Әжелер өнері өрнектелді

Жуырда аудандық мәдениет үйінде Тегістік ауылы өнерпаздарының аудандық «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» атты байқауы аясында «Тұсаукесер» сазды сахналық қойылымы болды. «Болашаққа бағдар-рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындайтын «Ұлттық тәрбие-бабадан қалған асыл мұра» атты іс-шарада театрландырылған қойылым, «Шуақ» әжелер ансамблінің, ауыл өнерпаздарының сазды бағдарламасы осыған қоса көрмелерімен де таныстырды. Көрмеде Бақытхан есімді ісмер, шебердің қолынан шыққан қазақылыққа сай оюлы, кестелі тігін өнерін тамашаладық. 9 сынып оқушысы Ербол Елжанның өз қолымен шапқан ертоқымы, келешек жастардың ұлттық өнерді ұмытпағанының бірден-бір дәлелі іспетті. Мақан қарияның көне жәдігерлері «аяқ қап», «тас диірмен», «күбі» сынды байырғы қазақтардың тұрмыстық заттары көрмеге қойылды. Кәмзаев Қадірқұлдың ат әбзелдері де көрме төрінен орын тапты. Сілекейіңді сірне татыратын сүт өнімдерінен жасалған дәмі тіл үйіретін ұлттық астарымызда көлеңкеде қалған жоқ. Ұлттық тәрбиенің сойылын соғып жүрген ақ әжелеріміз халықты қазақтың салт дәстүрлерімен сусындатты. Соның ішінде, «Тұсаукесер» сазды сахналық қойылымын көрсетіп шаршы топтың алдында қошеметке йе болды. Бүгінгі таңда тас ошағы талқан болып жатқан жастарға тәрбиенің тұнығын көрсетті. Әжелеріміз халық әндерін нақышына келтіре орындап көрерменнің көңілін көтерді. Тегістік ауылдық округінің әкімі Айыпжан Қаптағаев «Маржан қыз» атты әнімен кешті қыздыра түсті. Керемет кештің соңы Қанағатұлы Айболдың орындауындағы «Тегістігім тұғырым» туған жерге арналған әуезді әнімен аяқталды. Мұзбалақ Мұқағали әжелер жайлы:

              Әже, сен бірге жүрсің меніменен,

              Өліге мен өзіңді телімегем.

              Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,

              Ақ кимешек жоғалса, нені көрем,-  деп әжелеріміздің жылы жүрегін, жарасымды кимешектерін бір шумақпен суреттей білген. Ұлттық тәрбиені ұрпақтарына жеткізуді өмірлік ұстанымына айналдырған, бабадан балаға мұра болып келе жатқан қазақтың салт-дәстүрін келешек жастарға жеткізуге барын салып жүрген қазыналы қарттарымыз көп болсын.

Дастан Қасенұлы, Нарынқол ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password