ЖЕЛТОҚСАН ҚАҺАРМАНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

     Осыдан тура 35 жыл бұрын Қазақстанның астанасы Алматыдағы бұрынғы Брежнев атындағы алаңда болған әйгілі Желтоқсан оқиғасының бел ортасынан табылған жастардың арасында біздің ауданымыздың да азаматтары бар еді. Сол тұстағы өрімдей жігіттер мен қыздар бүгінде бір-бір үйдің орны бөлек отағасы, асыл жар, аяулы анасы. Өздері Ту көтеріп, әділетсіздікке қарсы шыққан осы бір ардақты азаматтар қазіргі таңда бір кезде өздері аңсаған Тәуелсіздіктің арайлы шуағына малынып, ерен еңбектерімен ұлағатты ұғымды баянды етуге белсене атсалысып жүрген, еліне елеулі, халқына қалаулы жандар. Сол оқиғадан кейін қаншама қуғын-сүргін көрсе де жігерлері жасымаған батыр рухты азаматтар.

    Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесіне санаулы сәттер қалғанда аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов осы бір рухы асқақ, қажыр-қайраты мен ерік жігері мұқалмаған аяулы жандарды аудан әкімдігінің мәжіліс залында қабылдады.

     — Ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздік біздің қолымызға оңайшылықпен келген жоқ. Қиындығы көп болды. Бұл жолда небір сойқанды оқиғалар, зұлмат заман әкелген нәубеттер орын алды. Кеңес одағының бір тармағы саналған Қазақстанның халқы сол орталық жасаған небір әділетсіздіктің құрбаны болды. Бостандыққа ұмтылғанымен тегеурінді жүйенің шеңгелінен шыға алмады. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын сол шеңгелді бұзып-жарған әділетті күрес ретінде бағаланды. Сол күрескерлердің арасында Сіздердің де болғандарыңыз ұрпақтар үшін зор мәртебе, үлгі-өнеге деген аудан әкімі Желтоқсан қаһармандарын Тәуелсіздік мерекесімен шын жүректен құттықтады. Отбастарына жақсылық, дендеріне саулық, еңбектеріне береке тіледі.

     Қабылдау барысында аудан әкімі «Өз жұмыстарын адами және кәсіби түрде атқарып, еліміздің рухани-әлеуметтік дамуына қосқан зор үлестері үшін» желтоқсаншыларды аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Естелік сыйлықтар табыс етті. Шара үстінде сөз алған Тоқан Достарбеков, Болат Жағыпаров, Бақыт Раева сияқты желтоқсаншылар ызғарлы күндердің зұлматын тебірене еске салды. Тыныштық, бейбітшілік болуын тіледі. Ақ ниеттерін арнады.

Өз тілшімізден.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password