Жастығымның жалынды жылдары қалды
Кешегі «Советтік шекара», бүгінгі «Хантәңірі» газетінің жарық көре бастағанына 85 жыл толыпты. Яғни, газет 1936 жылдан шыға бастаған. Шыға бастады деп айту тілге жеңіл. Тарих парақтарына үңілсек, 1936 жылы алғашқы таралымы оқырмандарға жеткен газеттің, оның шығармашылық ұжымының жағдайы қалай болды екен деп еріксіз ойға берілесің. Халқымыз ашаршылық наубатынан жаңа-жаңа ес жиып, сауаттандыру, колхоздастыру дәуірі ұрандап тұрғанда, НКВД-ның «қырағылары» алдағы «халық жауы» науқанын жоспарлай бастағанда газетте қандай материалдар жарияланды? Сол дәуірге бүгінгі уақыттың тынысынан көз жүгіртсек, газетке берілген әрбір материалға сақтықпен екі шоқып, бір қараған отызыншы жылдардағы аға буын әріптестеріміздің жанкешті жұмысын ойлаудың өзі қорқынышты.
Мысалы, одақтық «Известия» газетінде сол кезеңдерде жарияланған мақалада Сталиннің «главнокомандующий» деген лауазымынан «л» әрпі түсіп қалыпты. Яғни, жіберілген қателіктен күн көсемнің кімге айналғаны айтпаса да түсінікті. Осы қателік үшін аталған газеттің редакторынан бастап тұтас ұжымы итжеккенге айдалыпты.
Ал, Қытаймен шекаралық аудандағы газет қызметкерлерінің атқарған жұмыстары мен бастан кешкен қиындықтары орталық газеттегі әріптестерінің жұмысынан бір мысқал да кем болмағаны айқын. Газеттің аға буын өкілдері сол ұрандатқан, белсенділер мен сөз тасығыштар әрбір басқан қадамыңды қырағылықпен аңдыған сол өктем кезең ешкімді де оның ішінде аудандық газет ұжымын да басынан сипамағаны белгілі. Бұл жөнінде бұрынғы ағалардың қиындықтарын, әрине білмеймін. Дегенмен, «кемелденген социализм» кезінде газет жұмысына араласқандықтан өзім естіген, куәсі болған бір-екі фактіні айта кетейін. Газетте ұзақ жылдар жұмыс атқарған, өмірден ерте өткен әріптесім Алдаберген Жандаралов кезекті нөмірге мақала жеткізе алмай жатқандықтан шұғыл мәлімет беруін өтініп бір шаруашылыққа хабарласады. Әлгі шаруашылықтан «100 саулықтан 130 қозы алды»- деп, озат шопанның аты –жөнін, мәліметін береді. Мәлімет газетке мақала болып жарияланып кеткеннен кейін оның соңы шуға айналады. Жаңағы шаруашылық маманы тілшіден тезірек құтылу үшін қошқар бағатын шопанды озат шопан деп беріп жіберген ғой. Соның салдарынан біраз жүйкесі таусылып жұмыста әрең қалғанын айтып еді марқұм Алдаш Жандаралов әріптесім.
Тілшілерден мұндай тез құтылу әдісі туралы сол кездегі Ленин атындағы колхозда мал маманы, кейіннен аудандық партия комитетінде нұсқаушы болған Болат Қалтаев маған сырын ашып, екеуміз рахаттана күлген едік. Қалай күлмейсің?!.. Аудандық партия комитетінің шақыруымен аудандық Білім қоғамына жауапты хатшы болғам. Жазғы науқанда шөп шабуға, қора салуға жегілетініміз белгілі. Ақбұлақта қора салдық. Түскі үзілісте республикалық радиодан берілген «жоспарды 120-130 процент орындап алда келеді»-деген хабарды естіп, ал кеп күлейін. Маған аң-таң болған Болатым:
— Ей, Иеш! Жын ұрып кетті ме, неге күлесің,-дейді.
