«ЖОЛАН ЖҰЛДЫЗЫ» «Дәуір» баспасынан осы атпен жаңа кітап жарық көрді
Бұл – жас ұрпаққа тағылымды тәрбие бере алатын, адами құндылық атты ұғымның қадір-қасиетін бас кейіпкері арқылы ұғынықты түрде көрсете алатын кітаптың атауы. Аз ғана саналы ғұмырында бойындағы білімі мен білігін, қажыры мен қайратын, іскерлігі мен еселі еңбегін өзі басшылық жасаған аймақтардың өсіп-өркендеуіне, гүлденуіне, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына аямай жұмсаған Жетісу өлкесінің жаны жайсаң бірегей азаматы, марқұм Жолан Омаровтың өнегелі өмір жолы мен ғибратты ғұмырына арналған кітап оқырманын бей-жай қалдырмайтыны анық.
Жолан Ыбрайақынұлының есімі әсіресе, Райымбек ауданының ел-жұрты үшін қастерлі. Олай дейтініміз, аудан өз алдына қайта шаңырақ көтерген сәттен ең бірінші басшысы ретінде осы өңірдің қайта түлеп-түрленуі жолында жастық жігерін барынша жұмсады. Жеке бастың мүддесінен халықтың мүддесін жоғары қойды. Ауданның еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін жатсынып, жатырқамай, өзінің туысына, бауырына балады. Бәрін де жанына жақын тартты. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді азаматтық борышы санады. Замандастарымен қоян-қолтық араласып, бәрін ортақ іске – ауданның экономикалық тұрғыда дамуына, тұрғындарының әл-ауқатының жақсаруына, ауыл мәдениетінің көтерілуіне үлес қосуға жұмылдырды. Ел басқаруды «басқа қонған бақ» деп қарамай, халқының оң жағына орман, жел жағына қорған болатын қасиетті борыш санады. Ауданға әкім болған жыл жарым уақыт аясында тозығы жеткен аудан орталығы Нарынқолдың қайта түлеп-түрленуіне, жаңарып, жайнауына, заманауи үлгідегі ауыл дәрежесіне көтерілуіне, сырт көзге мақтанып көрсете алатындай қалыпқа жетуіне білегін түре еңбек етті. Ауданның елді-мекендерінің де еңсе көтеруіне ден қойды. Өзекті мәселелердің оңтайлы шешім табуының жолдарын қарастырды. Сондықтан, Жоланның есімі Райымбек ауданының тұрғындары үшін қастерлі де қасиетті. Аудан жұртшылығы аптал азаматтың тіршілігінде есімін әрдайым құрметпен ауызға алудан жаңылған жоқ. Өмірден өткенде де, әруағына бас иіп, рухына тағзым жасайтыны, ұрпақтарына үлгі-өнеге ретінде айтып отыратынына талас жоқ.
Жерлестеріміз – республикалық «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мүсірәліұлы мен Алматы және Шалқар радиосының редакторы, ақын Бақыт Жағыпарұлының жинап, құрастыруымен жарық көрген кітапқа Жоланның туыстарының, сыйласқан ағалы-інілі бауырларының, қызметтес болған азаматтардың, дос-жарандарының марқұмның адамдығы, адалдығы, көркем мінезі, азаматтығы, адамгершілігі, ерен еңбегі, бойындағы басқа да қадір-қасиеттері жайлы эсселері мен естелік-толғаныстары, өлеңдері көңіл тебірентеді. Кітапты қолына алып, әр бетіне көз жүгіртіп оқыған жан, одан асыл азаматтың өнегелі өмір жолынан куә болары, ғибрат алары сөзсіз.
«Хантәңірі».
0 Пікір