Жазушының сарқылмас рухани әлемі…
Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті.
Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік.
Ғабит Мүсірепов.
Кітаптар – біздің рухани байлығымыз, білім теңізіндегі өз компасымыз. Өйткені, ғаламның бар құпиясы кітаптарда сақтаулы. Ұлттық болмысымыз бен тарихымызды, салт-дәстүріміз бен тілімізді сүйіп, оны бойға сіңіруде бүгінгі күні кітапхана қорына келіп түскен жаңа кітаптардың септігі тиері анық.
«Кітапханаға кітап сыйла» акциясы бойынша Алматы облыстық кітапхана қорына ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бастап, қазiргi ХХI ғасырдағы әдебиет саласында өз шығармашылығымен ұлт мәдениетiне қомақты үлестерiмен халқымызға танымал суреткер қаламгер, жазушы Ұзақбай Доспанбетовтың 2020 жылы Алматы қаласынан Таймас (ИП «Немцов») баспасынан қайта өңделіп жарық көрген екі томдық «Қызыл жолбарыс»тарихи романы, «Бақ пен сор» және «Қанды жол» атты кітаптарын тарту етті.
Жазушы «Қызыл жолбарыс» тарихи романын ел аузында сақталған қыруар аңыздарды жинаумен қатар Алматы, Талдықорған, Шымкент, Ташкент, Мәскеу қалаларындағы мұрағаттардан сан салалы үлкен зерттеу жұмыстарының жүргізілгені туралы баяндаса, ал «Бақ пен сор» кітабында әр жылдағы жазған таңдамалы повестері, әңгімелері, сондай-ақ әдеби-сын, ғылыми-зерттеу мақалалары енгізілген. Келесі «Қанды жол» кітабында қазақ тарихындағы ең бір қайғылы, қаралы кезеңі 1928-1931 жылдардағы ашаршылық, кәнпеске, ел-жұрттың ата жұртын тастап, жат елдерге жаппай көшуі туралы берілген.
Шығармашылығын да, азаматтығын да құрмет тұтатын ағамыз келер жылы 80 жасқа толады. Әр тартымды туындылары арқылы қаламгердің тереңнен тамыр тартқан ой-толғаулары оқырманға ормандай ой салып, ұрпаққа үлгі-өнеге берері сөзсіз.
Ұсынылған кітаптардағы қазақ халқының қилы тағдыры, өткен жолы, бүгінгі бақытты кезеңі жастар үшін мол рухани дүние.
Жадыра Асылбаева,
С.Сейфуллин атындағы облыстық
әмбебап кітапханасының
Алматы аймақтық филиал кітапханашысы.
0 Пікір