ЖАБЫР ҚЫРҚАСЫНДАҒЫ БЕРЕКЕЛІ ТІРЛІК

        Тәңір таудың етегі — төрт-түлікке жайлы қоныс. Тау құшағын мекендеген ел мен жұртта 67 мыңнан аса ірі қара, 276 мыңнан аса қой-ешкі, 44 мыңнан аса жылқы бар. Өткен жылғы қуаңшылық Нарынқол топырағына да салқынын тигізбей қойған жоқ. Соған қарамастан аудан бойынша 186 мың тонна шөп дайындалды. Сырттан шөп сатып алған ағайындар да баршылық.

        — Жыл сайын айналадағы сұраныс иелеріне біздің ауылдың тұрғындары шөп сататын. Былтырғы жылы қуаңшылық орын алып, біраз мал азығын сырттан сатып алуға тура келді. Дегенмен, жалпы жағдайымыз жақсы. Округ бойынша 21500 тонна мал азығы дайындалды. Биылғы қыс жайлы мінез танытып тұр. Қар жұқалау. Аса қатты суық та жоқ. 67 жердегі мал отарлары сындарлы шақты бастарынан өткеруде. Жұмыстың ретіне қарай малды ауылды аралап, жайларын біліп тұрамыз. Реті келгенде, Қанат Манжуов, Бауыржан Мамытов, Жолдыбек Нұрбеков, Махрат Смайылов басқаратын шаруа қожалықтарындағы сәтімен жүргізіліп жатқан мал қыстату жұмыстарын орынды айтамыз,-дейді Сүмбе ауылдық округінің әкімі Елжан Бестібаев.

       Иә, Сүмбе өңірінде ата кәсібін жалғастырып, әкелерінің ақ таяғын қолына алып берекелі тірлік жасап жүрген азаматтар баршылық. Солардың бірі – Қанат және Болат Манжуовтар. Олар өз тұсындағы атақты шопан, бірнеше орден, медальдардың иесі болған Даубай Манжуовтардың ұрпағы. Сонау шаруашылықтар тарағаннан кейін «Аман» атты шаруа қожалығының жұмысын жүргізіп келеді. Күнгейдегі «Жабыр» қырқаларын құтты қоныс етіп келе жатқан қожалықта 2000 бас асыл тұқымды арқар-меринос саулығы өсірілуде. Қанат пен Болат бастаған қожалық мал тұқымын оның ішінде, ірі қара малын асылдандыру ісіне де ден қойған. Қазіргі таңда асыл тұқымды 100 бас аналық «Әулиекөл» ірі қараларын бағып отыр. Жағдайы жақсы. Оның сыртында 100 бас жылқы өрістің сәнін кіргізіп тұр. Қожалықта мал азығын дайындауға, егіншілікпен айналысуға қажетті трактор, техникалардың бәрі бар. Өткен жылы төрт түлік мал үшін 1000 дана тайланған дөңгелек шөп дайындалыпты. Өріс ашық, мал азығы дені сол қалпында сақтаулы деуге болады. Қожалықтың Қанат Тұңғатаров, Ержан Шылғаубаев секілді сенімді, еңбекқор, малды ауылдың жұмысын, жай-күйін жақсы білетін белді малшылары бар. Жаз маусымын «Ойқарағай» жайлауында өткізіп келген малдың жайы жақсы. Қожалық мал қыстауындағы бірнеше малшы үйін, қой қораларын, мал жайларын заманға лайық жақсылап қамдап алыпты. Мал қыстатуды, алдағы төл алу науқанын сәтімен өткізетіндеріне сенімдері мол.

Қ. САТЫБАЛДЫ,

Сүмбе ауылдық округі.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password