Жыл қорытындыланып, жаңа міндеттер белгіленді

       Қазақстан Республикасы Президентінің «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» 2016 жылғы 5 ақпандағы № 190 Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында есеп беру кездесулері жылдағы дәстүр бойынша биыл да Жаңа келген жылмен бірге жарқын басталды. Жақында ғана Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауына белсене қатысып, лайықты таңдауларын жасаған аудан тұрғындары осы аптаның беташар күнінен аудан әкімі мен ауыл әкімдерінің жылды қорытындылаған есеп беру жиынына зор ықылас танытуда. Әкімдердің баяндамаларына арқау болған ауылдың әлеуметтік жағдайы мен мәдениеті, халықтың тұрмыс-тіршілігі, ауылшаруашылығындағы жеткен жетістіктер мен орын алған кемшіліктер, білім, денсаулық саласындағы атқарылған жұмыстар, жастар тәрбиесі жайлы мәселелерге өз ой-пікірлері мен ұсыныстары арқылы үн қосуда.

ҚАЙНАР

       Әкімдердің ел алдындағы есеп беру жиындары жалғасуда. Кезекті тұрғындар алдындағы есепті жиын Қайнар ауылдық округінде өтті. Жиынды аудандық мәслихаттың хатшысы Ерлан Құдабаев ашып, жүргізіп отырды. Жиынға қатысушылар алғаш Қайнар ауылдық округінің әкімі Н. Садвакасовтың, содан соң аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғ. Жусанбаевтың жылдық баяндамасын мұқият тыңдады. Алдағы жоспарлармен танысты. Жиынға қатысушылардың ішінен сөз алған Қайнар орта мектебінің директоры Рая Утапова ауданда және ауылда атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірді. Аталған ауылдық округте бала саны жылдан жылға артып келеді. Осыған орай, ауылдағы бос тұрған балабақша ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, сол жерден үлкен балабақша ашылса нұр үстіне нұр болар еді деген ұсынысын жеткізді. Ел алдында есеп берген екі әкімнің баяндамасына қанағаттанарлық деген баға берді.

       Сөз тізгінін алған Қайнар ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Дабылбек Бейсебаев ауқымды атқарылып жатқан жұмыстарға халық атынан алғысын білдірді. Ақсақал өз сөзінде «ауылдағы «Жаңа жеміс» каналы жасалмай тұрғанда малдың қыстық шөбін басқа ауылдардан сатып алатынбыз. Енді биыл канал жасалып шабындық жерлеріміз су ішіп, біз басқа ауылдарға шөп саттық»,- деп қуанышын жасырмады.

       Қазіргі кезде ауылдың халқы мал шаруашылығымен айналысып отырғаны белгілі. Сондықтан ауданнан ет комбинаты ашылса, баққан малымызды арзан бағада делдалдарға бермей өзіміз сойып өткізсек еңбегіміз ақталар еді деген ойын жеткізді. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғ.Сәлімұлы жиынның соңынан азаматтарға жеке қабылдау өткізіп, шешімін таппай жүрген мәселелерді тыңдады. Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер назарға алынды. Алдағы уақытта сол бойынша жұмыстар атқарылатын болады.

САРЫЖАЗ

       Келесі ел алдындағы есеп күре жолдың бойында орналасқан, ауданымыздың кіре берісіндегі Сарыжаз ауылдық округінде жалғасты. Ауыл әкімі М.Азанбаев пен аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғ.Жусанбаев ауыл тұрғындарын жылдық баяндамаларымен таныстырды.

        Тұрғындар тарапынан суармалы жерлерге судың жетпеуі, сонымен қатар жер мәселесі сөз болды. Ауыл тұрғыны Ернат Мұратұлы ауылдағы жұмыссыздықты айтып, ауыл әкімінің жылдық баяндамасына азды-көп сыни пікірін білдірді. Осы ауылдан шыққан Республикаға танымал, ауыл зиялысы, орнитолог марқұм Досан Дуанқұловтың еңбегін сақтап қалсақ, ары қарай жалғасақ, дайын дүниені жоғалтып алмайық деген пікір айтып, осы жұмысты жандандыра түсу үшін аудан басшыларынан көмек сұрады. Жиын барысында көтерілген түйіткілді тағы бір мәселе тамыр теру. Ақшаға қызығып табиғаттың тас-талқанын шығарып жатқан тамыр тергіштерге тосқауыл қойылса деген талап-тілектерін айтты. Жалпы жиынға қатысқан тұрғындар екі әкімнің де жылдық баяндамасына қанағаттанарлық деген баға берді.

