Жыл қорытындыланып, жаңа міндеттер белгіленді

        Қазақстан Республикасы Президентінің «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» 2016 жылғы 5 ақпандағы № 190 Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында есеп беру кездесулері жылдағы дәстүр бойынша биыл да Жаңа келген жылмен бірге жарқын басталды. Жақында ғана Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауына белсене қатысып, лайықты таңдауларын жасаған аудан тұрғындары осы аптаның беташар күнінен аудан әкімі мен ауыл әкімдерінің жылды қорытындылаған есеп беру жиынына зор ықылас танытуда. Әкімдердің баяндамаларына арқау болған ауылдың әлеуметтік жағдайы мен мәдениеті, халықтың тұрмыс-тіршілігі, ауылшаруашылығындағы жеткен жетістіктер мен орын алған кемшіліктер, білім, денсаулық саласындағы атқарылған жұмыстар, жастар тәрбиесі жайлы мәселелерге өз ой-пікірлері мен ұсыныстары арқылы үн қосуда.

Сүмбе

       Ел алдындағы есеп беру кездесу жиыны ағымдағы аптаның беташары саналатын дүйсенбі күні Сүмбе ауылдық округінен бастау алды. Маңызы зор жиынға ауыл тұрғындары, осы ауылдағы мекеме,ұйым, білім саласы қызметкерлері, аудандық деңгейдегі құзырлы орындардың өкілдері қатысты. Есеп беру жиынын аудандық мәслихат хатшысы Ерлан Құдабаев ашып, жүргізіп отырды.

        Алғаш сөз тізгінін ұстаған ауыл әкімі Елжан Бестібаев ауылдық округте өткен тышқан жылында атқарылған жұмыстарды жіпке тізіп, жиналғандардың назарына ұсынды.

        Сүмбе ауылдық округіне қарайтын Сүмбе, Қызылшекара ауылдарында қазіргі таңда 5239 тұрғын, 766 түтін бар. Негізгі күнкөріс көзі-ауылшаруашылығы. Ауылдық округтің жалпы жер көлемі 41025 га. Оның ішінде егістік 7100 га. жайылымдық 15038 га. шабындық 933, көпжылдық шөп 2968 га. Осы ауылшаруашылық жерлерді округтегі 318 шаруа қожалығы өз мақсаттарына пайдалануда. 2020 жылы егістік, шабындық алқаптарынан жоспардағыдай өнім жинауға қол жеткізілді. Мал азығының да берік қоры жасалды. Таулы өңірдің дарқан дақылы картоп та жоспарда көрсетілгендей түсім берді. Кәсіпкерлікті дамыта жүргізуге де айрықша ден қойылды. Жалғыз басты, күн көрісі төмен отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсету де орынды жүзеге асырылуда. Денсаулық, білім, мәдениет салаларында нәрлі нәтижелер жоқ емес. Бұдан басқа да іс-шаралар тиісті шешімін табуда.

       Осылайша сөз сабақтаған ауыл әкімі орын алған кемшіліктерді де атап өтті. Округте шешімін күткен басқа да өзекті мәселелерге тоқталды. Ауыл әкімінен кейін мінберге көтерілген аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғалым Жусанбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен әр сала бойынша жеткен жетістіктерге жан-жақты тоқталды.

       Жиында сөз алған Сүмбе ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Талғат Есентаевтың көтерген мәселесі ауыл айналасындағы жайылымдық жерлердің тарлығы төңірегінде өрбіді. Шекаралы округ болғандықтан бір кездері жайылымдық жердің бәрі инсектордың қарамағына өтіп кеткен. Сонау ауылшаруашылығы дәурен құрып тұрған шақта білінбеген бұл керағарлық, бүгін әркім өз шаруасын күйттейтін заман туғанда мал жайылымына кесе көлденең болуда.

       Ақсақалдар алқасының төрағасы, сонымен қатар мектептегі білімнің бүгінгі таңдағы ахуалы мен жастар тәрбиесіне де көпшіліктің көңілін аударды. Келесі кезекте сөз алған Қызылшекара ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Тұрсын Нүсіпов те ауылшаруашылығы жерін пайдаланудың жай-жапсарын тілге тиек жасады. Бір кезде үлеске бөлінген алқаптардың кейбіреуі иелері басқа жаққа қоныс аударып кеткендіктен бос жатқаны, жайшылықта көзге түспейтін жер иелерінің шөп шабыс кезінде пайда болып, шапқан шөптерін сауданың көзіне айналдыратынын айтты. Солардың жері қайтарып алынып, жері жоқтарға берілсін деген ойын жеткізді.

ЖАМБЫЛ

        Тұрғындар алдындағы аудан, ауыл әкімдерінің кезекті есеп беру жиыны Жамбыл ауылдық округінде жалғасын тапты. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аталған ауылдық округтің әкімі Роман Қойлыбаев 2020 жылғы ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша әзірлеген баяндамасымен таныстырды. Өз кезегінде аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғалым Жусанбаев 2020 жылы ауданда атқарылған жұмыстардың қорытындысы және алға қойылған мақсаттар бойынша есепті баяндамасын халыққа ұсынды.

