ЖУРНАЛИСТІҢ ЖАРҚЫН ЖОЛЫ
Аспантаулар өлкесінен шыққан, қасиетті сөз өнерін серік еткен ақын-жазушылар аз емес. Мұқағали мен Бердібектің, Еркін мен Баққожаның, Сағаттың жолын жалғаған ақын-қаламгер інілері баршылық. Солардың арасында Мұқағали Мақатаевқа туысқандық жағынан да жақындығы бар Тұрдиев Жұмабек Тәліпұлы бар. Бүгінде Пайғамбар жасына келген Жұмабек ағамыз Текес ауылының бір перзенті. Жетісу өлкесіне танымал талантты ақын, қаламы жүрдек журналист. Қастерлі мекен, қасиетті топырақ, өскен жердің шапағаты болар, бойына ақындық өнер дарыған. Әдеби кітаптармен тілдесіп, сырласып, мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ ойларын ақ қағазға түсіріп, жүрегін толғантқан дүниелерін жыр жолдарына кестелеуге ерекше ынтық болып өскен Жұмабек ағамыздың өлең өлкесінде өзіндік соқпағы бар.
Өмір жолына үңілер болсақ, көп дүниеге қаныға түсеміз. 1966 жылы алғашқы қоңырау соғылған тұста Текес орта мектебінің табалдырығын тосырқай аттаған бала алғашқы ұстазы Нұрымхан Жұмақожаеваның тәлім-тәрбиесіне бөленді. 1976 жылы аталған орта мектепті ойдағыдай бітіріп шықты. Сол кезде сынып жетекшісі болған Гүлжамал Қағазбековадай ұстазын ұмытқан емес. Ауданға қарасты қарапайым мекемеде жұмысшы болып еңбек жолын бастаған ағамыз бойына біткен еңбекқорлығы, зеректігі, біліктілігімен аудандық байланыс торабы мекемесінің Тегістік ауылына қарасты автоматты телефон станциясының электромонтеры болып жұмыс істеді. Дәл сол тұста әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын абыройлы өтеп қайтты. Әскер қатарында болып ойы мен бойы да өсіп, шыңдалып қайтқан азамат автоматты телефон станциясындағы жұмысын одан әрі жүргізді. Мектеп қабырғасында, одан кейінгі үлкен өмір жолында да ел мен жер туралы, жастық шақ туралы жазған ойлы, өрнекті өлеңдері көбінесе сол кездегі Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде үзбей жарияланып жүретін. Қай тақырып төңірегінде болсын, нәрлі де әрлі жырын жазатын Жұмабек ағамыздың туындылары облыстық «Жетісу» газетінде, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде, жастарға арналған «Жалын» журналында өзге де мерзімді басылымдарда жарық көре бастады. Өлең өлкесіндегі әр аттаған қадамы қуантқан, оқырманын жұбатқан ағамызды аудандық «Советтік шекара» газетінің басшылығы жұмысқа шақырды. Осылайша алғаш аудандық газеттің фототілшісі болып еңбек жолын бастады. Шын мәнінде, түпкі мақсаты, асыл арманы — журналист болу еді. Фототілшілік журналист болу жолындағы сәтті қадамдары болды десек, артық айтпаймыз. Бір уақытта Әлнұр Мейірбековтей соғыс ардагері, қарымды қаламгер, жалынды көсемсөз шебері газеттің бас редакторы болып тұрғанда Мұқағали Мақатаев еңбек еткен қасиетті қара шаңырақта Дәулет Желдікбаев, Еркін Ібітанов, Батық Мәжитұлы, Әбітай Әденов, Мінуар Әкімханов, Рысбек Сүгірбеков, Қанат Тәкебаев, Иемберді Тастанов секілді ақын-журналистермен бірге жұмыс жасады. Алдыңғы толқын ағаларынан алған тәлімі аз болған жоқ. Оқырман қауымға жылы өлеңдерімен жақсы таныс болып кеткен Жұмабек ағамыз көп ұзамай ауыл, ел өмірінен жазған очерк, суреттеме, мақалаларымен де таныла бастады. Аудандық газеттің қара шаңырағында болған жылдар Жұмабек Тәліпұлының журналистикадағы жолдарын айқындап, оған берік негіз қалады. Еңбектен қол үзбей жүріп сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп алды. Қазақ Радиосына қарасты Райымбек аудандық радиохабарларын тарату редакциясының редакторы болып жұмыс істеді.
1997 жыл аудан үшін көп өзгерісін әкелді. Елбасының Жарлығымен Кеген ауданы таратылып, орталығы Кеген ауылы болып Райымбек ауданы құрылды. Қиындықтарына толы өтпелі кезеңдер де Жұмабек ағамыз өзі оқып, білім алған, қанаттанған бұрынғы Текес, қазіргі Қ.Шорманов атындағы орта мектепте бірсыпыра жылдар мұғалім болып еңбек етті. Шәкірттеріне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәрісін берді. Сол кезде де қолынан қаламын түсірген жоқ. Шығармашылығын одан әрі шыңдай жүрді. Мерзімді басылымдарда тамаша жырлары үзбей жарық көріп тұрды. Жылдардың жаңалығы, жақсылығындай, Нарынқол ауданының аты Райымбектей батыр бабамыздың атын иеленсе, аудандық газет «Хантәңірі» деп аталып, жарық көріп отырды. 2003 жылы Кеген ауылына көшірілген Райымбек аудандық «Хантәңірі» газетінің бас редакторы Жолшы Бікебаевтың қолқа салуымен газетке қайта оралды. Рас, Текес ауылынан Кеген ауылына барып-келіп жұмыс істеудің қиындығы аз болған жоқ. Араға жылдар салып отбасылық жағдайымен ауылына қайта келді. Қ. Шорманов атындағы орта мектептің директоры Дәурен Мұқаметжановтай азаматтың шақыруымен білім ордасында ұрпақ тәрбиесіне арналған ізгі де игі жұмысын одан әрі жалғастырды. 2016 жылы Райымбек ауданының сол кездегі әкімі Жанат Тәжиевтың қабылдауында болып, түпкі мақсаты журналистік жұмысын одан әрі жалғағысы келетінін айтып, үлкен өтінішін жасады. Өтініші далада қалған жоқ. Сөйтіп, аудандық «Хантәңірі» газетінің тілшісі болды. Әрмен, Айдана, Айзада, Айнара атты ұл-қыздары өсіпөніп, қанаттанған тұста жұбайы Гүлбақыт Сағымбекова екеуі Кегенге қоныс аударды. Сөйтіп, журналистік жұмысын алаңсыз жалғастырды. Көп ұзамай аудандық газеттің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болып еңбек етті. Жауапкершілігі мол, ауыртпалығы мол, газеттің жаны мен жүрегі іспетті жауапты хатшылықты да Жұмабек ағамыз мойымай көтерді. Басылымның жоспарлануы, уақытылы мазмұнды жарық көріп отыруы, беттелуі, көрнекілігі бәрі-бәрі жауапты хатшының іскерлігіне байланысты болып келетін. Сол тұста аудандық «Хантәңірі» газеті мазмұнды, тартымды болып жарық көріп отырды. Бұл үшін білімді де білікті журналист, қажырлы қаламгер Жұмабек ағамыздың сіңірген еңбегі аз болған жоқ. 2018 жылдың аудан тарихына алтын әріптермен жазылып қалғаны белгілі. Осы жылдың сәуір айында Елбасының жарлығымен орталығы Нарынқол ауылы болып Райымбек ауданы, орталығы Кеген ауылы болып Кеген ауданы қайта қалпына келді. Осы тұста Райымбек аудандық «Хантәңірі» газеті араға жиырма жыл салып Нарынқол ауылына қайтадан көшірілді. Міне, осы кезде Жұмабек Тәліпұлы аудандық газет бас редакторының орынбасары, көп ұзамай бас редакторы болды. Аудандық газет өз алдына қайтадан қалпына келген ауданның тыныс-тіршілігін боямасыз көрсетіп отырды. Әр саны ел оқитындай дәрежеге көтерілді. Ауданның көзі мен құлағы, шынайы айнасына айналды. Газет оқырманын жоғалтқан жоқ. Өңір тұрғындары өздеріне қайта оралған басылымға ыстық ықыласпен жазылды. Газеттің авторлары