ЖЫР ЖАҚҰТТАРЫН МОНШАҚТАЙ ТІЗЕ БІЛГЕН СӨЗ ЗЕРГЕРІ

    Сөздің бағасын, салмағын жіті білетін, қалам қуатына бағынып, жыр жақұттарын моншақтай тізе білген сөз зергері Мұса Жәнәділов атамыз да бұл фәнимен қоштасып кете барды. Өзіңіз туралы өткен шақта жазудың өзі қандай қиын еді… Осыдан жиырма күн бұрын халіңізді сұрап барғанда, өткен өмірінің естеліктерін көп есіңізге алып, қимай қоштасып едіңіз. Терезеден қайта-қайта қол бұлғап қоштасып қалдыңыз, соңғы кездесу екенін кім білген…

         Үлкен демей, жас демей бауырына басып, бар мейірімімен қамқорлығына бөлеп тұратын Мұса атам енді жоқ, артында ұмытылмас еңбегі, асылдан да артық сөздері қалды. Біз – өлең атты ұлы таудың бір биігіне қона алған Мұса Жанәділұлының толағай теңіз жырларының ішінен қасықтап ішкен кейінгі буынның өкіліміз. Қуаныш-мұңды арқалаған  жыр жинақтарыңыз өлең сүйер қауым үшін таптырмас қазынаға айналды.  Жүректі жарып шыққан жырларыңызды оқыған сайын біз сияқты кейінгі буынға, әсіресе журналистиканы  серік еткен тілшілер қауымына бейнебір тау іспеттісіз.

         Отандық поэзияның ордасына қадам басқан сонау 1962 жылдары алғашқы шумақтарынан-ақ шығармашылық жолда ерекше мақсаты, көзқарасы бар екендігін аңғартыпты. Оған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың: «Дархан өміріміздің даңқын жыр етуге талаптанған бұл жастың өлеңдерінен біртүрлі жылылық сезінеміз. Кәдімгі қаламы төселіп қалған ақындардай-ақ өзінің ұтымды ой, жып-жылы сөздерімен қуантады бізді. «Қаракөл», «Атамекен», «Шатқалда» деген өлеңдерімен Мұса жыл сапарына еркін қадам басқаны абзал-ақ. Мұса жырлағалы отырған тақырыбын өзінің сезінуі арқылы өзінше ып-ықшамды ойлармен, теңеулермен жеткізе білуге ұмтылады. Жас талапкерге сәт сапар тілеймін»  (Мұқағали. «Советтік шекара» (қазіргі «Хантәңірі» газеті. 1962 жыл) деген оймақтай болса да орынды пікірі дәлел. Еліктеу, солықтау кезеңінен әлдеқашан өтіп кеткен, қаламгерлігі қалыптасқан ақын екендігін айтпай түсіндірген ой еді бұл.

Иә, Өлең атты ұлы таудың бір биігіне қона алған Мұса Жанәділовтің жыр шырағын  санама шамам жеткенше сіңіруге тырысып бақтым. Бұл ол кісінің толағай теңіз жырларының ішінен қасықтап алған бір парасы ғана. Атамның ирис кәмпиті мен аппақ күлшесін қолтығына қыса ара-тұра редакцияға бас сұғып, кем-кетігімізді түзеп кететіні және бар. Есімде, алғаш жұмысқа тұрғанда жас деп қарамай, келіп, танысып, жылы сөздерін арнаған еді. Сол сөзі арқылы маған артылған сенімнің екі есе ұлғайғанын сезініп едім. Сол күннен бастап мен Мұса атаны рухани атам ретінде меншіктеп алдым. «Қандай дүние жазсаң да бәрін жүрек сүзгісінен өткізуге дағдылан, алдымен ақпаратын жинап-теріп, артынан екі шоқып, бір қарап, көкірек көзінен өткізіп барып оқырманға жөнелт, оқырманды сыйла, шала дүние ұсынба!» бұл сөздердің барлығын Мұса ата әр кездескен сайын қайталап, миымызға құйып қойған тәрізді. Естен кетпейді. Артынан өшпес сөз қалдырған Мұса атамның алды кеніш, арты пейіш болсын. Жаныңыз жаннаттан болсын рухани ұстаз!

Айнаш ӘЛДИБЕК.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password