақытжан атамыздың Мұқағали ақынның қамқорлығын көп көрген адам ретінде оның 60 жылдығына сіңірген еңбегі деп білген жөн. Сонымен қатар, ақынның 90 жылдық мерейтойында конференцияға қатысып, өлеңдерін оқыған.
Жоғарыда, Бақытжан Жұмаділұлының Театр студиясына оқуға түскенін айттық. Атамыз өз сөзінде студияға оқуға түсе салысымен, ақиық ақын Мұқағалиға хабарласып сүйінші сұрағанын айтты. Мұзбалақ Мұқағалидың есімін ести сала, ақынмен таныстықтары жайлы кеңінен әңгімелеп беруін сұраған едім, Бақыт мырза біраз естеліктерге тоқталды.
“Мен Қарасаздың тумасы болғандықтан, Мұқағали ақынды бұрын да көрген болармын, бірақ бала болғандықтан, ол шақтар есімде еміс-еміс. 1969 жылы сырқаттанып, әкем Алматы қаласына ауруханаға апарды. Ота жасау қажет болған соң, ауруханаға жатуыма тура келді. Әкем қызметтегі адам, қасымда ұзақ бола алмай, менің жайымды уайымдап еді, Мұқағали аға онда “Жұлдыз” журналында қызметте еді, жұмысы сағат 12 де басталады екен, сонымен, 12 ге дейін өзінің бос уақыты бар екенін, маған бас-көз болатынын айтып, әкемнің көңілін жай етті. Ота сәтті өтіп шыққан соң, ауылға салып жіберген де осы кісі.” Бақытжан мырзаның әкесі Жұмәділ мырзаның Қарасаздың тумасы екенін ескерсек, Мұқағали Мақатаевпен таныс болмауы мүмкін бе?!
Бақытжан Атагелдиев, кейін, алып шаһар Алматыға оқуға келгенде де, Мұқағали Мақатаевтың үйінде тұрып оқыған. Ол кезде қалада туыстар жағы тапшы еді. Мұқағали ақын бұл кезде Интернациональный көшесінде тұратын. Мұқағали Мақатаев Жұмәділ мырзаның құрдасы, сыныптасы болған. Сонымен қатар, анасы Сағатхан әжеміз ақынға құдаша болып келетін туыстық қарым-қатынастары тағы бар.
Бақытжан мырза ақын жайындағы естеліктері арасында:”Мұқағали аға маған, оқу барысында, жұмыс барысында барлығыңа өзіңнің адал еңбек, маңдай теріңмен жетуің қажет деп, бұйырған дүниені тәлейіңе қарай көресің, ал мен сен үшін жалтырап ешкімнің алдына бармаймын, тіпті өзімнің ұлым үшін де ешкімнің алдына бармағанмын, деп ескертті.”-деп, ақынның жағымпаздықты жаны сүймейтін қасиетін еске алды. Дегенмен, “балық берме, қармақ бер”демекші, Бақытжан мырза Мұқағали ақынның арқасында біршама танымал тұлғалармен істес болғанын айтып, әркез ризашылығын білдіреді. Ақын артынан ерген інісі үшін ешкімнің алдына барып, атақ пен қызмет сұрамаса да, жас жігіттің ниеті мен қабілетіне сеніп, бірқатар талантты тумалармен таныстырған екен.
Бақытжан Атагелдиев 1976 жылы Рысбекова Айшагүл Тойлыбайқызымен отбасын құрады. Жары Айшагүл ханым да шығармашылықтың адамы. Бердібек Соқпақбаевпен туыстықтары бар, Қостөбе ауылында туған. Руы-Беснайза. Театрда қызмет істеген. Аманжол Шамкеновтың “Адасқан қаз” пьесасында басты рөлде Шәрбанды ойнаған. 1978 жылы Бердібек Соқпақбаевтың “Өлгендер қайтып келмейді” пьесасын сахналап, Айшагүл ханым Еркіннің жеңгесі Мақпалды ойнаса, Бақытжан мырза Қыбырай шалдың рөлін алып шықты. Бұл пьесаны кейін Қаскелеңде көрсетуді жоспарлап, Бердібек Соқпақбаевты арнайы шақырады. Бердібек жазушы өзімен Тахауи Ахтанов, Сафуан Шаймерденов, Баққожа Мұқайды ерте барады. Спектакль Әдебиет алыптарының көңілдерінен шықты.
Осылайша, өнер жолында жолдары тоғысқан жандар, дүниеге 3 ұл, екі қыз әкеліп, тәлімді тәрбие берген. Бүгінде ұл-қыздары өмірден өз орнын тапқан жандар. Айшагүл ханым кейіннен ұстаздық қызметке ауысып, 1980 жылдан 2010 жылға дейін мұғалім болған. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардақты жандар.
Бақытжан Жұмәділұлының ауданымыздың мәдениет тарихындағы елеулі еңбегі бағалуға тұрарлық. Өз уақытында туған жердің мәдени өркендеуіне үлес қосып, бүгінде санжылдық еңбегінің жемісін жеп, зейнеткерлік демалыста. Дарынды тұлғаның ғибратты ғұмырын көпке үлгі етуді мақсат етіп, біршама әңгіме қозғадық. “Жақсымен өткен жарты сағатың жаманның өтіп кеткен өміріндей”, демекші, осынау жарқын сәттерден қалған естеліктермен бөлісіп, Бақытжан атамызбен сырласу, біздер үшін де бақыттың бір белгісіндей…
Ақерке БИЖАН,
Райымбек ауданы

