ЖЕРЛЕСІМІЗ – ТМД ЧЕМПИОНЫ

     Ағымдағы аптаның басында редакциямызға көңіл қуантар жақсы хабар түсті. Телефон шалып, жан жадыратар жақсы жаңалықты алақайлап жеткізіп отырған жерлесіміз, самбо күресінен спорт шеберлері арасында Қазақстан Республикасының күміс жүлдегері, қазақ күресінен спорт шебері, ұлттық дәрежедегі төреші Жанкелді Хамитов деген азамат  екен. Айтуына қарағанда ауданымыздан шыққан тағы бір палуан жуырда Татарстанның астанасы Қазан қаласында ТМД жастары арасында боз кілем үстінде өткен белдесуде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, чемпиондық тұғырға көтеріліпті. Сүйіншілеген азаматтың қуанышын бөлісе отырып, чемпион жігіттің өзімен хабарласудың сәтін түсірдік.

Нұрсұлтан Нұрсейітов 2001 жылы Сарыжаз ауылында туған екен. Осындағы орта мектептің түлегі. Жастайынан спортты жаны сүйіп, палуандық  өнерге ерекше ден қойған. 2012 жылдан күрес өнерінен спорт шебері Дүйсен Бозбашаевтан тәлім алып, белдесудің қыр-сырын үйреніпті. Аудан, облыс деңгейінде өткен мектепаралық жарыстарға қатысып, жеңімпаз атаныпты. 2016 жылы Алматыдағы оқу орнына түскен жас жігіт машықтанған өнерін әрі қарай жалғастырып, Еркін Сайдақов, Жанкелді Хамитов сияқты қазақша күрестің саңлақтарынан дәріс алады. Сөйтіп, шеберлігін одан әрі шыңдай түседі.

Осыған дейін өткізілген нешелеген жарыстарда жауырыны  жер иіскемей, үзеңгілестерінен оза шауып,біраз жеңістің дәмін татыпты. Атап айтқанда, елімізде өткізіліп жүрген кезекті «Жас барыс» біріншілігінде 62 килограмдық салмақ дәрежесінде белдескен ол, ақтық сынға дейін жетіп, 2-орынды иеленсе, Қажымұқан атындағы халықаралық бәсекеде 1-орын, «Тайқазан» республикалық бәсекесінде 2-орын, белбеу күресінен 1-орын алып, жеңіс туын желбіретіпті.Сондай-ақ, Тәжікстан, Өзбекстан , Қырғызстан, Ресей  елдерінде өткен айтулы жарыстарда да қарсыластарына есе жібермеген. Соңғы жолы өзіміз хабар алып отырғандай,Татарстанда өткен боз кілем үстіндегі кезекті жекпе-жекте бабында екенін көрсетіп, ТМД бойынша чемпиондық атақты жеңіп алыпты.

Біз туған елінің абыройын асқақтатып жүрген саңлақтардың қатарын көбейтіп отырған  Нұрсұлтан Нұрсейітовты жеңісімен құттықтаймыз. Қазір алдағы уақытта өтетін Әлемдік додаға қатысуға дайындығын шыңдап жатқан жерлесімізге «абырой биігінен көріне бер» деген тілегімізді білдіреміз.

Жеңісің құтты болсын Нұрсұлтан!

 Жұмабек  ТӘЛІПҰЛЫ,

«Хантәңірі».

                                                                       Суретте:(ортада)   Нұрсұлтан Нұрсейітов.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password