ЖОЛДАУ! ЖОЛДАУҒА – ҚОЛДАУ!

        Жуырда аудан әкімдігінде ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Жолдауын талқылау жөніндегі актив отырысы өтті. Аудандық актив жиналысына аудандық мемлекеттік мекеме және аудандық аурухана қызметкерлері, мектеп директорлары, ауылдық округ әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібінде «Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген тапсырмаларды іске асырудағы аудандық атқарушы органдарының жұмысы туралы» бір мәселе қаралды. Күн тәртібіне қойылған бір мәселе бойынша аудан әкімі Дүйсенбаев Берік Фатықұлы баяндама жасады.

            ҚҰРМЕТТІ АКТИВ МҮШЕЛЕРІ!

        Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялады.

      Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдарды нақтылап, қоғам игілігіне арналған реформаларды нақтылап өтті.

            БІРІНШІ БАҒДАР. ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТ.

        Ел Президенті экономикамыздың шикізатқа әлі де тәуелді екендігін баса айта отырып, оны шешудің нақты жолдарын ұсынды.

           Жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарын нақтылап берді.

    Атап айтқанда, жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту ;

        – бәсекелестікті дамыту, яғни бәріне бірдей мүмкіндік беру;

        – сондай-ақ, ұлттық табысты әділ бөлу – мәселелеріне ерекше тоқталып өтті.

       Елімізде кәсіпкерлікті дамытуға қамқорлық барынша жасалуда. Мемлекет кәсіпкерлікті қолдауды одан әрі арттыра бермек. Себебі, кәсіпкерліктің көркеюі ел экономикасына оң әсер ететіні анық.

       Президентіміздің бизнесті жөнсіз тексеруге мораторий жариялағаны кәсіпкерлікті дамытуға мол септігін тигізетіні анық.

       Ауданда шағын және орта бизнес ашуға жағдай жасау кезеңі жасалуда. Бірақ, «Кәсібімді бастап, нәсібімді табамын» деген қарапайым азаматтарға қолдау аз. Осы ретте, гранттық қолдау шараларын қолға алу қажет. Бұл, күн тәртібіндегі басты мақсат болуы тиіс. Ниеті, бизнес идеясы бар ауданның азаматтары кейбір істерін жүзеге асыра алмай келеді. Оларға пайызсыз, қайтарымсыз қаржылай көмек көрсету жағдайын ойластыру қажет.

       Сонымен қатар, ауданнан шыққан қалталы азаматтар аз емес осы азаматтардың қаражатын ауданға бизнеске тартудың тетіктерін ойластыру керек. Бизнесті мемлекет тарапынан қолдау шаралары барысында, бизнес жобаның өміршеңдігіне көз жеткізіп алу керек. Бұл ретте, кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін комиссиялар аудан экономикасына серпіліс әкеле алатын жобаларды іріктей білуі керек, әрі оны қажетінше қолдаулары қажет. Облысымыздың кейбір өңірлерінде кәсіпкерлік жоғары деңгейде дамуда, сол аудандардың экономикасы кәсіпкерліктің арқасында алдыңғы қатардан көрінуде. Өкінішке қарай, біздің ауданда жағдай басқаша.

    Аудандағы кәсіпкерлікті қолдау мақсатында тың кешенді жоспар жасау, оны кезеңімен іске асыру мақсатында нақты жұмыстар жүргізуді аудан әкімінің орынбасары С.Сатылғановқа, аудандық «Кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Н. Оралқұловқа тапсырамын.

       Бүгінгі күнде бюджеттің шығыс бөлігіндегі міндеттемелерді орындау үшін бюджет тапшылығы ұлғайып, Ұлттық қордан алынатын трансферттер көбейгендігіне орай Мемлекет басшысы бюджеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабылдау қажеттілігін, әсіресе мемлекеттік шығыстардың ауқымын және оның тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау керектігін тапсырды.

