ЖАУ ТАНКІСІН ЖАЙРАТҚАН БАТЫР ЖАУЫНГЕР І. ЖҰМАСЕЙІТОВ МҰСТАҚ ТУРАЛЫ СЫР

        Уақыт көші жылдамғой шіркін! Күнді аптаға, аптаны айға, айларды жылдарға жалғап зымырап өтіп жатыр. “Таулар алыстаған сайын биік көрінеді”,- дегендей кеше ғана ортада жүрген адамның уақыты жетіп, келместің кемесіне мініп, арамыздан кеткен соң, оның жақсы ісін, халқы үшін сіңірген еңбектерін артында қалған балалары мен немерелері, ағайын-туыстары, ауылдастары еске алып, естелік айтып, әруағын асқақтатудан жалықпайды.

         Жүздегі күлкі мен бейқам күндерді сап тыйған соғыстың Кеңес Одағының жеңісімен аяқталғанына биылғы жылдың 9 мамырында 77 жыл толмақ.

         Әкеміз Мұстақ Жұмасейітов 1924 жылы 2 мамырда Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданындағы Ұмтыл ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылып, інісі Ғафур екеуі балалар үйінде тәрбиеленген. 1941 жылы соғыс басталған шақта ол небәрі 17 жаста еді. Осылайша, Мұстақ Жұмасейітов танкішілер мектебіне оқуға алынып, оқуды аяқтаған соң “Т-34” танкісіне кіші сержант ретінде механик жүргізушісі болады.

         Ресей, Украина, Польша, Германия, Бронденбург қақпасы, Ландсберг, Цюллихау т.б немістердің негізгі темір жолдары мен тас жолдарындағы мықты бекіністерін жоюға қатысады. 1945 жылдың 23-ші сәуірінде немістердің негізгі бекінісін бұзып-жарып, осы жылдың 2 мамыр айында Берлинге шабуыл жасайды. Осы аталған ұрыстарға қатысқаны үшін, Совет Одағының жоғарғы қол басшысы маршал И.В.Сталин жолдастың өкімімен 1 дәрежелі, т.б Ұлы Отан соғысы медальдері мен Қызыл Жұлдыз Орденімен марапатталған. 1946 жылы елге оралып, Алматыға, артынша Нарынқолға келіп, шаңырақ көтереді. Данақ Ахуновамен отбасын құрған соң, жас жұбайлар Нарынқол ауылында жұмыс жасап, бейбіт күннің берекесін көрді. Жары екеуі 12 бала тәрбиелеп өсіріп, 33 немеренің күлкі нұрына бөленіп, 61 шөбере сүйген мәуелі ағаштай кең қанат жайған әулетке айналды. Көреген жандарды сағына еске ала отырып, рухтарына зор құрметпен бас иеміз!

Мақсұт МҰСТАҚҰЛЫ,

ұлағатты ұстаз, зейнеткер,

Нарынқол ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password