ЖАСӨСПІРІМДЕР ЖҰДЫРЫҚ БАЙҚАСТЫ

            Аудан орталығынан бой көтерген сәулетті де сәнді спорт кешені пайдаланғанына бір жылдың жүзі ғана болғанымен небір дүбірлі бәсекелердің туын желбіретіп үлгерді. Спорттың әр түрінен баптарын сынауға республикамыздың түкпір-түкпірінен келіп жүрген жасөспірімдер де, үлкендер де осы бір атшаптырым аумақты алып жатқан кешеннің заманауи үлгідегі тұрпатына тамсанып, көңілдері көкке самғап қайтып жүргені белгілі. Кешен сыртындағы үлкен, шағын футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, 200 метрлік желаяқтар жүгіретін жолдар, ішіндегі стол теннисі мен күрес, бокс залдары, жаттығу орындары бүгінгі заман талабын толығымен қанағаттандыратыны сөзсіз. Еліміздің аты әлемге әйгілі спорт саңлақтарының басым көпшілігі ауылдан шыққанын жақсы білеміз. Осынау елдің шеті, желдің өті, мемлекеттік шекара түбіндегі іргелі ауылдан да болашақта елінің туын көк төрінде желбіретіп, халқының абыройын асқақтатар дүлділдер шықпасына кім кепіл. Ал оған ауыл спортының бағын жандыру мақсатында салынған осынау спорт кешенінің толық жауап бере алатыны анық.

           Жуырда аталмыш спорт кешенінде Алматы облыстық спорт басқармасы мен бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу орталығының ұйымдастыруымен жасөспірімдер арасында бокстан тағы бір дүбірлі бәсеке өткізілді. Республикалық дәрежеде өткен жарыста еліміздің 4 қаласы мен Жамбыл, Қостанай облыстарынан, Алматы облысының 10 ауданынан, көрші Қырғыз республикасынан келген 170-ке тарта жас боксшылар 4 күн бойы шаршы алаңда жұдырық байқасып, Қазақстан Республикасы Рәміздерінің 30 жылдығына орай жерлесіміз, Кикбокстан Әлем кубогының иегері, Еуропаның екі дүркін чемпионы, Азия чемпионы, Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Елмұрат Қайыпжановтың жүлдесін сарапқа салды.

          Дүбірлі бәсеке әдеттегісінше салтанатты жиынмен ашылды. Еліміздің Әнұраны орындалып, Көкбайрағы көтерілді. Алғаш сөз тізгінін ұстаған аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы жиналған көпшілікті рәміздер мерекесімен құттықтады. Бап сынасуға келген жасөспірім боксшыларға жарыста сәттілік тіледі. Алматы облыстық бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу орталығы директорының орынбасары Мерей Әйнеков, жүлдесі сарапқа салынғалы отырған Елмұрат Қайыпжанов, ұлттық дәрежедегі төреші және бүгінгі жарыстың бас төрешісі Бауыржан Ермақашев, халық әншісі Рамазан Стамғазиев, Таэквондадан қара белдік иегері Нұрлыбек Бұлжан, спорт пен өнер жанашыры Шатырхан Керімбеков, темір адам рекордсмен Тимур Сыпатаев, Райымбек аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Динара Әкімханова, жерлесіміз, ауыр атлетикадан Азия жне ҚР чемпионы, Қазақ спорт және туризм академиясының проректоры Бауыржан Талқыбаев, Нарынқол ауылының әкімі Амангелді Шенебеков, басқа да меймандар мінбер төрінен орын алып алып, осынау дүбірлі додаға ақ ниет, ізгі тілектерін арнады. Ауыл спорты, оны дамытудың жай-жапсары туралы ойларын ойларын ортаға салды.

        Келесі кезекте жанкүйерлер мен көрермендердің ықыласын тудырған бәсеке басталып та кетті. Бұл жолғы жарыс 42 килограмм мен 85 килограмнан жоғары салмақ дәрежесіндегі былғары қолғап қарлығаштарының арасында өткізілді. Жас боксшылар алғашқы сәттен-ақ, шаршы алаңдадағы жарысқа дайындығының қандай дәрежеде екенін көрсетіп жатты. Жарыстың жүргізілу тәртібі, жұдырық иелерінің өздерін бокс талабына сай ұстай алуы, қимыл-қозғалыстары осы дүбірлі додаға өте жоғары дайындықпен келгендерін айқындап тұрды. Тәртіп пен талап қатаң сақталып, кімнен кім күшті екені алағашқы күннен-ақ аңғарылып жатты. Біреулері салған жерден жеңілістің ащы дәмін татып, саптан шығып жатса, екінші біреулері келесі сынаққа жолдама алып, үміттерін үкілеумен болды.

