ЖОЛАН
Жоланды білмеуші едік. Осыдан бірер жыл бұрын жолымыз Нарынқолға түсті. Өмірден ерте кеткен жазушы досымыз Баққожа Мұқайдың атына аудандық мәдениет үйі берілетін болып, сол салтанатқа бардық. Нарынқолда бізді қонақ үйге емес, Нұрлан Оразалин екеуімізді аудан әкімі Жолан Омаров өз үйіне түсірді. Жаңадан ғана осы ауданға әкім болған Жоланның кең дастарханы, одан да кең пейілі, үлбіреген келіншегі, шүлдіреген балаларын көріп, қазақтың бір қара шаңырағы болғалы тұрған құтты ұяны көргендей болдық. Тек бақ-береке үшін жаралған жанұяны көргендей болдық. Бақтарының баянды болуына батамызды бердік. Жас ауданды жас басшы ұршықтай үйіріп әкеткені туралы лебіздер естідік. Бір қызықты оқиға есте қалыпты. Жолан жас ауданның орталығында жүріп жатқан құрылысқа бір топ өзбек жастарын тартады. Олар күндіз-түн жұмыс істеп, жұмыстарының нәтижесі көріне бастайды. Соны аңдып жүрген ауыл бұзықтары оларға тиісе береді. Не сұрайтындары белгілі. Сондай бір күні Жолан сол ауыл бұзақыларының атаманын тоғайға шақырады. Анау келіпті: «Әй, сен менің жұмысшыларыма неге тиісе бересің?!» депті Жолан. Атаман мардымды жауап бере алмаса керек, сонда жуан жұдырыққа кенде емес Жолан екі білегін сыбанып, әлгі батырдың жанына барып «Қолың қышып бара жатса кел, маған тиісші!» дейді. Анау алды-артына қарамай тұра қашады. Сөйтіп, ауыл бұзақылары өзбек жұмысшыларына тиісуді қояды.
Сол Нарынқол сапарында осыны естіп, сөзге сараң, батыр тұлғалы Жолан інімнің мінезге де бай екеніне тәнті болып едік.
Көп ұзамай Жолан ініміз Талғарға әкім болып келді. Алматыға жақын келген Жоланды өз аяғымызбен барып құттықтауды ойлап жүрдік. Сөйтіп жүргенде пандемия басталды. «Осы пандемия бітсінші. Содан кейін барайықшы» деп жүрдік. Сөйтіп жүргенде, табан астынан суық хабар жетті, ақпарат құралдарынан. Әлемді дүрліктірген тәжтажал Жоланды алып кетіпті. «Әттеген-ай!!!» деумен болдық. «Алланың ісіне шара жоқ!!!» десек те, сұм ажалдың арамыздан, әсіресе, бақ-берекесі ұйыған жып-жылы ұясынан Жоландай азаматты жұлып әкеткеніне жанымыз көндігер емес…Әлі келеді көндікпей.
«Айналайын! Алдыңнан жарылқасын! Жасамаған жасыңды балаларыңа берсін!!!» деуден басқа лаж жоқ…
Смағұл Елубаев,
көрнекті жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
материал «Жолан жұлдызы» кітабынан алынды.
0 Пікір