ЖАС ОТБАСЫЛАРЫНА ЖІГЕР СЫЙЛАДЫ

      Дәстүрлі аталып келетін «Ақ орамал» акциясы мәнді жалғасын тапты. Аудандық Аналар кеңесінің төрайымы, ауданның Құрметті азаматы Балжан Омарова бастаған ақ жүзді аналарымыз бен аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу қызметінің бас маманы Сәбиғат Ахмет акция аясында жаңа шаңырақ көтерген отбасыларына неке куәлігін тапсырды.

       Жапонның заңғар жазушысы Кобэ Абэ «Әйел заты бір бақытты болса махаббаттан бақытты болады» деген. Үлкен өмірге қадам басқан бір топ бақытты жандар неке куәліктерін қолдарына алды. Көргені көп, түйгені мол Бихан Кенебаева апамыз ақ батасын, Ажар Өмірәлиевадай анамыз ақ тілегін арнаған ерлі-зайыптылар қатарында Шыңғыс Жұмағұлов пен Назерке Сәрсенбай, Нұрбол Мұсаев пен Гүлдана Төкен, Абылай Әбек пен Рубина Елеусіздер бар.

        Сондай-ақ, жеті бағыттағы идеологемалар негізінде шара перзентханада жалғасты. Акция ұйымдастырушылары қайнарлық жас ана Ақтоты Айдосқа тілектерін айтып, басына ақ орамал жапты.

        Ізгілік пен ірілікті, ұлылық пен жылылықты тең тізгіндеген дәстүрімізде ар-намысты ұштаған аналар аз болмаған. Домалақ анамыздан басталған даналық – Тұмар ханыммен жалғасып, Әлия, Мәншүктермен сабақтаса береді. Солар салған соқпақты ізден айнымаған ақбұрымдыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

       Акция шарты бойынша ақ жаулықты аналарымыз ауданның негізгі көшелерімен жүріп өтті. Ұлы Отан соғысы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ерлер рухына тағзым жасап, бір сәт үнсіздікте еске алды.

  Серікжан МУРАСИЛОВ,

Нарынқол ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password