Жетісулық 14 азамат «Мәдениет саласының үздігі» атағын иемденді

     Алматы облысында 5636 адам өнердің көшін алға сүйреп жүр. Солардың 14-і «Мәдениет саласының үздігі» атағына ие болды. Ал 2 өнер адамы «ҚР еңбек сіңірген қайраткері» төсбелгісін кеуделеріне тақты. Бұл туралы Алматы облысы мәдениет басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев баспасөз мәслихатында мәлім етті.
Биылғы жылы «Мәдениет және өнер қызметкерлері күні» айрықша аталып өткен. Жер-жердегі мәдениет ошақтарының әр қызметкері мереке күні ескерусіз қалмады. Сәйкесінше үздік мәдениет қызметкері 100 мың, ал ұжым 200 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болса, облыстық С. Сейфуллин атындағы кітапхана «Ең үздік мәдениет мекемесі» деген марапатты қанжығаларына байлап, автокөлік кілтіне ие болды. Осылайша Алматы облысының әкімдігі өнердегі өрендердің өресінің өсуіне өзіндік қолдауын танытты.
«Алматы облысында ауыз толтырып айтарлық іс-шараларымыз өтіп жатыр. Бір ғана сәуір айында 3 халықаралық байқауды ұйымдастырдық. Соның бірі- «Жас шеберлер» жарысы. Аталған өнер додасын балалар жылы аясында жас жеткіншектер арасында өткізіп отырмыз»,-дейді Мәрлен Көлбаев.
«Жас шеберлер» байқауының басы-қасында жүрген жетекшісі Әли Алпысбаевтың айтуынша, аталмыш өнер сайысы осыдан 6 жыл бұрын «Жетісу шеберлері» деген атауды арқау еткен. Арада 2 жыл өткен соң байқауға қатысушылардың саны артып, елдің түкпір-түкпірінен, тіпті көршілес мемлекеттің өнерпаздары жарысқа қатыспаққа ағыла жөнелген. Осылайша, өнер сүйер қауымның жүрегінен ерекше орын алған байқау жалғасын тауып келеді. Бүгін, осы бір талаттар тартысының қорытынды гала концерті өткізіледі деп жоспарланған.
Өңірдің өнер саласындағы жетістіктері мұнымен таусылмақ емес. Мәселен, «Рухани қазына» фестивалінде Алматы облысы 5 бірдей бас жүлдені иеленген. Тартақтып айтар болсақ, Республикадағы «Ең үздік музей» номинациясында М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану мұражайы, «Ең үздік ауылдық музей» аталымында Талғар ауданы, Жаңалық ауылындағы қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей топ жарған. Ал С.Сейфуллин атындағы кітапхана «Ең үздік балалар кітапханасы» болып танылса, «Ең үздік кітапхана қызметкері» атағы да аталған ұжымға бұйырды. Сонымен қатар Кербұлақ ауданының Ә.Сарыбаев атындағы аудандық мәдениет үйі ресупблика бойынша үздіктер қатарынан орын тепті. Бұл қатарды Бикен Римова атындағы облыстық дарма театрының көркемдік жетекшісі Гаухар Адайдың жеңісі толықтырып отыр. Ол Асанәлі Әшімовтың 85 жылдығына орай ұйымдастырылған жарыста «Үздік режиссер» аталымын жеңіп алған.
Бұлбылы сайраған, дала дарындарына толы қасиетті Жетісудың өнерпаздарының асығы алшысынан түсті десек артық айтқандық емес. Тұла бойы дарыннан, арғы тегі өнерден жаратылған жезкиіктердің бүгінгі жетістігі осындай.
Айта кетейік, алдағы уақытта облыстық драма театрдың 50 жылдығы, облыстық қазақ драма театрының құрылуына мұрындық болған Шолпан Жандарбекованың және Бикен Римованың 100 жылдығын жоғары деңгейде атап өту жоспарлануда.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password