ЖЕРЛЕСІМІЗ ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

     Біздің аудан ақындар мен батырлардан кенде емес екендігі белгілі. Соның тағы бір айқын дәлелі Жамбыл ауылының палуаны, батыр азаматыз Айтақын Асыл Нұрмұғамбетұлы Сербияның Белград қаласында өткен 23 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында боз кілемде белдесіп қола жүлдеге қол жеткізіп туған жеріне үлкен олжамен оралды. Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын. Батырларын бағалай білетін ел-жұртымыз және аудан әікімінің орынбасары Н.Сағатбекұлы бастаған аудандық спорт бөлімінің басшысы Т. Ақылов т.б аудан азаматтары Айтақын Асылды зор ілтипатпен қарсы алды.

Айтақын Асыл 1999 жылы 18 маусымда Алматы облысы, Райымбек ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген. Асыл жасынан спортты жанына серік еткен жігіт. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ облыстың үш дүркін чемпионы болды. 2012 жылдың қыркүйек айында Алматы қаласы, Шаңырақ ықшам ауданындағы республикалық олимпиадалық резервті дайындайтын мектеп интернаттың шақыруымен оқуға қабылданады. Боз кілемге төккен маңдай тері ақталып, Қазақстан чемпионатына іріктеуден жақсы өнер көрсетіп бірінші орынды жеңіп алды. 2013 жылы жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында жүлделі бірінші орыннан көрініп, Қазақстаннның чемпионы атанды. Осы уақытқа дейін бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы болды. Қазақ елінің намысын халықаралық ареналарда қорғап жүр. 2019, 2020, 2021 жылдары қатарынан еркін күрестен 23 жасқа дейінгі ересектер арасында Қазақстан Республикасының чемпионатында 61 кг. салмақ дәрежесінде жүлделі бірінші орынға табан тіреді. Ресейдің Красноярск өлкесінде өткен олимпиаданың үш дүркін чемпионы Буйбуйсара Сайтиевтің турнирінде қола медальды, Италия мемлекетінің Рим қаласында күміс медальды, 2021 жылы Туркия мемлекетінің Стамбул қаласында күміс медальды мойнына тақты. Павлодар қаласында ТМД елдері арасында өткен турнирдің жеңімпазы. Қазақстан Республикасы XI жазғы универсиадасында  бірінші орынды иеленді. Қазіргі таңда ҚазГУ-дің 2-курс студенті. Қазақстанның 5 дүркін чемпионы.

 Әуелі, аудан шекарасына табан тіреген чемпионға ақ жаулықты аналарымыз шашу шашып, қарияларымыз батасын беріп, ауданның бірқатар аптал азаматтары күтіп алды. Сарыжаз, Қайнар ауылының спорт сүйер жас жеткіншектері жол жиегінен Асыл палуанға құрмет көрсетіп, ауқымды шара өтетін  аудан орталығына шығарып салды. Аудандық мәдениет үйінен аудан басшысы Нұржан Кеңесұлы Айтақын Асылды қарсы алып, Абдрайымов Серік Сүйіндік жырау жыр шашуын арнады. Жиылған көпшілік алдында аудан басшысы Н.Кеңесұлы чемпионды жеңісімен құттықтап, ел абыройын асқақтатқаны үшін Райымбек ауданының «Құрметті Азаматы» атағын табыс етті. Асылдай батыр ұлды тәрбиелеп өсірген әкесіне аудан әкімі Алғыс хат табыстады. Келесі сөз тізгінін ұстаған аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Бекболат Бірбаев жас батырды жеңісімен құттықтап, ақыл-кеңесін айтты. Келесі сөз кезегін осыдан бір жыл бұрын Райымбек ауданы көлемінде құрылған «Хантәңірі қырандары» спорт жанашырлары қорының төрағасы Берік Иембердиев алды. Айта кетейік, Асыл Белградта белдесіп жеңіспен келген бойда аталған қордың мүшелері палуанды қарсы алып Алматы қаласынан бір бөлмелі пәтер сыйға тартқан болатын. Асылдың өзі туып өскен Жамбыл ауылы батыр ұлдарын ауылдың кіре берісінен қарсы алып ат мінгізіп ерекше құрмет көрсетті. Жоғарыда аталған шаралардан біздің өскелең ұрпақ сабақ алып, Асыл ағамыздай болсақ екен деген біршама балада арман оты тұтанғандай болды. Жас батырдың ата-анасы және жерлестері аудан әкіміне сонымен қатар, аудандық спорт бөлімінің басшысы Т. Ақыловқа азаматтарын ардақтағаны үшін алғыстарын білдірді. Асылдың алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындырары сөзсіз. Еліміздің еңсесі биік, жеңісті күндері көп болғай!

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password