       Осыған орай аудандық бюджетке түсетін салық көлемінің өз деңгейінде орындалуын, ауданда бөлінген қаржының нақты бағытында жұмсалуын бақылауды аудан әкімінің орынбасарлары Ғалым Жусанбаев пен Самат Сатылғановқа тапсырамын.

       ЕКІНШІ БАҒДАР. НАҚТЫ СЕКТОРДЫ ДАМЫТУ.

       Ел Президенті Жолдауда жер мәселесіне баса назар аударды. Ауылдық жерде мал саны артқан сайын жер дауы жиілей бастайтыны анық. Жайылымның тарлығы, шабындықтың жоқтығы күн тәртібінен түспейтін мәселе. Бүгінде, малы бар азамат жер таппай, ал малы жоқ азаматтар гектарлаған жерлерді иеленіп отырған жағдайлар кездеседі. Сондықтан да, аудандық жер комиссиясы пайдаланылмай отырған жерлерді анықтап нақты жұмыстар жасаулары қажет. Бүгінде аудан көлемінде соңғы 2 жылда пайдаланылмаған 13 мың га. жер учаскесі мемлекетке қайтарылған, 20 мың га. жайылымдық жер учаскесі соттың қарауында.

      Сонымен қатар, былтырғы жылы ауа-райының қолайсыздығы мал шаруашылығына кері әсерін тигізгенін бәріңіз жақсы білесіздер. Ауданда жағдай өте ушықпаған күннің өзінде де, бізді айналып кеткен жоқ. Алдымызда қыс мезгілінің қалай болатыны белгісіз. Сондықтан біз, қандай жағдайда да жедел шара қабылдап, жем-шөп тапшылығына байланысты ахуалды реттеуге жүйелі жұмыс атқаруға дайын болуымыз қажет. Ауданда жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін ұлғайту, егіс алқабына әр жылы әр түрлі дақыл егу талабын сақтау үшін тиісті бақылауды күшейту, жайылымдық жерді тиімді пайдалану, игерілмей жатқан жерлерді қайтару, жерді нағыз шаруаға беру жұмыстары бойынша нақты шаралар қабылдауды орынбасарым Самат Сатылғановқа тапсырамын.

       Аудан аумағында 66 шақырым республикалық маңызы бар, 240 шақырым облыстық маңызы бар, 282 шақырым жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары бар, оның ішінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 47,7%.

    Бүгінгі күнде облыстық маңызы бар, Қарасаз-Тұзкөл ауылдарының аралығындағы 19 шақырымдық автокөлік жолына күрделі жөндеу, Қарасаз-Шәлкөде-Талас ауылдарының аралығындағы 19 шақырымдық автокөлік жолына, Сарыжаз-Көмірші ауылдарының аралығындағы 22 шақырымдық автокөлік жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Жамбыл, Қақпақ, Қызылшекара, Нарынқол, Талас, Шәлкөде ауылдарының көше жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

        Өздеріңізге белгілі Райымбек ауданы облыс орталығы – Қонаев қаласынан 360 шақырым қашықтықта, ірі мегаполис Алматы қаласынан 330 шақырым қашықтықта орналасқан. Райымбек ауданына ең жақын қала Алматы қаласы болып есептеледі, сондықтан аудан тұрғындарының тыныс-тіршілігі Алматы қаласымен тікелей байланысты. Орта есеппен алғанда Райымбек ауданынан Алматы қаласына күніне 700 – ге жуық көлік, 4000-ға жуық адам қатынайды екен. Алматы қаласына, Алматы – Көкпек – Кеген – Нарынқол республикалық маңызы бар автокөлік жолы ғана байланыстырады. Бүгінгі күнде Кеген – Нарынқол арасындағы республикалық маңызы бар 66 шақырымдық автокөлік жолының сапасы өте нашарлап, аудан халқының наразылығын тудыруда. Қазіргі уақытта аталған автокөлік жолының сапасы аудан халқының бірінші кезекте көтеретін мәселесіне айналып отыр. Мамыр айында автокөлік жолына басталған ағымдағы жөндеу жұмыстары бүгінгі күнге дейін созылып отыр. Осы мәселеге орай, аталған жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге нақты жұмыстар атқару, қажетті құжаттарды жинақтап тиісті мекемелермен жұмыс атқаруды орынбасарым Ғалым Жусанбаевқа тапсырамын.

