Мемлекеттік қызмет – халықтың сеніміне негізделген жауапты міндет. Мемлекеттік қызметкердің кәсіби білімі мен біліктілігі ғана емес, оның әдебі, мәдениеті, адаммен қарым-қатынасы да қоғам алдындағы беделін айқындайды. Себебі азамат мемлекеттік органның жұмысын көбіне сол мекемеде қызмет ететін мамандардың қарым-қатынасы арқылы бағалайды.
Мемлекеттік қызметкер ең алдымен халыққа қызмет етуші тұлға екенін сезінуі қажет. Азаматтардың өтініш-тілегіне мұқият қарау, олардың мәселесін тыңдай білу, түсіністік таныту және заң аясында нақты жауап беру – мемлекеттік қызмет әдебінің негізгі талаптарының бірі.
Қызметтік әдеп – тек сыпайы сөйлеу немесе сыртқы мәдениетті сақтау ғана емес. Ол адалдықты, жауапкершілікті, әділдікті, ашықтықты және кәсіби мінез-құлықты қамтиды. Мемлекеттік қызметші өз міндетін атқару барысында жеке мүддесін емес, мемлекет пен қоғамның мүддесін жоғары қоюы тиіс.
Әсіресе мемлекеттік қызметкердің сөзі мен ісінің үйлесімді болуы маңызды. Қарапайым азаматқа құрметпен қарау, әріптестерімен әдепті қарым-қатынас орнату, қызметтік өкілеттікті дұрыс пайдалану – мемлекеттік қызмет мәдениетінің ажырамас бөлігі. Бір ауыз орынсыз сөз немесе дөрекі қарым-қатынас азаматтың мемлекеттік органға деген көзқарасына әсер етуі мүмкін.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтің сапасына қойылатын талап артып келеді. Цифрландыру, ашықтық пен қоғамдық бақылау күшейген кезеңде мемлекеттік қызметкердің кәсіби мәдениеті де заман талабына сай болуы керек. Әрбір қызметші өзінің іс-әрекеті арқылы мемлекеттік қызметтің абыройын қалыптастыратынын түсінгені жөн.
Қызметтік әдеп нормаларын сақтау – тек тәртіп талабы емес, халықтың мемлекеттік билікке деген сенімін нығайтудың маңызды тетігі. Сенім бар жерде өзара түсіністік пен нәтижелі жұмыс қалыптасады.
Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметкер «Мен халыққа қалай қызмет етіп жүрмін?» деген сұрақты өзіне үнемі қойып отырғаны дұрыс. Өйткені мемлекеттік қызметкердің мәдениеті – мемлекеттік органның мәдениеті, ал оның халыққа деген құрметі – мемлекетке деген құрметтің көрінісі.
Мемлекеттік қызметтегі әдептілік пен адамгершілік құндылықтарды сақтау арқылы ғана халыққа жақын, ашық әрі тиімді мемлекеттік қызмет қалыптастыра аламыз.
Райымбек ауданы әкімінің аппарат басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл

