Журналистер жетістігі

Әрбір істе биіктерден көрініп, еңбегің елініп, ескеріліп жатса әрине қуанасың. Сондай сәт, сондай қуаныш Жаңа жыл қарсаңында аудандық «Хантәңірі» газетінің ұжымына да жұғысты болды. Күнмен, сағатпен санаспай ауданның жаңалығын жеткізу жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген әріптестеріміздің еңбегі ерекше. Сырт көзге біліне бермейтін журналистік жұмысымыздың төрт мезгілінде де тынбайтын тілшілер қауымы қандай құрметке болса да лайық. 
Осы мақсатта облыс орталығы Талдықорған қаласынан аудандық «Хантәңірі» газетінің төрт бірдей қызметкері шақырту алды. Оған аудандық «Хантәңірі» газетінің директор – бас ректоры Ғани Бейқұтбай, газеттің жауапты хатшысы Жұмабек Тәліпұлы, тілшілер Айнаш Әлдибек пен Серікжан Мурасилов барды. Қазақстан Журналистер одағының облыстық басқарма төрағасы, «Өлке тынысы» ЖШС-нің директоры Мейрам Жанәділов газет қызметкерлерін Қазақстан Журналистер одағына мүшелікке қабылдап, салтанатты түрде төс белгі тағып, куәлік тапсырды.
Бұл, билік пен халықтың арасына алтын көпір болған журналистер қауымына көрсетілген жоғары марапат екені белгілі. Жауапкершілігі зор журналистік қызметімізге сенім артқан Журналистер одағының облыстық басқармасына, «Өлке тынысы» ЖШС-не алғыстан басқа айтар жоқ. Әріптестерге қиын да, қызықты жұмысына шығармашылық табыс, еңбекте жеңіс тілейміз.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password