        ҮШІНШІ БАҒДАР. ЕЛ БОЛАШАҒЫ- НА АРНАЛҒАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ИНВЕСТИЦИЯ.

        Бұл бағдар аясында, ерікті медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Ел Президенті мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті (медсақтандыру) деп екіге бөлінген қолданыстағы медкөмекке тиімділігі төмен жүйе деп нашар баға берді. Осыған орай, 2023 жылдан ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған ұлттық жоба жүзеге асады. Еліміз бойынша емдеу мекемесі жоқ 650 ауыл мен кентте 2 жылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтылады.

       Ауданда денсаулық сақтау саласы бойынша 18 нысан бар. 2019 жылы Жамбыл, Қақпақ ауылдарынан дәрігерлік амбулаториялар салынып, пайдалануға берілген. Үстіміздегі жылы Жаңа Текес, Көмірші ауылдарындағы медициналық пункт ғимараттарының құрылысы, Қаратоған, Талас ауылдарында ФАП құрылысы жасалуда.

       Нарынқол ауылынан 250 орындық емхананың құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 1 млрд. 489,0 млн. теңге бөлініп құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта да медициналық қызмет көрсету нысандары кезең кезеңімен жасалып, пайдалануға берілетін болады.

       Ауданда 19 орта, 1 негізгі және 2 бастауыш мектеп бар. Оларда 6076 оқушы білім алады.

       0-6 жас аралығында 3747 бала есепте тұрады. 3-6 жас аралығында 2322 бала бар. Балаларды мектепке дейінгі қамту көрсеткіші 96,6%.

      Биылғы жылы Тұзкөл, Көмірші, Көксай, Көкбел, Сарыбастау ауылдарындағы мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

       Бүгінгі күнде ұстаздар үлкен қолдауға ие болып отыр. Ұстаздардың шәкіртке алаңсыз білім беруіне барлық жағдайлар жасалуда.

       2020 — 2021 жылғы білім сапасы 64,6% құрап, мектеп бітіруші түлектердің 91% жоғарғы және арнайы оқу орнына түссе, 2021-2022 жылы білім сапасы 65% құрап, мектеп бітіруші түлектердің 93% жоғарғы және арнайы оқу орнына түсіп отыр.

       Аудандағы білім сапасын арттыру мақсатында нақты шаралар қабылдауды орынбасарым Нұрбол Сағатбекұлына, аудандық білім бөлімінің басшысы Саят Үмбетәлиевке тапсырамын.

      ТӨРТІНШІ БАҒДАР. МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ІСІН ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТУ.

      Билік халыққа жақын болуы керек. Мемлекет басшысы халыққа кедергісіз қолайлы ортаны қалыптастыру және мемлекеттік қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында нақты тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты – мемлекеттік аппарат азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс екендігін атап өтті. «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың бір жолы — халықтың мемлекеттік мекемелерге кіру мәселелерін шешу жолдарын жеңілдету. Бұл ретте ауданда мемлекеттік мекеме басшыларының, мектеп директорларының қызметтік бөлмелері бірінші қабатқа көшірілген. Халыққа кедергісіз қолайлы ортаны қалыптастыру және мемлекеттік қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімдігінде, ауылдық округтерде, білім беру мекемелерінде «Ореn space» форматындағы кеңселер жұмыс жасауда. Сонымен қатар аудан орталығында «Сервистік әкімдік» қызмет көрсетеді.

       Алайда, жергілікті жерлердегі әкімдердің, кейбір мекеме басшыларының өз жұмысына салғырт қарап, тұрғындарға өз деңгейінде қызмет көрсетпеуінің нәтижесінде халық тарапынан наразылықтар туындап жатады. Бұл мәселенің алдын алуға нақты жұмыстары жүргізілуі қажет.

