ЖЫР МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

       Қазақ халқының ұлт болып қалыптасу кезеңінде өнері мен мәдениеті қалыптасты. Ақындар айтысы, жыр, терме айту халықтың көп жиналып, ұйып тыңдайтын өнеріне айналды. Тарихымызда жыршылардың орны ерекше болған. Себебі бүкіл жыраулар поэзия болсын, эпостық жырлар болсын халық ауыз әдебиетінің барлық үлгісі осы жыршылар арқылы жеткен. Ал термешінің мақсаты – ұрпаққа терең тәрбие беру, терме арқылы ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпақтың бойына сіңіру.

       Ақындар мен жыршылардың мекені аталатын біздің ауданнан ұрпақ руханияты үшін облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, «Көдек Байшығанұлы атындағы жыршы, термешілер мектебі» ашылды. Бұл мектептің атын Көдек Байшығанұлы деп атаудың да өз себептері бар. К. Байшығанұлы Шәлкөде жайлауында дүниеге келген. Ақын, Қытайда тұратын қазақтар арасында азаттық идеясы насихатшыларының бірі. Тегі Албан руындағы Айт тармағының Сүйіндік атасынан шыққан. Әкесі Байшыған да, атасы Маралбай да ақын кісілер болған. Әулие ата өңіріне белгілі Сейділдә Тілекметқызы деген ақын әйелмен Көдектің әкесі Байшыған үш жыл айтысып, бірін-бірі жеңе алмапты деген дерек бар.

       Мектептің салтанатты ашылуына аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғалым Жусанбаев, Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Жыраулар сөзі – тарихтың көзі» кітабының авторы, профессор Әбіш Әділбек, Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасынан Төлеужан Нүсіпжанұлы, жыршы, жырау Әбдраймов Серік Айтбайұлы қатысты.

       Жыр мектебінің ашылу салтанатын жерлесіміз жыршы, жырау Серік Айтбайұлы өз арнауымен бастады. Өз кезегінде қонақтарға Текес өнер мектебінің және Қарасаз өнер мектебінің ұйымдастырған сурет көрмесімен аудандық кітапхананың ұйымдастырған «Өңірі – нұрлы, өмірі – сырлы, құт мекен» атты кітап көрмесі таныстырылды. Жиын қонақтары аудандық Баққожа Мұқай атындағы мәдениет үйінен ашылған жыршы, термешілер мектебінің лентасын қиды. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғ. Жусанбаев құттықтау сөз сөйлеп, жаңа ашылып отырған мектеп оқушыларына домбыралар сыйға тартты. Сахна төріне құттықтау сөз сөйлеу үшін Қазақстанның мәдениет қайраткері, профессор Әбіш Әділбек шақырылды. Аудан жұртшылығын атаулы қуаныштарымен құттықтап, жыршы, термешілер мектебінің ұрпаққа пайдалы тұстарын айтып өтті. Бұл ауданда Серік жыршы барда бұл өңірден жараулық өнер жоғалмайды деп зор сенімін білдірді. Сонымен қатар, жырау өнері мен жыршылықтың бар қыр-сыры жазылған «Жыраулар сөзі, тарихтың көзі» атты кітап пен жыр жинақ үнтаспаны сыйға тартты. Келесі сөз кезегін Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасынан келген Төлеужан Нүсіпжанұлы алды. Қазақ халқының жыр, термесі туралы ой қозғап және оның ұрпаққа тиер пайдасына тоқталды. Жаңа ашылған мектепке кітаптар сыйлап, алдағы уақытта осындай мектептер басқа аудандарда да ашылатынын жеткізді. Жерлесіміз Серік Айтбайұлы сахна төріне көтеріліп, жиналған жұртты жырмен сусындатты. Салтанатты жиынның соңы аудандық мәдениет үйінің арнайы дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password