ЖЕР  ҚАДІРІН  БІЛГЕН  ЕР

    Көпшілік осы бір қара торы жүзді ел ағасын Қален, Қален аға дейді. Иісбаев Хайрулла Құрақбайұлын Аспантаулар өлкесінде танымайтын адам сирек. Биыл жетпістің бесеуіне келетін еңбекқор ағамыз әлі де қырықтың қырқасындағы азаматтай. Ширақ қозғалады. Сергек қимылдайды. Жүріс-тұрысынан істің, шаруаның адамы екені атойлап тұрады. Басын мәңгілік қар басқан асқақ тауларындай ақ араласқан қайратты шашы өңін ашып тұрады. Қою қабақты, жайдары жүзді, жүрегі жылы жан. Жетпістің бесеуіне келсе де ширақ та қунақ жүретіні өз тұсында спортпен айналысты. Алматыдағы № 12 қазақ орта мектебін бітірген. Малды ауылда еңбекпен шыңдалып өскен азамат жүрегінің қалауымен Киев қаласындағы физкультура және спорт институтын, одан кейін Алматы халық шаруашылығы институтын бітірді.

   Жастайынан спортты серік еткен Қален аға өткен ғасырдағы алпысыншы жылдары еркін күрестен Қазақ КСР-нің чемпионы атанды. 1968 жылы жастар арасында еркін күрестен өткен жарыста КСРО-ның күміс жүлдегері болды. 1970-1971 жылдары Украинаның чемпионы атанғаны бар. Осындай жетістіктері үшін халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Спортты, еңбекті серік еткен ағамыз Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайын бірнеше жыл басқарды. Тоқсаныншы жылдардың аумағында «Қаламгер» коммерциялық кәсіптік бірлестігінің директоры қызметін атқарды. 1999 жылдан бері қарай Райымбек ауданындағы Шәлкөде ауылдық округіне қарасты «Айғайтас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы.

   Қайда жүрсе де қымбатты Шәлкөдесін, Айғайтасын, Шәкірамбалын, Қабанды мен Қарағайлысын, Жайдақ, Түзу, Қисық деп аталатын өңірлерін жанынан шығармай, жүрегінің төріне ғана қонақтатып, түйіп ұстап жүретін Қален ағамыз өзіне тартқан еңбекқор ұлдарымен ақылдасып, атамекенінен шаруасын маздатты. Серіктестік құрып, оның жұмысын өрге домалатты. Тұзкөл, Жабыр өңірлерінен көп жылдардан игерілмей жатқан мыңдаған гектар жерлерді қарамағына алып, қасиетті қара жердің тамырына қан жүгіртті. Міне, содан бері мал шаруашылығын, одан бөлек егін шаруашылығын қатар өрістетіп, мыңдаған гектар жерге арпа, бидай, күздік бидай өсіріп, ел игілігін құрауға атсалысып келеді. «Айғайтас» серіктестігі аудандағы ең алдыңғы қатарлы серіктестік. Заманауи трактор, техникаларымен қамтамасыз етілген. Астық оратын комбайндары да шетелден әкелінген. Бір ғана мысал, көктемгі егіс жұмысы озық технологиямен бір мезгілде жер жыртылып, қопсытылып, дәрі мен тұқым себіліп кете барады. Ал, мұндай дүниенің берері көп, берекесі тасып жатады. Қален аға басқаратын серіктестік Текес ауылындағы бос тұрған астық қабылдау пунктінің бірнеше ғимаратын өз қарамақтарына алып, астық сақтайтын қоймаларына айналдырды. Сарыбастау өңіріндегі жабыр қырқаларынан машина-трактор тұратын мекен-жайларын тұрғызып алды. Серіктестіктің Шәлкөде жайлауының төрінде 5 мың гектар жайылымдық жері бар. Өрісіне үйір-үйір жылқысы, табын-табын сиыры көрік беріп тұр. Мал қоралары, малшы үйлері, мал азығын сақтайтын дүниелері бәрі-бәрі талапқа сай салынған. Дәл қазіргі өскелең уақытқа сай тіршілік жасап келе жатқан серіктестіктің барлық шаруасы, қолға алып жатқан істері, келешегін қамдаған дүниелері қуантпай, жан жылытпай қоймайды.