       Аудан әкімінің аппарат басшысы Гуля Кенебаеваға әкімдікке тұрғындар тарапынан келіп түскен арыз-шағым, өтініштерге сараптама жүргізіп, қандай сала бойынша мәселе өз деңгейінде шешімі табылмағандығы жөнінде анықтама жасауды тапсырамын.

       БЕСІНШІ БАҒДАР. ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП.

       Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында судьялар мен қазылар қайта іріктеліп, жаңаша жасақталатынын айтты. Мемлекет басшысы Жолдауда Сот төрағасы жəне Сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайтын тəсіл енгізуді ұсынып, Жоғарғы Сот судьяларын да сайлау арқылы таңдау қажеттігін айтты.

       Сонымен қатар, мемлекет басшысы Жолдауында Қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша айыпталғандарға бір реттік рақымшылық жариялауды ұсынды. Кездейсоқ құрбандар мен өз кінәсін түсінген жастарымыздың болашағын қорғау – мейірлі мемлекеттің қамқорлығы. Халқымыз «адасқанның айыбы жоқ, айналып үйірін тапқан соң» дейді. Арандап қалған азаматтарға рақымшылық жасау – парасаттылық белгісі деп түсінеміз.

        Қаңтардағы еліміздің батысында әлеуметтік мәселелерді айтумен басталған бейбіт шерудің әп-сәтте бұзақылардың бүлігіне айналғанына куә болдық. Жалдамалы жаналғыштар әп – сәтте бейбіт жерді жайпап өтті. Оларға елдің қамы да, ұлттың арманы да, мемлекеттің мүддесі де қажет емес екендігін көзіміз көрді. Бүлікшілер билікті басып, тәуелсіздік туын таптап өтуге тырысты. Қаңтардың қаралы күндері бізге қаншалықты қымбатқа түскеніне өздеріңіз куә болдыңыздар. Қаншама азаматымыз құрбан болды, боздақтарымыз қыршын кетті. Әрине, қаралы қаңтардағы жағдайға байланысты сұрақ көп. Оның бәріне алдағы уақытта жауап табылады деп сенеміз. Ал қазіргі кезде ес жиып, жұрт болып жұмылып, тағдырлы шешімдер қабылдаған Президентіміздің жанынан табылып, толық қолдауымыз қажет. Мемлекетімізде әлеуметтік әділдік, заң үстемдік құрса, халқымыздың әл-ауқаты әлдеқайда жақсарып, бірлігі де нығая түсері анық. Біз тек ел үшін жер үшін аянбай еңбек етуіміз қажет! Алдағы жылдар қоғам үшін сындарлы жылдар болмақ. Үлкен өзгерістер басталып жатыр, алда бізді мемлекеттің, экономика мен қоғамның терең өзгерісі күтіп тұр. Жаңа Қазақстан сенімді қадамдармен басу үшін ең алдымен бізге ауызбіршілік қажет. Бізге өткеннен сабақ алып, жұмысты жаңа бағытта бастау керек. Ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін барлықтарыңызды Отан алдында аянбай еңбек етуге шақырамын.

      Жоғарыдағы баяндамадан кейін актив жиынына Мемлекет басшысының Жолдауының кейбір бағыттары бойынша өз пікірлерін білдіру үшін бірнеше адамдар сөзге жазылды. Осыған сәйкес, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Омарова Балжан Әбуқызы, «Ретай» шаруа қожалығы төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Сәлім Руслан Еренсізұлы, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Нартай Мұратұлы, Нарынқол ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Қанат Ахметовтар Жолдауға байланысты түйінді ой-пікірлерін ортаға салды. Жиын барысында аудандағы атқарылған жұмыстар айтылып, шешімі табылмай тұрған мәселелер де ортаға салынды. Осы орайда тиісті тапсырмалар да берілді.

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password