ТЕКЕС

       Тоғыз жолдың торабына орналасқан Текес, ЖаңаТекес сияқты ағалы-інілі екі ауыл осында шоғырланған аудандық дәрежелі мекеме, кәсіпорындардың көптігімен басқа елдімекендерден шоқтығы биік болып тұратын. Уақыт алға жылжып, заман талабы өзгерген, іргелі еңбек орындары жұмысын тоқтатқан шақта қазандай қайнап жататын іргелі ауыл да бұрынғы күйісінен жаңылып, біраз қиындықтың дәмін татқан. Байырғы тұрғындардың біршамасы жанбағыстың қамымен басқа жаққа қоныс аударып, бос қалған баспаналар мен егістік, шабындық алқаптары көлденең көк аттының еркін билеп-төстейтін ермегіне айналғаны да жасырын емес. Уақыт бәрін орнына қояды. Тәуба, қазір ауылдың тыныс-тіршілігі, тұрғындарының еңбекке деген ынта-ықыласы елдімекеннің қайта түлеп-түрленуіне айтарлықтай ықпалын тигізіп отырған жайы бар. Бір айта кетерлігі, жекешелендіру тұсында әркім үлес бөліскенде мынау маған тиесілі деп, ауылдың еңсесін көтерер ғимараттарды, аумағы атшаптырым қоймалар мен қызметтік кеңселерді талқандап тастаған жоқ. Алдағы күннің жақсы боларына көздері жетіп, бәрін көздің қарашығындай сақтады. Енді соның игілігін көруде. Тағы бір айтатын мәселе, биыл сәулеті мен салтанаты басқалардан бөлек орта мектеп өткен жылы күрделі жөндеуден өтсе, көшелердің негізгі деніне асфальт төселіп, ауыл қайта жасарып, жайнай түскен. Экономикалық, әлеуметтік тұрғыдағы қол жеткен жетістік, ауыл мәдениеті, сүттей ұйыған береке-бірлік, мәдениет пен тәлім-тәрбие, саф алтындай сақталған әдет-ғұрып ауыл ажарын айшықтай түсуде.

       Тұрғындар алдында есеп берген ауыл әкімі Нұрболат Таубалдиев ауылдың өткеніне талдау жасап, алдағы мақсат-міндеттерге жұртшылық назарын аударды. Жеткен жетістік, кеткен кемшілік ауыл басшысының сөзіне арқау, тіліне тиек болды.

       Ауыл әкімінің есепті баяндамасына зор ықылас танытқан көпшілік, келесі кезекте мінбеге көтерілген аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғалым Жусанбаевтың әр сөзін зейін қоя тыңдады. Өз алдына шаңырақ көтергеніне екі жылдан жаңа асқан ауданның бүгінгі жай-күйі, барлық саладағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысы, толайым табыстар, ауыл шаруашылығындағы көңіл көркейтер экономикалық көрсеткіш, аудан халқының әлеуметтік ахуалы, денсаулық, білім, мәдениет, күрделі құрылыс баяндамашының сөзінен қалыс қалған жоқ.

        Есепті баяндамаларға қанағат сезімін білдірген ауыл тұрғындары да өз ойларын ортаға салды. Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Сейфолла Қойбеков мал жайылымы, жайлаудың жайы, ауылды жарықтандыру мәселесі, ауылдағы мәдениет үйін ағымдағы жөндеуге қатысты, басқа да толғақты дүниелерді көпшілік назарына ұсынды. Осылардың жүзеге асырылуына аудан басшылары көңіл бөлсе деген пікірін жеткізді. Жаңа Текес ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Қапержан Әбдіғазиев ауыз су мәселесін, жайылымдық жердің жайын, жекешелендіру кезінде ауыл тұрғындары үлес бөлуден (пайыз) тыс қалғанын, соның салдарынан егін егіп, мал өсіруде керағарлықтар туындап келе жатқанын сөз етті. Жақсылық Байсеркеев, Ержан Аманбаев сияқты ауыл ақсақалдарының ауыл-елдің хал-ахуалына байланысты көтерген мәселелелері де өзектілігімен өріс тапты. Есепті кездесу жиынынан кейін аудан басшылары тұрғындарға жеке мәселелер бойынша қабылдау жасады. Қойған талап-тілек, ұсыныстарына назар аударды.

