ЖЕЛТОҚСАН АРДАГЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

    Тәуелсіздік сөзінің өзі жанымызға жылу береді. Желтоқсанның ызғары да, қатып қалған мұздары да, қазақ жастарын қорқыта алмады. Қайсарлықпен бодандыққа қарсы тұрған желтоқсан ардагерлеріне бас иеміз. Ата- бабалардың аңсауы желтоқсаншы жастардың қайсарлығымен Тәуелсіздігіміз есіктен еніп, жанымызға шаттық сыйлағалы міне 31 жыл.

1986 жылғы қасіретті Желтоқсан оқиғасының бел ортасында елім-жерім деп атой салған жастардың арасында біздің ауданымыздың да батырлары болғаны белгілі. Сол кездегі өрімдей жігіттер мен қыздар бүгінде бір-бір үйдің орны бөлек отағасы, асыл жар, аяулы анасы. Алды зейнеткерлер болса, арты әлі де ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген аяулы жандар. Желтоқсан ардагерлерінің жасы ұлғайған демесең сол кездегі намыстары, жігерлері, қайтпас қайсарлықтары жүздерінен әлі байқалады.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында аудан әкімі Дүйсенбаев Берік Фатықұлы осы бір рухы асқақ, қажыр-қайраты мен ерік жігері мұқалмаған аяулы жандарды аудан әкімдігінің мәжіліс залында қабылдады. Желтоқсан қаһармандарын Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтап, отбастарына жақсылық, дендеріне саулық, еңбектеріне береке тіледі.

Қабылдау барысында аудан әкімі ызғарлы желтоқсанның куәгерлерін «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестігінің медальдарымен және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттап, сый-сияпаттар табыс етті. Шара үстінде «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы облысы Райымбек ауданы бойынша жетекшісі Тойғожа Достарбеков сөз кезегін алып, жиылған қауымды мерекелерімен құттықтады. Заманның тыныш әрі бейбіт болуын тіледі.

Кездесуден кейін аудандық Баққожа Мұқай атындағы мәдениет үйінің алдында орналасқан «1986 жылғы желтоқсан құрбандарына мың тағзым» атты желтоқсан құрбандарының құрметіне қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, әруақтарына құран бағыштады.

«ХАНТӘҢІРІ».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password