        Жиын барысында, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері жер мәселесі мен су мәселесі бойынша айтылды. Тұрғындардың айтуынша ауылдың жанынан ағып өтетін Байынқол өзенінің арнасы жыл өткен сайын ауылға жақындап, су тасыған кезде ауыл шетінде орналасқан үйлерге қауіп төндіретін көрінеді. Суармалы жерлерге су шығару үшін де қиындықтар туындайды екен. Сонымен қатар, медицина саласына, білім саласына, ауыл әкімінің жылдық баяндамасына тұрғындар тарапынан сын айтылды. Орынды айтылған ұсыныс — пікірлер жазылып алынды, қойылған сұрақтарға жауап берілді. Есеп беру кездесуінен кейін аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғ.Жусанбаев және бөлім басшылары ауыл тұрғындарына жеке қабылдау өткізді. Бас қосу барысында айтылған күрделі мәселелер талқыланып алдағы уақытта оң шешімін табатындығы айтылды.

ТЕГІСТІК

       Жылдық есеп беру жоспары бойынша Тегістік ауылдық округінде бас қосу өткізілді. Тегістік ауылдық округінің әкімі Бауыржан Себдайров 2020 жылдағы ауылдық округ бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап берді. Өз кезегінде 2020 жылы аудан бойынша атқарылған жұмыстармен таныстыру үшін мінбеге аудан әкімінің орынбасары Самат Сатылғанов көтерілді. Өткен жылдағы атқарылған игі істерді баяндап, осы жылға жоспарланып тұрған ауқымды жұмыстармен таныстырды.

       Сөзге жазылып, өз пікірін ортаға салу үшін ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Мұрат Талдыбаев сөз кезегін алды. Ақсақал өз сөзінде ауылдан жаңа салынған медпункте мамандардың жетіспейтіндігін, жедел жәрдем көлігі жоқтығын тілге тиек етті. Ауыл тұрғындарының көпшілігі мал шаруашылығымен айналысатын болғандықтан жайылымдық жердің аздығын сөз етті. Аталған ауылдың тұрғыны, ақсақалдар алқасының мүшесі Мэльс Рахимов ауылда мәдениет үйінің жоқтығын баса айтты. Бұрынғыдан қарағанда ауылға көп адамдар көшіп келген. Сатылатын үйлердің барлығы өз иесін тауып, қазіргі кезде ауылда бос үй жоқ деседі тұрғындар. Халық саны артқан сайын мал басы да көбейіп келеді. Жалпы ауылдың жағдайы жаман емес.

        Жиын соңында жеке қабылдауға келген тұрғындардың мәселелерін әр сала мамандары шешіп беріп отырды. Сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салған ауыл адамдары екі әкімнің де есептік баяндамасына қанағаттанарлық деген баға берді.

ҚАҚПАҚ

        Екі елді мекені бар, округ бойынша 590 отбасы, 2726 халқы бар Қақпақ ауылдық округінің тұрғындары алдында әкімдер есеп берді. Есепті баяндама жиналасына аудан әкімінің орынбасарлары Ғалым Жусанбаев, Самат Сатылғанов, аудан прокуроры Шәміл Құтелов, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерлан Құдабаев, бөлім басшылары, БАҚ өкілдері, ауыл тұрғындары қатысты. Күн тәртібі бойынша бірінші ауыл әкімі Жұмаш Әлімқожаев, екінші аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғалым Жусанбаев ел алдында есеп берді.

       Райымбек ауданының Құрметті азаматы, зейнеткер Абай Садыров ауылда полиция қызметкері, мәдениет үйі, кітапхана жоқтығын әңгімесіне өзек жасады. Сонымен қатар, АӘД пәнінің мұғалімі Әбділда Аташев жер мәселесі бойынша сөз сөйледі. Соның ішінде Қақпақ ауылына қарасты жайылымдық жерлердің азайып кетуінің салдарынан ауылда мал бағу жағы қиындап кеткенін қарақат егеміз деп алынған жерлер т.б. қоршалып алынған жерлерді халыққа қайтарып беру жолын қарастыруды сұрады. Ауыл тұрғындары тарапынан өңдеуші өнеркәсіп ашу, диірмен ашу, мал базарын ашу, ауылға спорт кешенін салу, ауыл әкімшілігі отырған ғимаратқа, Көкбел орта мектебіне жөндеу жұмыстарын жүргізсе деген т.б. ұсыныс-пікірлер айтылды. Жиынның соңында қорытынды сөзді аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғ.Жусанбаев алып, қойылған сұрақтарға жауап берді. Тұрғындар екі әкімнің де есепті баяндамасына қанағаттанарлық деген баға берді.

        Есеп беру, кездесу жиындары басқа да ауылдық округтерде жалғасады.

«Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password