Жаңа оқу жылы қарсаңында Іле ауданында әлеуметтік қолдауды қажет ететін 12 900 оқушыға мектепке дайындалу үшін 50 851 теңгеден қаржылай көмек берілді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 655,9 млн теңге бөлінді.Қаржы ата-аналардың банк шоттарына тікелей аударылып, мектеп формасы, аяқ киім, сөмке, кеңсе тауарлары мен басқа да қажетті оқу құралдарын сатып алуға мүмкіндік жасалды.
Бұл туралы Іле ауданы әкімінің орынбасары Асқар Садықов айтып, «Мектепке жол» республикалық акциясының басты мақсаты – әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалардың жаңа оқу жылын еш кедергісіз бастап, сапалы білім алуына жағдай жасау екенін атап өтті.
– Жаңа оқу жылы – әр бала үшін жаңа мүмкіндік. Сол мүмкіндіктің қаржылық қиындықтарға тірелмеуі – біздің міндетіміз. Сондықтан мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаумен қатар, кәсіпкерлер мен демеушілерді де осы іске жұмылдырып келеміз. Баланың сапалы білім алуы – оның ғана емес, тұтас қоғамның болашағына салынған инвестиция, – деді Іле ауданы әкімінің орынбасары Асқар Садықов.
Биыл «Мектепке жол» акциясына жергілікті кәсіпкерлер де белсенді атсалысуда. Жоспар бойынша демеушілердің қолдауымен тағы мыңға жуық оқушы мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.Осылайша, мемлекеттік қолдау мен әлеуметтік серіктестіктің нәтижесінде мыңдаған оқушы жаңа оқу жылын қажетті оқу құралдарымен бастап, білімге сеніммен қадам басады.