— Газетке озаттар туралы «120-130 процент» деп, талай жазып едік. Енді республикалық радио солай сайрап жатыр. Қалай күлмейсің…
Менің күлкімді Болат Қалтаевтың қарқылы басып кетті…
— Сен неменеге күлесің?..
— Журналистер мәлімет сұрап мазаны алғанда «120-130 процент»-деп бере салушы едік…
Бұл жолы екеуміз қосыла күлдік. Негізінде бұл мысалым газетке мәліметтердің барлығы өтірік беріледі деген сөз емес. Ол кезде газетке берілген әр мәліметті аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімі қатаң қадағалайтын. Мен газеттің ауыл шаруашылығы бөлімінде жұмыс атқардым. Газеттің бірінші-екінші бетінің материалдарының жүгі марқұм Рысбек Сүгірбеков екеуміздің мойнымызда.
Рысбек досым нағыз ақмылтық журналист еді. Мәліметтерін тілдей қағазға түсіріп алып машбюроға кетеді. Содан көпке дейін машбюродан оның қоңыр даусы естіліп жатады. Шопанмен, сауыншымен, тағы басқа еңбек адамдарымен сұхбатын жадында сақтап, сол қалпында машбюроға ауызша диктовка жасайтын. 2-3 бетіңді ауызша диктовка жасау Рысбек үшін түкке де тұрмайды. Нәтижесінде мөлдіреген, мазмұнды очерк, суреттемелері газет бетінен түспейтін. Амал қанша, талқаны ерте таусылды талантты журналисттің.
Сол Рысбек екеуміз шаруашылықтан штаттан тыс тілшілер жазып әкелген мәліметтерді аудандық ауыл шаруашылығынан берілетін күнделікті, апталық, айлық және 24-ші мәліметтермен, статтың мәліметтерімен салыстырып, кемшілігін түзетіп газетке жариялайтынбыз. Болаттар айтқан шаруашылықтардан «қыдырып жүрген 120-130 проценттер» статтан табылса, оған біздің кінәміз жоқ. Бөлімге берілген материалдарды пісіру үшін өзіміз көп іздендік. Зоотехниктің, агрономның, инженердің, басқа да ауыл шаруашылығы мамандарының анықтамалықтарын оқыдық. Науқандық жұмыстардағы кемшіліктерді «өлтіре сынамай» оны түзетудің нақты жолдарын мамандар көзімен талдау ретінде газетке бердік.
Тұқымның тазалығы, жоғары, 1-ші, 2-ші репродукцияға жеткізілуі, көктемгі егісте сеялканың қатар аралықтарының дұрыс қойылуы, дәннің вегатациялық кезеңін өткізіп алмай, 5 сантиметр тереңдікте себілуі, алқапқа берілетін судың литр-секунд мөлшерінің өлшемі, тауарлы–сүт фермаларындағы зоотехникалық-малдәрігерлік талаптардың сақталуы, коротин азықтылығын сақтау үшін эспарцеттің гүлі түспей, мезгілінде шабылуы, ауыспалы егіс, төл алу, техниканы толық қуатында пайдалану, техниканы жөндеу, қар тоқтату т.б. көптеген ауыл шаруашылығы жұмыстарына рейдтер кезінде біздің ауыл шаруашылығы бөлімі бір кісідей жегіліп кететін.
Біздің сондай жан-жақты зерттелген мақалаларымызда көрсетілген кемшіліктерге аудандық партия комитеті де түсіністікпен қарап, жұмысында ақау жібергендерді шақырып, бюродан бастап сілкілеп жататын. Бірақ, сын дәлелмен, әділ айтылған соң «кейіпкерлеріміздің» ренжігенін көрмедік. Керісінше, іс-сапарға барсаң өздері емен-жарқын қарсы алып, қажетті мәліметтермен қамтамасыз ететін. Өз мамандығымызға деген сүйіспеншіліктің нәтижесінде газет бізді өсірсе, біз газетті өсірдік. Көпшіліктің газетке деген ықылас-пейілі де өзгеше еді. Тиражы 10 мыңға дейін жетіп, «Советтік шекара» кезінде Бүкілодақтық Ульянов атындағы сыйлықпен марапатталды.
