ЖАСТАР — ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

   Армандарын ауыл болашағымен байланыстырған қайратты жастар Нарынқол ауылы Б.Соқпақбаев атындағы мектеп-гимназиясында  дөңгелек үстелде  бас қосты. “Жастар – біздің болашағымыз” атты бас қосу отырысына әр салада қызмет атқарушы жас мамандар мен аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары, ауылдық округ әкімдері мен ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі әдіскер- нұсқаушылар және БАҚ өкілдері қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Н. Сағатбекұлы жетекшілігімен жүзеге асқан отырыс көптің көкейіндегі мәселелерге қозғау салды.

  “Үміттер мен армандар жастарды жақсы көреді” деген сөзді естуім бар. Жастар- елдің ертеңі, болашақтың басты кілті. Елімізді көркейтуде басты сенім артар күш-қуат жастарға тиесілі.  Жаңа белестерді бағындырып, күнделікті ілгері жылжуды мақсат ететін ауданымыздың тыныс-тіршілігіндегі басты әрекет күші жастарға тиесілі. Отырыста алғаш сөз алған аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Нартай Шымырбаевтың айтуынша, ауданымыздағы жастардың жалпы саны, 8621 адамды құрайды. Отырысқа қатысушы жастар түрлі саланың көшін бастап жүрген ардақты жандар.  Жастарды жұмыспен қамту мақсатында түрлі шаралар жүзеге асып жатқанымен, аудан жастарының біршамасы әлі де қолдарын қусыра құры жүріспен күн өткізуде. Нарынқол ауылындағы “Серікжан” жеке кәсіпкерлігінің директоры Бекдәулет Іңкәрдің айтуынша, жастардың  екі қолға бір күрек таппауы өз құлықтарының жоқтығы мен кертартпа жалқаулық әсерінен. Жас кәсіпкер  аудан жастарын түрліше кәсіп ашумен шұғылдануға шақырды. Расымен де, ауданымызда жеке кәсіпкерлер көп болғанымен, бірқатар көңіл-көтеру, сергіту орталықтарын ашатын кәсіпкерлер әлі де қажет. Іңкәр Бекдәулет өз баяндамасында кәсіп ашуға тұсау салатын кедергілерді атап өтті, олар: идеяның жоқтығы, қаражат мәселесі және жалқаулық. Тағы бір мәселе, идеясы көңілге қонымды, жалқаулығынан алға жылжуы басым бастамашылар сансыз құжаттар мен кәсіпкерлікті  мемлекет тарапынан қолдауға  бөлінген қаржының қолжетімсіздігінен  орта жолда тоқтауға мәжбүр. Әрине, қолдауға қол жеткізу мүмкін емес нәрсе емес, тек құжаттардың көптігі мен жүйенің күрделілігі адамдардың төзімділігін әбден сынайтындай-ақ сипатқа ие. Тәжірибелі кәсіпкердің айтар ұсынысы да бар, ол кәсіп ашқандарына  1 жылдан асқан кәсіпкерлердің кәсібін жетілдіру мақсатында мемлекет тарапынан қаражат қарастырылса дейді.  Жастардың жұмыспен қамтылуы жайынан аудандық жұмыспен қамту орталығы маманы Асқар Шынар Талғатқызы баяндамасынан да біраз ақпаратқа қанық болдық. Шынар Талғатқызы ауданымызда NEET  санатына жататын жастардың бар екендігін айтты. Тіпті, ұзын саны 50-ге жетеді екен.  Осы тұста оқырманға, NEET санаты жайлы түсінік берген жөн. Сонымен бұл санаттағылар кімдер? Ауданымыздағы оқуға, еңбектенуге, ізденуге құлықсыз, саяси және азаматтық белсенділігі төмен жастар. Өкінішке орай, мұндайлар біздің ауданымызда да бар. Оларға қатысты қарастырылған іс-шаралар да жүзеге асырылуда.

   Жиналғандарды ерекше таңқалдырғаны, ауылдық округтердің жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушыларының жалақысы. Бұл мамандардың істейтін қыруар жұмысына мардымсыз алатын жалақысы біреулерді таңқалдырса, енді біреулердің ашуын туғызды. Нұрбол Сағатбекұлы бұл тұрғыда ауылдық округ әкімдерінің түсіндірмесіне сұрау салды. Әкімдер қол астындағы әдіскер-нұсқаушылардың жалақысына ықпал етуге қауқарсыздығын айтты. Аудан әкімі орынбасары бұл мәселенің шешімін тауып, істелген жұмыстың лайықты бағалануын қадағалауға бар күшін салатынын айтты.

   Күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі- ауданымыздағы отбасылардың зорлық-зомбылық жағдайы.  Аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция лейтенанты Байсабаев Нұрғанат Сағатұлы аудандағы жас отбасылар арасында зорлық-зомбылықтың жыл басынан бері ешқандай дерегі тіркелмегендігін айтып көңіл қуантты.  Тәртіп сақшысы өздеріне арыздана келетін зорлық-зомбылық көрсетушілермен арнайы іс-шаралар жүргізуі аса қажет мамандардың бірі- психолог екенін нақтылап, психолог маманға деген сұранысын қанағаттандыруға  ықпал ете алатын басшыларға  құлаққағыс жасады. Полиция бөлімінде психолог маманның жұмыс жасауы шын мәнінде үлкен қажеттілік. Тыңдаушылардың біршамасы,  полиция бөлімінде психолог маманның осы уақытқа дейін болмауына таңқала қарасты.

    Отырыстағы қозғауға тұрарлық бірқатар мәселені жас ұстаз Әлкен Назерке Ерланқызының баяндамасынан ұғындық. Б.Соқпақбаев атындағы мектеп-гимназияның  биология пәнінің мұғалімі мектеп қабырғасында арнайы жабдықталған сынып бөлмелерінің жоқтығына күйінеді. Соның салдарынан, білім беру жоспарларын өз ойындағыдай жүзеге асыра алмай жүргенін айтты. Әрине, теория жүзінде алынған білімді практика жүзінде тәжірибеден өткізбесе, алынған білімнің сапасын жоғары деуге болмас. Арнайы жабдықталған бөлмеден бөлек, әкелінген интерактивті тақталардың сапасы тіптен сынға шыдамайтын болып шықты. Мектеп-гимназия деген дардай атаққа ие болған білім шаһарындағы мұндай мәселелер дереу шешімін табуы қажет деген пікірлер мен қорытындылар айтылды. Айтуға оңай, нәтижесін жасалған іс-әрекет көрсете жатар…

   Нұрбол Сағатбекұлы мектептің бұл қажеттілігі жайлы білім бөлімі мамандарына сауал қойды. Сала мамандарының айтуы бойынша, интерактивті тақталар алғаш іске қосылғанда сапалы жұмыс жасап, кейіннен осалдығын көрсететінін айтып ақталды. Ал арнайы жабдықталған пән бөлмелері ауданымыздағы мектептерді біртіндеп қамтып жатқанын айтты. Барлық мектепті бірдей қамтамасыз етуге  қаражат құрғырдың  құрық  салатыны тағы бар.

    Жастар отырысы ұзаққа созылды. Кезекті сөз кезегін “Нарынқол” шекара заставасында шартты мерзімде қызмет атқарып жүрген сарбаз Абылай Хамзабекұлы алды. Қайсар сарбаздың көкейіндегісі- азаматтардың Отан алдындағы борышын өтеуден жалтаруы. Отан алдындағы міндетті атқарудың маңыздылығын айтудан да, баспасөз бетіне жазудан да жалықпасымыз анық, тыңдар құлақ, көрер көз, ұғынарлық көкірек болса әрине. Белгілі себебі болмастан әскерден қашатын ер-азаматтардың бұл тірлігіне кез келген адамның намыстанары анық. Тек сол намыс дәл сондай жұмырбастылардың ойында өрнек құрмауы өкінішті.

    Жас маман, аудандық спорт мектебінің әдіскері Ақжолтай Ғани Ғабитұлы өзіне берілген сөз кезегінде, ауданның спорт саласын көтеру мақсатында бірнеше шаралар жасалып жатқанын мақтанышпен сөз етті. Спорт саласы маманының айтар ұсынысы да бар болып шықты. Ауданымызға келіп жатқан түрлі спорт жаттықтырушылардың тұрғылықты үймен қамтамасыз етілуін өзекті деп тапты. Ауданымызға түрлі қабілетті спортшылардың тартылмауының басты себептерінің бірі-тұратын мекен-жайдың жоқтығынан деп түсіндірді.  

    Мінекей,  көлемді  талқылау осылайша өз мәресіне  жетіп, шешімін таппаққа бекітілді. Ең бастысы — қозғалған мәселелердің шешімі табылып, бағытталған сөздердің иесін табуы.

Ақерке НҰРӘЛІМҚЫЗЫ.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password