30 тамыз – халқымыз үшін аса маңызды оын алатын тарихи күн. Себебі, осы күні бүкілхалықтық референдумда тәуелсіздігімізді, мемлекеттігімізді айғақтайтын басты құжат, тұғырлы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Сонымен қатар, Қ.Р.Конституциясы үшін басты байлық-адам және оның өмірі болып бекітілді. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алысымен халықтың біртұтастығы мен тыныштығын қамтамасыз ететін конституциялық заңдарды дайындады. Бұл заң Қазақстан тарихындағы жаңа парағын ашты. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, мүдделері мен міндеттері, құқықтары көрсетіледі. Ендеше, сан жылдар бойы қалыптасып, жалпыға ортақ міндетті қамтыған ең жоғарғы күші бар Ата Заңымыз өмір талабына сай жасақталды. Ендеше, Конституция еліміздің жарқын болашағы үшін ұзақ жылдар жемісті қызмет ететіні сөзсіз.
Бүгінде Республикамыздың қол жеткен табыстарына бүкіл Орта Азия мемлекеттері қызыға да қызғана да қарауда. Өркениетті елдердің барлығы да Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағынан басқалардан көш ілгері екенін ашық мойындап отыр.
Конституция тек мемлекеттің ғана емес, қоғам өмірінің жол көрсетушісі – Ата Заңы болып табылады. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, қоғамдық бірлестіктерге, отбасына және тағы басқаларға қатысты барлық мәселе осы Ата заң аясында шешім табатынын ешқашан естен шығармауымыз керек.
Конституцияны бірауыздан қабылдай отырып, Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – өзінің егемендік құқығын іске асырды. Сөйтіп, біз Ата Заңда негізі қаланған құқықтық мемлекетті және азаматтық қоғамды қалыптастыру жолын таңдап алдық.
Мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін талқылау және шешу кезінде құқықтық санасы жоғары әрбір азамат Конституцияда көрсетілген жауапкершілікті жан-жақты сезінуі қажет. Қоғамның бүгіні мен болашағы үшін, жалпы алғанда, өз Ата Заңымызды құрметтеп, қорғап және маңыздылығын жоғалтпай сақтау біздің барлығымыздың, яғни Қазақстан Республикасындағы әрбір азаматтың міндеті мен парызы. Себебі, Конституция біздің бүгініміздің негізін қалай отырып, болашағамыздың айқын болуына бастайтын шамшырақ іспетті десек артық айтқандық бола қоймас.
Қазақстан Конституциясы заңдылықты ғана емес, сонымен қатар этикалық, әлеуметтік жағын да қамтитын, мемлекеттің негізгі құрылымдарын қалыптастырудағы халқымыздың бірлескен үлкен жетістігін білдіретін Республиканың бейресми символы болып табылады.
Конституциялық нормаларды іске асыру мен қадағалау біздің республика заңының дамуына бағытталады. Жергілікті өзін-өзі басқару реформасында сайлау заңдылығының енуі конституцияның дүниежүзілік қауымдастыққа кіруінің негізі ретінде танылады.
Еліміздің құқықтық мемлекетке айналуы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын ойдағыдай қорғау, бауырында жүздеген ұлт пен ұлысты топтастырған елімізде саяси тұрақтылықтың сақталуы – осы Конституцияның арқасы.
Ата заңымыздың келешекте еліміздің алдыңғы қатардағы мемлекет болуына, демократияның, тиімді экономикалық реформалардың қалыптасуына жағдай жасайтын басты нормативтік құжат болатыны анық. Бұған қол жеткізу үшін әрбір азамат Конституцияда көрсетілген өз құқықтары мен міндеттерін терең түсініп, сақтауы қажет.
Конституцияның қабылдануы – елдің дұрыс бағыт алуының алғышарты. Басқаша болуы да мүмкін емес.
Егер бір елдің адамдары Ата заң сынды бір заңнамаға бағынбаса, онда елдің шырқы бұзылып, халқынан береке кетеді, мемлекеттің тұтастығына сызат түседі. Сондықтан, бұның алдын алып, әр азаматтың бойына патриоттық рух берейік!
Алматы облысы “Тіл” оқу-әдістемелік орталығының
Райымбек аудандық филиалының оқытушысы