Біздің бөлімге қарағанда Айтақын Әбдіқалов пен Мінуар Әкімхановтың партия тұрмысы, Еркін Ібітанов ағаның әдебиет және мәдениет, Батықтың хат-хабарлар бөлімінде еркін көсілуге мүмкіндік көп еді. Бірақ олар да аптасына 3 рет шығатын аудандық газеттің қамытына жегілудей жегіліп, ауыртпалығын бірге көтерді.
Газетте бірер жылдай тілші болған Бақыт Бұқарбеков көресіні аудан жаңалықтарынан көрді. Редактор оған газеттің соңғы бетіне ауқымды- ауқымды 3 жаңалықты жариялауды тапсырған. Ол жаңалық құрғыры оңайлықпен таптыра ма?..Телефонның құлағынан түспейтін Бақыттың онсыз да құлағыңды тұндыратын дауысы бірте-бірте айғайға ұласты. Содан бірде үшінші жаңалықты таба алмай қажып отырған Бақытты қиындықтан баспахананың директоры марқұм Қалыбек Нұрмұханбетов аға құтқарды. Ұтыс тиражы шыққан газетті алып келген Қалыбек аға «мына цифр дұрыс па, дұрыс емес пе?»-деп, бізден сұрап жүр. Салыстырсақ, Қалекеңнің 30 тиындық лотереясына «Запорожец» автокөлігі шығып тұр. Әлгі газетті ала салып банкіге хабарласқан Бақыт «Ура, бір жаңалық табылды»-деп, қолын шапалақтады. Біреу лотереяға машина ұтып қуанса, біреу жаңалық табылғанына одан артық қуанды-ау!
85 жастың белесіне қадам басқан аудан халқының айнасы бұрынғы «Советтік шекара», қазіргі «Хантәңірі» газеті туралы айтар әңгіме таусылмайды.Өткен жылдарда газет алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне, ауылдардың көркейюіне өлшеусіз үлес қосты. Аудан халқының рухани тәрбиешісіне айналды. Ауданның бүгінгі жеткен жетістіктерінде осы өңірде жұмыс атқарған төртінші билік өкілдерінің жұқарған жүйкелері, таусылған көз майлары қалды. Олардың барлығы журналистиканың нағыз майталмандары болатын. Ал, машбюродағы Секер Мұқасалиеваның саусақтарының жылдамдығына кез-келген тілші диктовка жасап үлгере алмайтын. Секер тәтеміз сонымен қатар үтір, нүктелерімізді айтпай-ақ өзі қойып, қатемізді түзететін. Корректор Алтынкүл Ысқақова өте сауатты еді. Біздің көрмеген қатемізді сол кісі көретін. Мақалада жіберілген қателерді де иесіне айтып, түзетіп жататын. Кабинетте біз Мінуар екеуміз мақала дайындаудың әуресімен, Алтынкүл тәте қатенің әуресімен алысып жататын. Бір-бірімізге сөйлеуге мұршамыз болмайтын.
Сондай қиындықтарды бастан кеше жүріп аудандық газеттен еңбек жолын бастаған Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев, Еркін Ібітанов, Баққожа Мұқай, Сағат Әшімбаев бастаған ондаған таланттар бүгінде тәуелсіз еліміздің мақтанына айналды. Сондықтан да соңғы уақыттарда жиі сөз бола бастаған аудандық газетті жекешелендіру үрдісі 85 жылдық тарихы бар аудандық «Хантәңірі» газетін айналып өтсе деп тілеймін өз басым. Бұл тек мен ғана емес, газеттің аудандағы мыңдаған оқырмандарының, бүршік жарып келе жатқан жас таланттардың тілегі. Рухани байлықты жекеменшіктің қаржысымен өлшеудің өзі ағаттық.