ҰЗАҚ

       Ұзақ батыр ауылдық округінің орталығы Сарыбастау ауылы да бір кездері экономикасы өрге домалап, архар-меринос аталатын ақтылы қойымен атағы республикаға мәшһұр болғанын ешкім әлі ұмыта қойған жоқ. Сол ақтылы қойдың жүні мен етінің өзі-ақ ауыл мәдениетін көтерудің қайнар көзіне айналған. Нәтижесінде басқа ауылдарда жоқ Мәдениет үйі, жаңа жобалы орта мектеп, монша, емхана, балабақша, колхоз кеңсесі, кірпіш зауыты, 1000 адамдық стадион, избест шығаратын орын осы жерде бой көтеріп, ауыл ғана емес, ауданның да қажетін өтегені белгілі. Осылардың бәрін ұтымды ұйымдастыра білген колхоз басшысы Нүсіпбек Әшімбаевтың еңбегі бүгінде ұрпақтарға үлгі-өнеге болып отырғаны анық.

       Ауыл тұрғындары келешекті кемелінен ойлаған Нүсіпбектей ардагер ағаларын әрдайым құрмет тұтады. Әруағына тағзым етіп, өнегесін өздеріне бағдаршам етіп ұстанады.

       Ауылдың Мәдениет үйінде өткен әкімдердің есепті жиынын аудандық мәслихат хатшысы Ерлан Құдабаев ашып жүргізіп отырды. Алғаш мінбеге көтерілген ауыл әкімі Шалхар Әлдибеков ауылдық округтің өткен жылдағы әлеуметтік- экономикалық жағдайы туралы мәнді де нәрлі баяндама жасады. Ауылдың барша тыныс-тіршілігі әкім сөзіне арқау болды. Жетістік пен кемшіліктер жіпке тізіліп, шешімін күткен өзекті мәселелер тілге тиек болды. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғалым Жусанбаевтың аудандағы өткен жылғы атқарылған жұмыстар жайлы есепті баяндамасы да тұрғындардың ықыласын тудырды. Есепті жиын барысында сөз алғандар да орынды ой, пікір, ұсыныстарын нақты дәлелдерге сүйене отырып жеткізді.

       Мінбеге көтерілген ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Мақсат Әшімбаев бір кездері алтынға бағаланған жібек жүн мен терінің бүгінде ешқайда өтпей, қадірі кетіп тұрғанын ашына отырып айтты.

       Ақтылы қойдың жүні мен терісін пайдаға жаратудың жолдарын іздестіру, мүмкіндік болса, бір кездері ауданның ақтылы қойының жүнін өңдеу үшін салынған Текес ауылындағы кәсіпорынды қайта жұмысқа қосуды жүзеге асыру туралы мәселе қойды. Сондай-ақ, «Байпақтың кезеңі» аталатын асудың жолын жөндеуді қолға алудың маңызды екенін, бүгінде бүтіндей бір адамның меншігі болып отырған «Қараой» өңірінен ауыл тұрғындарының егіспен айналысуы үшін жер алуына жағдай жасалса деген ойын жеткізді. Ал, Ержан Молдаханов интернет мәселесін сөз етті. Шаруа қожалығымен айналысуы үшін егістік, шабындық жер алуына көмек беруі жөнінде пікірін білдірді. Есепті жиынға қатысушылар, ауыл, аудан тұрғысында жасалған баяндамаларға қанағаттанарлық баға берді. Әдеттегісінше жиыннан кейін Ғалым Жусанбаев ауыл тұрғындарына жеке мәселелері бойынша қабылдау жасады.

ШАЛКӨДЕ

       Ынтымағы мен бірлігі жарасқан Шалкөде ауылдық округінде жылдық есеп беру жиыны өз мәнінде өткізілді. Баяндама жасаған ауыл әкімі Қ.Қуанышұлы мен аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғ.Сәлімұлына қанағаттанарлық деген баға берілді. Сөз тізгінін алып ортаға шыққан ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Нұрлан Әкімбайұлы аудан орталығында да ауылда да атқарылып жатқан жұмыстарға дән риза екенін жасырмады. Осы орайда облысымыздың әкімі А.Баталовқа үлкен алғысын арнады. Барлық жұмыстар бір күнде біте қоймайды, бірте-бірте барлығы болады деп ақсақалдығын көрсетті. Ауылдық округтің қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахымбек Қасымжанов ауылдан шикізатты өңдейтін орын ашу керек деген ұсынысын айтты. Ауылдан мәдениет үйі салынса, ауылдық амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізсе деген пікірімен бөлісті. Ауыл халқының негізгі тіршілік көзі мал шаруашылығы, бір де екелі егін салатындар бар. Аталған шаруашылықты игеру үшін бірінші кезекте жер қажет екені белгілі. Ал қазіргі кезде жерлер қоршалып, жайылымдық жер тарылып кеткен. Елдің көтерген негізгі мәселесі осы тұрғыда болды. Қорытынды сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ғ. Жусанбаев қойылған сұрақтарға жауап берді. Ұсыныс-пікірлерді назарға алып, алдағы уақытта осы мәселелер бойынша жұмыс жасайтындығын айтты.

