ЖАҚСЫЛАР ЖҮРГЕН ЖОЛ ЖАРҚЫН

        Мен журналист те, ақын-жазушы да емеспін.Бұрын-соңды қолыма қалам алып, толғанып та көрген жерім жоқ. Бірақ, бүгін осы бір жүрекке салмақ түсіретін, он ойланып, жүз толғануды қажет ететін іске баруға мәжбүр болғаным анық. Оған себеп, бүгінде жасы 80-нің ішін аралап кеткен,Текестей іргелі ауылдың қазіргі таңдағы қадірлі қариясы, 30 жылға жуық бір шаруашылықты басқарып, экономикалық тұрғыдағы дамуын республикалық дәрежеге көтерген білікті басшы, Алматы облысының Құрметті азаматы Кеңесбай Байқановтың қазіргі заман ағысы, адамдар арасындағы сыйласымдылық, адамгершілік, еңбекқорлық туралы өзіме қойған мәнді де мағыналы сұрағы, маңызды әңгімесі еді.

       Қалта телефоным дыбыс шығарып, белгі берген соң, тетігін басып, құлағыма тостым. Өзіме етене таныс дауыс. Бір кездері ауылшаруашылығы саласында қатар қызмет етіп, ағалы-інілідей сыйласып кеткен, сол сыйластығымыз сырластыққа ұласқан Кеңесбай ағам екен. Дауысынан әлденеге көңілі толмағандық, бір нәрсеге алаңдаушылық бар екенін бірден аңғардым. Қысқаша аман-саулықтан соң:

       -Ерлан, жасың менен кіші болса да алпыстың асқарына шығып, көпті көрген, оң- солыңды таныған азаматсың ғой. «Аптал азамат» деген сөздің мағынасын қалай түсінесің?-деді. Бұл сөз ауыз екі айтылып жүргенімен, бұған дейін жеріне жете ойланбадым ба екен, бірден жауап бере алмай абдырап қалғаным рас. Сәл іркіліп барып:

       -Аптал азамат, деп еліне еңбегі сіңген, көптің басындағы ауыр-жеңілді тең бөлісуге асығатын, ешкімді алалап-бөлелемей, қиын кезде қасынан табыла білуді айнымас борышы санайтын адамды айтатын шығар, — дедім. –

       Қалай ойлайсың! Мен осы өзің айтқан абыройлы атқа лайықпын ба? Аптал азамат деп ел Дінмұхамет Қонаевты, Асанбай Асқаровты, күні кешеге дейін қасымызда жүрген Нүсіпбек Әшімбаев сияқты бірегей тұлғаларды таныды. Неге? Өйткені, олар қажыр-қайратын, күш-жігерін, қолындағы мансабын жеке бастарының қамына емес, қарындас халқының жақсылығына, әлеуметтік тұрғыдағы дамуына,болашағының бақытты да баянды болуына жұмсады. Шені жоғары қызметін пайдаланып, ел байлығына, мемлекет қазынасына қолдарын сұқпады. Тіпті, астыларында жеке машинасы да, бастарында қазіргі басшылардікіндей ауласы атшаптырым кең сарайдай баспаналары да болмағаны кейін өздері қызметтен кеткенде белгілі болды емес пе? Адамдық арына дақ түсірмей өткен сол аяулы азаматтарды халық қазір төбелеріне қойып отыр. Міне, аптал азамат.

        Ойын осылайша түйіндеген Кеңес ағам әңгімесін одан әрі жалғап кетті. —

        Өзің білесің. 30 жыл шаруашылық басқардым. Ел-жұрттан айналайын! Ұтымды ұйымдастырылған іске сүттей ұйыды. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ортақ іске белді бекем буды. Күнді түнге, түнді таңға ұластыра еңбек етті. Ұйымшылдың ұтатыны көп екеніне адал еңбек, маңдай тердің төлеуі арқылы көздерін жеткізді. Айналасы үш-төрт жылдың ішінде бұрын жарыс көшінің соңғы орнын бермей келе жатқан шаруашылық миллионер совхоз атанды. Қарапайым еңбек адамдардың табысы артып, күнкөрістері алға озды. Баспанасы жоқтар совхоз салып берген үйлерге кіріп, қоныс тойын тойлады. Бірақ, жекешелендіру саясаты, сол тұстағы еңбекқор жандардың табанақы маңдай терлерінің ту талақайын шығарды. Әркім ортақ өгізден, оңаша бұзаудың қызығын көруі керек деген асығыс жасалған шешімді ұстанған көзі ашық, көкірегі ояу, бірақ қулықтарына құрық бойламайтын біреулер жекешелендіру саясатын майшелпекке айналдырып, елдің қасықтап жинағанын, шелектеп шашып, желге ұшырды. Шаруашылық мамандары да, еңбеккерлері де өздеріне тиесілі үлестерін алды. Бұған олардың титтей де өкпесі жоқ. Бірақ мен өзім сол шақта қызметімді бұлдап совхоздың сынық шегесін де алмаппын. Байлықтың бәрін қарапайым еңбек адамдары өздері жасады. Өздері алсын деген пікірді ұстандым. Әйтпесе, қолымда бәрі тұрды. Алсам ешкім мұның не демейтін еді. Тіпті, әркімнің аласасын есептегенде маған бүкіл совхоз байлығының 20 пайыз үлесі тиесілі екен. Бұл дегеніңіз, тең жартысының жартысы ғой. Бүкіл елді қаратып қойып, әкемнен қалған еншідей жаңағы дүниені үйіме тасып алсам, басқаларға не қалады. Сондықтан, мұндай тоғышарлыққа барғым келмеді. Артынан өкінгенім де бар. Өкіметтің беріп тұрған дүниесі жамбасыма батар ма еді деп. Бірақ, қуғынмен келген дүние сүргінмен кетеді деген емес пе. Сол кезде совхоздың байлығының көбін арам жолмен пайдаланып кеткендердің маңдайлары шылқып, қызыққа батқан ешқайсысы жоқ. Қулықтың құйрығы бір тұтам. Ал, нағыз пайда ерінбей еткен еңбек арқылы ғана келетінін уақыт өзі екшеп, дұрыс-бұрысын айқындап берді. Бүгін ойлап отырсам, сол тұстағы ұстанымым адастырмаған екен. Қызметтен түскен соң жайлы жер іздеп қала жақты сағаламай, бір кезде өзім басшылық еткен ел-жұрттың ортасында солардың сый-құрметін арқалап жүрген жайым бар. Әрине, көптің маған деген ақ пейілі, кіршіксіз көңілі өздеріне көрсеткен адал қызметімнің нәтижесі болар-ау, деп ой қорытамын,- деді әңгімесін түйіндеп.