да көбейді. Елордамызда, Алматы қаласында, республиканың түкпір-түкпірінде жүрген жерлес қаламгерлер, журналистер, өзге де мамандық иелері, қазыналы қарттар газет редакциясымен тығыз байланыс орнатты. Олардың жазғандары газетте үзбей жарияланып тұрды. Осылайша бірер жылдың ауқымында газеттің беделі артты, берері көбейді. Бұл жолда газет тізгінін ұстаған Жұмабек ағамыздың өзіндік еңбегі мол болды. Тигізген шапағат, шарапаты аз болған жоқ. Бұл жылдары ағамыздың қолынан, ойынан шыққан очерктері, мақалалары, толғантар дүниелері көп көңілінен шығып отырды. Туған Отан, ел мен жер, адам, заман, қоғам, таулы өлкенің таңғажайып табиғаты туралы жазған ойлы өлеңдері де мерзімді басылымдарда жарық көріп тұрды. Бір ғана Алматы облыстық «Жетісу» газеті бір жылдың ауқымында Жұмабек Тәліпұлының тамаша жырларын екі дүркін суретімен жариялады. Бұл да болса тек қана ойлы, өрнекті, сырлы, суретті жырларын ғана жазатын ақынға деген үлкен құрмет еді.
Жұмабек Тәліпұлының қазақ журналистикасына сіңірген ерен еңбегі орнымен бағаланды. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі болды. Қазақ журналистикасының қайраткері, Райымбек ауданының Құрметті азаматы атанды. Жақында ғана қазан айының бас кезінде үлкен қуанышқа кенелді. Атап айтқанда, журналист, ақын Жұмабек Тәліпұлын Біріккен Ұлттар ұйымы Адам құқын қорғау комитетінің генерал-майоры, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, экономика ғылымының докторы, профессор, акдемик А. А. Ерменов басқаратын Бейбітшілік Әлемі және Халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігі журналистика саласындағы ұзақ жылдарғы қажырлы еңбегі әрі ұйымдастырушылық қабілет-қарымы үшін «Ұлт мақтанышы» атты орденімен марапаттады. Орденді Бейбітшілік Әлемі және Халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігі марапаттау комиссиясының төрайымы, Құрметті профессор Гүлзия Иманова тапсырып, ізгі тілегімен бірге құтты болсын айтты.
Бүгінде өмірлік жары Гүлбақытпен бірге немерелерін сүйіп отырған, сүттей ұйыған үлгілі отбасының, әулеттің иесі. Мәнді де мағыналы ғұмырында еліжері үшін еңбек етті. Аспантаулар өлкесінің бар жақсылығын жазып-көрсетуге қаламының қажырын жұмсады. Маңдай терін төкті. Жерлестері Жұмабек Тәліпұлын өлкесін өлеңімен өрнектеген арқалы ақын, еліжерін кестелі, көркем тілімен суреттеген қарымды журналист деп біледі, бағалайды. Жастық шағынан журналист болуды армандаған қаламгер, ақын үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Мағыналы өмірінің, тағылымды ғұмырының ұсынған бақыты мен бағындай, жақсылығындай зейнеткерлік шағына жеткен Жұмабек ағаның жақсы күндері алда деп білеміз. Алламыздың берері көп болсын! Жаныңыз жамандық көрмей, жұбайыңыз екеуіңіз тең қартайып, жастарыңыз жүзге толсын! Үлкен қуаныш құшағындағы сізге айтар ізгі тілеміз осы.
Болатхан НҮСІПБЕКОВ,
халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі,
халықаралық «Алтын қыран» орденінің иесі,
Мергенбай батырдың немересі.
0 Пікір