ҚАРАСАЗ

       Жалпы 26348 га. жері бар Қарасаз ауылдық округінде ауыл әкімі мен аудан әкімінің жылдық ел алдындағы есептік кездесуі өткізілді. Жиынға ауыл тұрғындары, аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғ. Жусанбаев, заң өкілдері, бөлім басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Сөз кезегін алған Қарасаз ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Көшербай Қазыбаев негізгі үш мәселеге тоқталды. Бірінші осы аймақтан өрт сөндіруге арналған орын салынса деген ойын ортаға салды. Сонымен қатар, ауылдан ҰОС ардагерлеріне арналған саябақ ашылса жақсы болар еді деді. Үшінші мәселе, ауылдағы өнер мектебінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу. Келесі сөз кезегін алған зейнеткер ұстаз Нөкеев Әділжан атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, ауылда жер мәселесі қиындап тұғанын айтты. Жалпы тұрғындар бір ауыздан ауылда мал ұстау жылдан жылға қиындап бара жатқанын жасырмады. Оған себеп жайылымдық жердің тарлығы мен шабындық жерге су келмейтіндігі. Бұрынғы жайылымдық жердің көбісі қазіргі кезде қоршалып кеткен. Жерді қоршап алып не өзі пайдаланбай не өзгеге бермей отырған инвесторлармен келісімге келіп осы мәселені бір жақты етіп берсеңіздер деген өтініштерін білдірі.

       Азаматтарды жеке қабылдау кезінде де жер мәселесі көп көтерілді. Бұл мәселе бойынша жауапты бөлім басшылары өз жауаптарын беріп, тұрғындарға мәселенің мән жайын түсіндірді.

Нарынқол

        Аудан мен ауылдық округ әкімдерінің есеп беру кездесулері Нарынқол ауылында жалғасты. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғалым Жусанбаев пен Нарынқол ауылдық округінің әкімі Амангелді Шенебековтың өткен тышқан жылындағы атқарылған жұмыстар жайлы халыққа өз есептерін берді. Аудан орталығында есептік баяндама Б.Соқпақбаев атындағы орта мектепте әлеуметтік желі арқылы онлайн форматта ұйымдастырылды.

        2020 жылғы атқарылған жұмыстар мен алдағы уақыттағы жоспарланған міндеттер туралы округ әкімі А. Шенебеков ауыл тұрғындарына есепті баяндамасымен таныстырды. Ауыл әкімі «Асыл тау» ЖШС қолға алған аудан орталығындағы абаттандыру жұмыстары биыл толығымен аяқталады деп баса айтты. Тиісінше, өткен тышқан жылындағы аудан мәртебесін асқақтатып, жеткен жетістіктер мен еселі еңбектерді баяндады.

       Онлайн форматта өткен есепті кездесуге аудандық ауылшаруашылығы бөлімі, жер қатынастары бөлімі, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мен аудандық білім бөлімі басшылары мен аудандық прокуратураның өкілдері қатысты. Онлайн форматта өткізілген есепті кездесуде желі қолданушылары белсенділік танытып, тікелей эфирде қойған сұрақтарына мейлінше өз жауаптарын алды. Шекара шебіндегі ауылдың жер мәселесі мен оны жеке басқа рәсімдеуі туралы сұрақтар жиі қойылды. Сонымен қатар, ауыл тұрғыны А.Өмірәлиева көптің сұранымы бойынша телеком, пошта, халық банк, электр тарату мекемелері өз ауданымызда болса деген ниет-тілегін жеткізді.

       Қос бірдей әкімнің есепті баяндамасы мен тышқан жылындағы жеткен жетістіктерін ескере отырып, желі қолданушылары қанағаттанарлық деген бағаларын берді.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password