Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген Қазақстан Республикасының азаматтарын психологиялық даярлау
Егер сіз жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына асырап алуға, қорғаншылыққа (қамқоршылыққа), патронаттық тәрбиелеуге, қабылдаушы отбасына, отбасы үлгісіндегі балалар үйіне тәрбиелеуге алуға шешім қабылдасаңыз, Сізге тұрғылықты жеріңіз бойынша аудандық, қалалық білім бөлімінің қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органына құжаттар тізімін ұсыну қажет.
ҚР Білім және ғылым министрінің 24.04.2020 жылғы №158 бұйрығына сәйкес 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап ұсынылатын құжаттар тізіміне «жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген азаматтар дайындықтан өткені туралы сертификат» қосылды, жақын туыстарын қоспағанда.
ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексіне сәйкес жақын туыстар – ата-аналар (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (аға-қарындастар), ата, әже, немерелер.
Психологиялық дайындықты жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға көмек көрсету жөніндегі ұйымдар, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары (балалар үйлері) көрсетілген ұйымдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Психологиялық даярлауды жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген Қазақстан Республикасының азаматтарын психологиялық даярлау бағдарламасына сәйкес ұйымдар жүзеге асырады.
Отбасына қабылдауға тілек білдірген үміткерлерді психологиялық дайындықтан өту үшін жоғарыда көрсетілген ұйымдарға жазбаша өтінішпен жүгінеді.
Ұйымдар үміткерлер жүгінген кезде дайындық өтетін күнін хабарлайды, сауалнама толтырады, педагог-психолог құрылымдалған сұхбат түрінде әңгімелесу өткізеді, психологиялық дайындықтан өткені туралы сертификат береді.
Бағдарламаның жалпы ұзақтығы кемінде 42 және 60 академиялық сағатты құрайды және тренинг түрінде өткізіледі. Оқу ұзақтығы — күніне кемінде 3 академиялық сағат. Бір академиялық сағат — 60 минут.
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген азаматардың даярлықтан өткені туралы сертификаттың болмауы қызмет көрсетуден бас тартуға негіз болып табылады.
Г. ТОҚМОЛДАЕВА,
аудандық білім
бөлімінің заңгері.
0 Пікір