Алматы облысында Құрылтай депутаттарын сайлауға ардагер ұстаз, Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, аудандық аналар кеңесінің төрайымы, Райымбек ауданының Құрметті азаматы Балжан Омарова да қатысты.Аудандық аналар кеңесін басқаратын Балжан Омарова отбасы құндылықтарын нығайтуға, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған жұмыстарға белсене араласып келеді.*«Қазақ қоғамында отбасы – қашанда басты құндылықтардың бірі. Бала, ата-ана, ата-баба – бәрі бір-бірімен сабақтас. Біз салт-дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келеміз. Тарихымыздағы талай маңызды кезеңді ел болып, бірлігімізді сақтай отырып еңсердік. Қазір өзіміз де, балаларымыз да Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды кезеңдеміз. Жаңа Конституция қабылданды, енді Құрылтай депутаттарын сайлап жатырмыз. Сондықтан тарихи маңызы бар бұл оқиғаға әр азаматтың міндетті түрде қатысқаны жөн»*, – деді Балжан Омарова.Айта кетейік, бүгін Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Алматы облысында барлығы 683 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Өңірде миллионнан астам тұрғынның дауыс беруге құқығы бар.*Алматы облысының ӨКҚ*