        Осы арада ауыл спортын мият тұтып, демеушілік танытып отырған Елмұрат Қайыпжанов туралы сөз еткен де орынды. Елмұрат жан-жағы аспантаулармен көмкерілген Сарыжаз ауылында 1975 жылы өмір есігін ашты. Осындағы білім ордасының табалдырығын аттаған ол, бала күнінен-ақ спортқа құмар болды. Мектептегі күрес үйірмесіне қатысып, Жантелі Мұқидай саңлақтан сабақ алды. 5 сыныпқа көшкенде әкесінің қызмет бабымен Шелек ауданының Сөгеті ауылына қоныс аударып, балалық, жастық шағы осы жерде өрілді. Спортты жан-тәнімен сүйетін жасөспірім жаңа ортада да осы бір қасиетті өнерді серік етуден айныған жоқ. Жаттықтырушысы Марат Аухадиевтан күш атасын танытпайтын палуандық өнердің құпияға толы қыр-сырына қанықты. Ауданда, облыста, республикада өткен жарыстарда боз кілем үстінде күш сынасып, небір аузымен құс тістеген палуандардың жаурынын жер иіскетті. Мектепте басталған спорттық жолы оны Алматыдағы дене тәрбиесі институтына алып келді. Атақты оқу орнының қабырғасында да ол қасиетті өнерді барынша дамытуға ден қойды. Қажымай-талмай ізденді. Күрес өнерінің жілігін шағып, майын ішкен ұстаздардың тәлімін бойына мейлінше сіңіруге тырысты. Жас жігіттің терін шүмектете төккен еңбегі жеңісті жолдарға бастады. Кейін келе күрес өнерін спорттың Кикбокс аталатын түріне алмастырып, күні бүгінге дейін шаршы алаңда аяқ пен қолды қатар жұмсайтын өнерді серік етіп келеді. Осы жарыс түрінен 1996 жылы Югославия астанасы Белградта өткен Әлем чемпионатында ақтық сында Қырғызстанның түрігі Шабан Чагмановты тізе бүктіріп, чемпиондық тұғырға көтерілді. 1997 жылы Румыния астанасы Бухаретте өткен Әлем чемпионатында қарсыластарының бәрінен басымдық танытып, Әлем кубогын жеңіп алды. Бұдан кейін Киевте, Хорватияда, Бішкекте өткен дүбірлі додаларда, алтын, күмісғ қоладан алқа тағынды. Екі мәрте қола жүлде алып, Азия чемпионы атанды. Осылайша Еуропа мен Азияда өткен жарыстарда топ жарып, туған елінің абыройын асқақтатқан Елмұрат бүгінгі таңда Шелек ауылындағы спорт мектебіне басшылық жасап, жасөспірімдерді осы бір сиқырлы, қасиетті өнерге баулуда. Алға қойған мақсаты биік, арманы асқақ. Ауыл спортын дамытып, туған елі мен Отанының жалауын желбірететін чемпиондар шығару.Бүгінгі Райымбек ауданының орталығында ұйымдастырылып отырған бәсеке де сондай мақсаттан туындағаны анық. Елмұратпен болған екеуара әңгімеде осындай ой түйдік.

       Бас-аяғы 4 күнге созылған жасөспірімдер арасындағы жарыс та аяқталып, чемпиондар да анықталды. 42 килогамда жұдырықтасқан шелектік Дамир Нұрмұханбет, 44 килограмда Еңбекшңқазақ ауданынан келген Тұрсын Мәтенов, шелектік Баян Жақыпбай, 46 килограмда Абылайхан атындағы спорт көлледжінің студенті Нұрсұлтан Қойшыбай, астаналық Өмірзақ Батыржан, 48 килограмда Іле ауданынан келген Ислам Сәбитов, 50 килограмда Райымбек ауданынан Айдын Елмұратұлы, 52 килограмда алматылық Шадияр Абылай, 54 килограмда Жамбыл облысының Шу ауданына келген Мағдислам Әлкен, 57 килограмда Шу ауданынан Акежан Батулла, 60 килогграмда Шу ауданынан Арнур Рүстем, 63 килогграмда Алматыдан Мәджит Тимуров, 66 килогграмда Лепсіден келген Дулат Шынтаев, 70 килограмда шу ауданынан Ғұмырлан Әлкен, 75 килогграмда Райымбек ауданынан Жандос Оразбай, 80 килограмда Еңбекшіқазақ ауданынан Дәниял Ескелді, 80 килограмнан жоғары салмақта алматылық Дәнияр Алимжигит қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, чемпиондық тұғырды бағындырды.

       Ал, қыздар арасында өткен бәсекеде 44 килограм салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан шелектік Радмила Халел, 52 килограмда Кеген ауданынан Бөпенай Мақсат, 54 килограмда Жамбыл ауданынан Фарида Қуаныш шеберлік танытты. Сөйтіп, республика чемпиондары атанды.

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,

журналист.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password