Домойhantengrigazeti.kz ақпаратЖастар – елдің жарқын болашағы

Жастар – елдің жарқын болашағы

Еліміздің болашағы – білімді, белсенді және отаншыл жастардың қолында. Осы бағытта Жамбыл ауылдық округінде жастар саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып, жас буынның жан-жақты дамуына үлес қосып келе жатқан жастармен жұмыс үздіксіз жүргізілуде.

Бүгінде Жамбыл ауылдық округінде жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және заңға құрметпен қарауға бағытталған «Заң мен тәртіп» жобасы тұрақты ұйымдастырылып келеді. Жоба аясында жастармен кездесулер, түсіндіру жұмыстары, құқық қорғау органдары мамандарымен ашық пікір алмасулар өткізіліп, заң талаптарын сақтау мен азаматтық жауапкершілікті арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында сенбіліктер, ағаш отырғызу акциялары, табиғатты қорғауға арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Бұл жұмыстар жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, қоғам алдындағы жауапкершілігін нығайтуға ықпал етуде.

Жастардың салауатты өмір салтын ұстануы да басты назарда. Ауыл жастары арасында футбол, волейбол, үстел теннисі және басқа да спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалуда. Спорттық шаралар жастардың достық қарым-қатынасын нығайтып қана қоймай, денсаулығын шыңдап, белсенді өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жамбыл ауылдық округінде жастармен жұмыс бес жылдан бері жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы уақыт ішінде көптеген игі бастамалар қолға алынып, жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, еріктілік қызметтің дамуына, патриоттық тәрбиенің нығаюына және жастар саясатының тиімді жүзеге асуына айтарлықтай үлес қосылды.

Алдағы уақытта да жастардың бастамаларын қолдау, олардың білім алып, еңбек етіп, қоғамның белсенді мүшесі ретінде қалыптасуына жағдай жасау – басты міндеттердің бірі болып қала береді. Себебі елдің ертеңі – бүгінгі жастардың қолында. Белсенді, білімді және жауапкершілігі жоғары жастар – мемлекетіміздің ең үлкен байлығы әрі жарқын болашағының кепілі.

Жамбыл ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы Серікұлы Елжас

Жаңалықтар