ДомойЖаңалықтар | НовостиСПОРТ – ОТАН ҚОРҒАУШЫНЫҢ МІНЕЗІН ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ

СПОРТ – ОТАН ҚОРҒАУШЫНЫҢ МІНЕЗІН ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ

Іле ауданының Ашықбұлақ ауылдық округінде орналасқан ҚР Әуе қорғанысы күштерінің 78460 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметшілер әскери даярлықпен қатар спортпен де белсенді айналысып келеді.

Sarbaz+ жобасы аясында әскери бөлімде джиу-джитсудан тұрақты жаттығулар ұйымдастырылған. Спортпен жүйелі түрде айналысу жас сарбаздардың дене дайындығын жетілдіріп қана қоймай, тәртіптілік, төзімділік, жауапкершілік және табандылық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді.

Жүйелі жаттығулардың нәтижесінде Бакберген Сейіл мен Ернар Қызайбек джиу-джитсудан көк белбеуге ие болды. Қараша айында әскер қатарына шақырылған сарбаздар аптасына үш рет жаттығып, төрт ірі спорттық турнирге қатысып, жоғары нәтижелер көрсетті.

Осылайша, бүгінде 78460 әскери бөлімінде джиу-джитсудан көк белбеуге ие болған үш әскери қызметші бар. Олардың қатарында бұған дейін көк белбеу алған Алмас Өмірзақ та бар.

Жастардың спорттық дайындығын ұйымдастыруға «Alatau Zhastary» жастар ұйымының төрағасы, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Sagadat Batyr» спорт клубының негізін қалаушы, қара белбеу иегері Нұрсұлтан Орынбасаров қолдау көрсетіп келеді. Ол әскери қызметшілерді арнайы кимоно киімдерімен қамтамасыз етіп, тұрақты түрде шеберлік сабақтарын өткізеді.

Сарбаздарға джиу-джитсу өнерін «Sagadat Batyr» спорт клубының жаттықтырушысы Нариман Дәулбаев үйретеді. Тұрақты жаттығулар барысында әскери қызметшілер техникалық шеберліктерін шыңдап, дене дайындығын арттырып, өзіне деген сенімділігін нығайтуда.

Әскери бөлім командирі Азиз Бараковтың жастардың спортпен айналысуына қажетті жағдай жасауға бағытталған қолдауы да маңызды.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастарды тәртіпке, жауапкершілікке және Отан алдындағы борышын абыроймен орындауға тәрбиелеу – маңызды міндеттердің бірі. Ал спорт осы қасиеттерді қалыптастырудың тиімді құралдарының бірі.

78460 әскери бөліміндегі бұл бастама әскери қызметтің тек Отан алдындағы борышты өтеу кезеңі ғана емес, сонымен қатар жас сарбаздың өзін-өзі дамытуына, шыңдалуына және жаңа жетістіктерге жетуіне мүмкіндік беретін маңызды өмір мектебі екенін көрсетеді.

Жаңалықтар