ДомойЖаңалықтар | НовостиАлматы облысында жаңа оқу жылында 384 мыңнан астам оқушы білім алады

Алматы облысында жаңа оқу жылында 384 мыңнан астам оқушы білім алады

2026–2027 оқу жылында Алматы облысындағы 502 жалпы білім беретін мектепте 384 786 оқушы білім алады. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 5 262 оқушыға көп. Сонымен қатар, жаңа оқу жылына дейін өңірде 4200 орындық бес «Келешек мектебі» пайдалануға беріледі.Бұл туралы Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Диана Онбырбаева өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.Оның айтуынша, өңірде биыл 452 мемлекеттік және 50 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Ал жаңа мектептердің іске қосылуы үш мектептегі үш ауысымды оқыту мәселесін шешіп, тағы екі мектептегі орын тапшылығын жоюға мүмкіндік береді.Жаңа оқу жылы қарсаңында өңірде дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы басталды. Акция әлеуметтік осал санаттағы балаларды қолдауға және олардың білім алуға тең мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. ⁃ Өткен жылы акция барысында 1 800 оқушы мектеп формасымен, 1 249 бала аяқ киіммен, 2 235 оқушы кеңсе тауарларымен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ 351 балаға жалпы 33,2 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілген, — деді спикер. Бұдан бөлек, акция аясында 191 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, 35 бейнесюжет әзірленді, 12 сұхбат пен дөңгелек үстел, 9 брифинг өткізілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында 283 материал жарияланып, алты қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды.Сонымен қатар, 1 тамыздан бастап әлеуметтік осал санаттағы мектеп оқушыларына жыл сайынғы материалдық көмек төлеу басталды. ⁃ «Жалпыға бірдей міндетті оқу» қоры аясында Алматы облысында 63 203 оқушыға қолдау көрсету үшін бюджеттен 3 млрд 214 млн теңге бөлінген. 2026 жылы бір оқушыға төленетін ең төменгі көмек мөлшері 50 851 теңгені құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары, — деді Диана Онбырбаева.Спикердің мәліметінше, 28 170 оқушыға жалпы 1 млрд 433 млн теңге көлемінде қаржылай көмек аударылған. Қалған қаражат тамыз айының соңына дейін толық төленеді.Материалдық қолдау жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған оқушыларға көрсетіледі.Білім басқармасының мәліметінше, аталған қолдау шараларының негізгі мақсаты – балаларды жаңа оқу жылына уақытылы дайындап, олардың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасау.

Жаңалықтар