Қалай болғанда да осы газетте жастығымыздың жалынды жылдарын қалдырған біздер 1936 жылдан бастап әр жылдары «Советтік шекара» газетінде редактор болған Әріпбай Сәтбаев, Әбдірәсіл Құлмырзаев, Бақытжан Атшабаров, Шотан Әміров, Исабай Құлжабаев, Мәжит Түменов, Әлнұр Мейірбеков, Төлек Айдаралиев, Дәулет Желдікбаевтай ағаларымызды ыстық ықыласпен еске аламыз. Көбіміз Әлнұр, Төлек, Дәулет ағалардың алдындағы редакторлардың аттарын естігеніміз болмаса, жүздерін де көрген жоқпыз. Әйтсе де, жоғарыдағы ағалардың әрқайсысы газет жұмыстарын жақсартуда өздерінің қайталанбас жолдарын қалыптастырғаны белгілі. Газеттің жүгін бір кісідей көтеріп, өмірден ерте өткен бас редактордың орынбасары Қыдырбек Нүсібәлиев ағаны қалай ұмытамыз.
Газет туралы айтылмаған, айтар ойларым көп еді. Дегенмен, айтпаған ойларымды осыдан 30 жыл бұрын, 1996 жылы 27 қарашада «Хантәңірі» газетінің № 44 санында газеттің 60 жылдығына орай жарияланған қаламдас әріптесім әрі рухани аға болған арқалы ақын Еркін Ібітановтың «Газетім-тағдырым» атты өлеңімен аяқтағанды жөн көрдім.
«Хантәңіріне айтылар сыр»
Әр пенденің өз жолы бар таңдаған,
Орта жолда қалар жүк тарта алмаған.
Осынау бір өзекті өрісіңе,
Тағдыр мені алып кеп арқандаған.
Арқандалған отыз жыл өтті-кетті,
Асқақтатты, кей кезде тепкілетті.
Арындасам тізгіндеп, ауыздықтап,
Шабандасам тебініп, тепкілетті.
Міне солай ширығып, шыныққанмын,
Шындық түбі шыңырау-шын ұққаным.
Тапсырмаңды табжылтпай тындырам деп,
Үйірімді, үйімді ұмытқанмын.
Мен сенімен тағдырлас-қоныстаспын,
Жетегіңде қадамымды дұрыс бастым.
Адалдықтан аттаған кездерім жоқ,
Қиянатпен атыстым, қылыштастым.
Үйреттің жалауымды тік ұстауды,
Мансаптының алдында ығыспауды.
Үйреттің замананың заңын жаттап,
Ентіксем, елмен бірге тыныстауды.
Кейбіреулер кедей деп тақса да мін,
Жармақ-тиын жинауды жат санадым.
Тіршіліктің қатқақ жол қапталында,
Тасырқадым, алайда ақсамадым.
Сынағанға сырымды бермегенмін,
Сен демеп, мен төскейге өрлегенмін.
Іркес-тіркес мінекей жетектесіп,
Алпысқа мен де келдім, сен де келдің.
Қадалғанда түсетін түйреп-тіліп,
Қыран едік қаз тепкен үйректі іліп.
Шау тарттық па, немене соңғы кезде,
Жұрт алдына жүрміз-ау, сирек шығып.
Дәл осында жалғандық, тетік бар ма,
Еліктеме боз самай кетік шалға.
Газет үшін Алпыс жас –балауса кез,
Пенсияға мен ұқсап кетіп қалма.
Талайлардың мейірін қандырғансың,
Талайлардың үмітін жандырғансың.
Шежіресін шерте бер ел-жұртыңның,
Бағытыңнан жаңылма, Тағдырласым!
Хантәңірі газеті Еркін ақын айтқан балауса кезден қазір орда бұзар отызға ілікті. «Қилы заманға» алғы сөзінде Ұлы жазушы Шыңғыс Айтматов айтқандай: «Есен-сау бол, тарлан тұлпарымның көзі. Жер танабын қуыра шап!» Өйткені, сенің айтқаныңнан айтарың, жазғаныңнан жазарың көп. Газеттегі іні-қарындастарымызға атағы алысқа кеткен ағаларының жолдарын лайықты жалғастыру жазсын.
Иемберді ТАСТАНОВ ақын,
Қазақ журналистикасының қайраткері.
0 Пікір