    Қален аға көпшіл, қарапайым мінезді. Айналасындағыларға шуағын шашып жүреді. Бір қонақ дүниеде адамдарға жақсылық жасағанды жаны қалап тұрады. Содан да болар, серіктестік Райымбек ауданының бар жақсылығынан, мерейлі қуаныштарынан сырт қалмайды. Қолдарынан келгенінше қолдауын көрсетіп жатады. Қален аға ерен еңбегі үшін ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталды. Райымбек ауданының Құрметті азаматы, ҚР Ауылшаруашылығы саласының үздігі атанды. Ақ жарқын, қарапайым мінезді асыл ағамыз ұрпағымен өсіп-өнген, немере-шөбересін сүйіп отырған мейірбан әке, бақытты ата.

 Осыдан бірсыпыра жылдар бұрын ағамыздың мерейлі қуанышында, ауылшаруашылығы қызметкерлерінің үлкен басқосуында ағамызға арнап «Жер қадірін білген ер» атты өлең жазып, көпшіліктің алдында оқып бергеніміз бар.

    Алыс кетсе ортайып әлденесі,

    Жылыұшырап кетеді әр төбесі.

    Аман болса жанынан тастамайды,

    Көз алдында тұрады Шәлкөдесі.

     Салған талай осынау дала сынға,

     Шөлін басқан Ақбұлақ жағасында.

     Қарашығы секілді жанарының,

     Құшағына тартады Таласын да.

     Шаруасы көп, әлі де бар қаншасы,

    Тек соныкі – ғұмыры, қалған жасы.

     Тіршілігін паш етіп, ісін бәрін,

     Әйгілеп тұр Әлемге «Айғайтасы»

     Жалтақтықты, жеңілді қаламайды,

     Ерен істі, еңбекті жағалайды.

     Жан-жүрегі секілді мынау өлке,

      Қабанды мен құт қоныс Қарағайлы.

      Туар талай, туады неше дастан,

      Елжіреп кеп бауырын төседі аспан.

      Көрінеді мәрт мінез көңіліндей,

      Шоқан асқан сайы мен Есекартқан.

      Бар үмітін осы өлке жалғап тұр-ау,

      Арманы – асқақ, ойлары салмақтылау.

      Адал досқа жайылған құшағындай,

      Түзу сайы, керемет Жайдақ мынау!

      Ен тоғайын қалайды, тасты жаны,

      Осы өлкеде қуаныш, бақ құрады.

      Ел-жеріне деген бір ақтығындай,

      Ағып жатыр сыңғырлап Ақбұлағы!

      Жазы келсе, көліне қаз қонады,

      Қырқасында құралай назданады.

      Осы өлкемен қуанып, жүзі жайнап,

      Шәлкөдемен әрдайым жаз болады.

      Төрт түлік мал, ақ бидай – асып- толса,

      Адал еңбек басына бақыт қонса.

      Жер қадірін білген ер – Қален аға,

      Жарасады бар ару ғашық болса.

      Еңбек етпей көңілі жай таба ма,

      Дән толқытты қажыры сай-салаға.

      Аман-есен тік басып Жүзге келші,

  Қара нардай қайыспас қайсар аға!,-деп жазыптық. Сол айтпақшы, асыл ағамызды сексен мен тоқсанның төрінен, жүз жастың өзінен көрейік! Аспантаулар өлкесіндегі шаруаның басын ұстаған барша азаматтардың,еңбекқор інілерінің көшін бастап, көшін көрікті етіп алға бастай берсін!

                                                        Қанат БІРЖАНСАЛ,

                                                     Шәлкөде ауылдық округі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password