Жазықсыз жапа шеккен Тұрлы Бірбаев

        «Біз қазақ мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз». Бұл Қаз дауысты Қазыбек бидің қазақ халқы туралы айтқан ең ұтымды сипаттамасы. Тарихында сан түрлі оқиғаларды бастан кешкен алаш жұртшылығы үшін ел болу жолындағы түрліше сынақтар оңай тимеді. Осындай тарихи қасіреттердің кезектісіқолдан ұйымдастырылған саяси қуғын-сүргін. Саяси қуғын сипаты Кеңестік биліктің жергілікті тұрғындардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін қорғаушыларға, ұлттық автономия құру идеясын қолдаушыларға “тап жаулары”, “ұлтшылдар”, “жат пікірдегілер”, “әлеуметтік қауіпті элементтер” деген қара күйемен халықтың оларға деген теріс көзқарасын қалыптастыруға күш салды. Бұл қасіретті саясатқа байланысты сандарды сөйлетсек, 70 мыңға жуық қазақ зиялылары атылып өлім құшса, 100 мың адам қамалып, айдауға жіберілген. Суық саясат зұлматынан хабар беретін бұл сандардың есебінде әрбір біртуар ел өрендерінің тағдыр талқысы жатыр. Сол өрендердің бірі- 1893 жылы Алматы облысы Нарынқол ауданы Шалкөде ауылында дүниеге келген Бірбаев Тұрлы атамыз. Жүрегі елім деп соққан, әрекеттері халық қамына бағытталған Бірбаев Тұрлы атамыз Шалкөденің жасыл кілемінде еркін көсіле өскен, бастауыш білімді аяқтаған қарапайым қазақ баласы еді. Дүние есігін Шалкөде ауылында ашқан атамыз кейіннен Кеген ауылына қоныс аударған. Жасынан іске бейім атамыз Қырғызсай аймақтық комитетін басқарған.

        Менің атама халық жауы атағы жағылғанда, әкем 17 жаста екен. Халық жауының отбасы деген желеумен әкемдерді тұрғылықты мекенінен қуып, қыспаққа ала бастаған .

        Сонда абдырап қалған әкемдер Қырғызсай мекенінде киізден жабылған жаппа үйде күнелткен көрінеді. Сол заманда ел ертеңі үшін қам жеген Бірбаев Тұрлы сынды азаматтардың тоталитарлық билік өкілдерінің көзіне алдымен түсетіні айтпаса да анық. Сонымен қатар, дәл осы шақтарда Ф.И.Голощекиннің елімізге басшылық қызметке келуі нөсер алдындағы қара бұлттан хабар берді. Ол “Кіші Қазан” төңкерісін ұйымдастыру арқылы ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға кірісті. Осы процесс аясында Бірбаев Тұрлы атамыз 1937 жылдың ызғарлы желтоқсан айының 14-ші жұлдызында Қазақ ССР Кеген аудандық Халық комиссариаты ішкі істер бөлімі шешімімен халық жауы деген атпен тұтқындалды. Осылайша, қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам деген тағы бір азаматтың әрекетіне тұсау салынды. Сұрқия саясат құрығына ілінген атамыз осы тұтқындалудан кейін азапты құрсаудан босана алмады. Жалғасын тапқан сәтсіздіктер орын алып, РСФСР қылмыстық кодексінің 58-2,58-10,58-11 тармақтарымен 31 желтоқсан 1937 жылы Алматы облыстық Халық комиссариатының ұйғарымымен 10 жылға бас бостандығынан айырылып, солтүстік-шығыста орналасқан Ресей қаласы Магаданға еңбекпен түзету Лагерьіне жіберілген. Нақты деректерге сүйенсек, ардақты атамыз жазасын өтеп жүріп атылған.

        Әкемнің айтуынша көне көз қариялар мен сол кездегі қуғынға ұшыраған кісілер атамызды «өте зерек, ешкімнің алдында бас имеген, ел-жұртының амандығы үшін басын бәйгеге тіге білген арда туған азамат»- еді деп сипаттап берген екен. Кейіннен атамыз бақилық болғаннан кейін де әкеме келіп «сенің әкең Тұрлының арқасында аман қалғанбыз» деп алғысын айтқан адамдар да көп болған.

       Сол кездегі елінің қамын жеп, нағыз ұлтының ертеңгі күнін ойлаған азаматтардың қуғынға ұшырап кеткені өкінішті. Біздің қазір егемен ел болып, тыныш заманда өмір сүріп отырғанымыздың барлығы сол кісілердің жанқиярлық еңбегінің жемісі. Халқы үшін, намысы үшін жан берген барша саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары мәңгі есімізде сақталады.

Бекболат БІРБАЕВ,

аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password