ЖЫМ-ЖЫРТ СОҒЫС

       “О, құдірет, қырғын, бірақ жым-жырт өткен соғыс бар ма әлемде? Бар. Ол- Семей жерінде өткен ядролық майдан ”. Соғыс сипаты жым-жырт болғанымен, оның ауыр зардабы мен тартқызған қасіреті арада отыз жыл өтсе де күні бүгінге дейін халық жүрегінде ауыр із қалдырған. Оған дәлел, мүгедек жандар мен жаны суырылғандай күй кешкен Жер-ана келбеті.

        1949 жыл. Тамылжыған тамыз айының 27-ші жұлдызы. Таңғы сағат жеті шамасында жерімізде бұрын-соңды болмаған жойқын жарылыс орын алды. Бұл жау елінің жойқын шабуылы емес немесе кенеттен болған тосын жарылыс емес. Адам қолынан арнайы ұйымдастырылған ядролық қаруды сынау мақсатындағы жарылыс. 1946 жылдың жаз айында АҚШта атом полигонына адам баласы тұруға жарамсыз “Невада” деген шөл даланы таңдап, алғаш рет ядролық қару сынағын жүзеге асырған. Ал КСРО көлемінде ядролық сынақ полигоны ретінде және аса маңызды стратегиялық объект ретінде Семей қаласы Курчатов қалашығы таңдалды. Бір қызығы, Семей жеріндегі сынаққа лайықты деп таңдалған мекендер Невада секілді тақыр дала емес еді. Біршама тұрғын тіршілігі жайлаған, табиғаты көркем ауылдарды Мәскеу мырзаларының жарылыс ұйымдастыруға қиғаны Жер-ана кешірмейтін қателік.

       Бұрын-соңды мұндайдан бейхабар халықты “осының бәрі болашақ үшін!” деген жалған ұранға сендіріп, аймақтан алыстатылған тұрғындардан өзге 40 адамды “тәжірибе жасау” мақсатына пайдаланған ұйымдастырушылар әрекеті ашу тудырады.

       Заряд 30 метр биіктікте, бетон баған үстінде жарылған. Семей полигонында жалпы саны 456 ядролық сынақ жасалса, оның 116-сы ашық жер бетінде немесе әуеде жасалды. Бұл ядролық заряд қуаты Хиросимадағы атом бомбасы қуатынан 2,5 мың есе көп болды. Адамдарға тигізген әсері жөнінен өзге бомбалар бір төбе болса, сутегі бомбасы бір төбе. 1952 жылы 22 қазанда сыналған сутегі бомбасы тірі организмді жоюға бағытталған болып шықты. Оның термоядролық бомбадан ерекшелігі де осында. Жарылыстардың адам денсаулығы мен сынақ аймағына тигізер ауыр зардаптары туралы бас қатыруға ешкімнің зауқы болмады. Жойқын жарылыстың адам өміріне әсерінің болуы басынан белгілі еді. Алайда үкімет үшін басты мәселе бұл емес еді. Жүрісі ауырлап, денсаулығы кенеттен сыр берген адамдардың пайда болғанын байқаған үкіметтің жауабы: “бұл малдан жұққан бруцеллез ауруы” деген жалған жауап болды. Академик Сахаровтың есебіне сүйенсек, атом сәулесінен зардап шеккен адамдар саны миллионнан асып жығылған. Ядролық қарудың зияны көз алдында тұрса да, үкіметтің оны мойындар түрі болмады. Тіптен осы залалдар туралы ізденіп, экологиялық апат картасын іздегені үшін облыс басшысы қызметінен кетті. Жарылыстан адамдарға ұсынар сақтық шара нұсқаларының болмауы да мүмкін емес. Тек сол мүмкіндіктермен таныстырып, халыққа ұсынатын басшылардың болмағаны өкінішті. Осылайша бұғып келген ішкі наразылықтар 1989 жылдың ақпан айында Семейдегі атом полигонын жабу үшін басталған күресте айқын көрініс тапты. Қозғалысты бастаған- белгілі қоғам қайраткері, ақын- Олжас Сүлейменов. Осы бастамамен тұңғыш рет КСРО Үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу-мораторий жасау туралы шешімге қол қойды. 1991 жылы 28 тамызда Қазақстан Президенті Н.Әбішұлы Семей полигонын жабу туралы жарлық шығарды. Осыдан соң, Ресей, АҚШ, Франция елдері де осы мораторийді жалғастырды.

        Елбасымыз бен О.Сүлейменовтың бұл әрекеттері ел үшін жасалған игі іс болды. Тәуелсіздікпен қатар келген бұл қуанышқа да биыл 30 жыл толып отыр. Арада отыз жыл өтсе де осы зұлматтың салған жан жарасы мен тән жарасының ұмытылмауы қынжылтады. Дегенмен, тарихтан сабақ ала отырып болашаққа нық қадам басу- басты мақсатымыз!

Ақерке БИЖАН,

«Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password