

Еліміздің экологиялық ахуалына оң ықпал ету мақсатында, республика көлемінде белсенді жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы біздің ауданымызда да жалғасын табуда. Ағымдағы аптаның бейсенбі таңында аудан орталығы – Нарынқол ауылында кезекті бейсенбілік сенбілігі ұйымдастырылды. Сенбілікке қатысушылар аудан орталығының бірқатар нысандарын күл-қоқыстан тазалап, тазалық акциясына сүбелі үлестерін қосты.
Экологиялық шара барысында ауылдың орталық көшелері, қоғамдық орындар, мекеме аулалары мен жаяу жүргіншілер жолдары қоқыстан тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сенбілікке аудан әкімі Құдабаев Дастан Сұлтанмұратұлы бастаған мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, түрлі ұйым өкілдері және аудан тұрғындары белсенді қатысып, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.
Мұндай игі бастамалар қоршаған ортаны таза ұстау мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлығын арттыруға ықпал етеді. Әрбір азаматтың туған жерінің тазалығына жауапкершілікпен қарауы – экологиялық мәдениеттің маңызды көрінісі.
Таза ауыл – тұрғындарға жайлы орта қалыптастырудың, табиғатты аялаудың және келер ұрпаққа көрікті мекен қалдырудың басты кепілі. Сондықтан мұндай сенбіліктер алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.
“ХАНТӘҢІРІ”