       Абзал ағаның әңгімесіне құлақ түре отырып, осыдан 30 жыл бұрынғы ауылшаруашылығы саласындағы қым-қиғаш қозғалыс, егінжай, төрт түлік малдың қамымен апы кіріп, күпі шыққан толассыз іс қимыл көз алдымнан көлбеңдеп өте берді. Кеңес ағам басшылық жасаған Карл Маркс картоп совхозы аудандағы экономикасы артта қалып, әр жылды шығынмен аяқтайтын, мемлекетке белшеден қарыз шаруашылық атанғаны да рас. Артынша іскер басшының білім-білігі, ұтымды ұйымдастырушылығы нәтижесінде бұрынғы қарыздарының бәрі жабылып, табысы артқан, миллионер совхоз болғанының да бір өтірігі жоқ. Кеңесбай ағаның сол тұстардағы совхозды басқару барысындағы тәжірибесін реті келіп жатса, осы мақаламда келтірермін. Ал, айтуға үлгермесем, өзім куә болған, ол жұмыс оңтайынан келіп, тиісті нәтиже берген төрт оқиғаны жіпке тізіп өтейін. Бұрын шаруашылықтың егістік, шабындық алқаптарының өнімі өте төмен жағдайда болды. Бұған бірден-бір себеп, жерінің бәрі суармалы бола-тұра алқаптарға ағын судың межедегідей жеткізілмеуі еді. Осыны анық аңғарған ғалым-агроном ең алдымен алқаптарға судың молынан келетін жолын іздестірді. Байынқол өзенінен бөлінетін судың арнасын кеңейтті. Нәтижесінде бұрын 2-3 текшеметр су сиятын арнамен енді 7-8 текшеметр су еркін ағатын болды. Сөйтіп, барлық егістік, шабындық алқаптар мейлінше суға қарық болды. Ал, шөп шабыс пен күзгі жиын-терін науқаны барысында әр алқаптың берекелігі артып, жоспардағыдан жоғары өнім бере бастады. Үкіршінің аузынан Дегерес тауының етегін қапталдай жүргізілген арнаның да талап деңгейінде емес екенін аңғарған басшы өзекті мәселенің жүзеге асырылуын республикадағы су шаруашылығы министрлігінің алдына нақты дәлелдер қоя отырып, тиісті қаражат пен өзенге пара-пар арна тартатын техника бөлінуін де жүзеге асырды. Іске асқан шаруаның пайдасы Карл Маркс қана емес, Тегістік қой совхозына да пайдасын тигізіп, екі шаруашылықтың «Бөктер» аталатын аймақтағы алқаптары ырғын суға кенелді. Бұл арна қазір де шаруа қожалықтарының пайдасына жарап тұр.

        Шаруашылық басшысы «Өрнек» өңіріндегі мал отарларын аралай жүріп, Мәлікайдар Сасықбаев дейтін малшының қора-жайына атбасын тірейді. Қора-жайдың айналасына көз жүгіртіп, тазалық пен ұқыптылыққа іштей сүйсініп тұрған басшының назары сонадай жерде көртышқан інінен сыртқа шығып жатқан топыраққа түседі. Топырақтың түрі әдеттегідей емес, қап-қара. Әлгіге қызығушылығы туған басшы қойшыға күрек алдырып, інді қазып көреді ғой. Мына қызықты қараңыз! Жаңағы іннен шығып жатқан жай топырақ емес, майлы топырақ «торф» болып шығады. Агрономдығы ғой. Әлгінің химиялық элементке бай топырақ екенін ажыратып жүрген. Әйтпесе, жай адам, басқа маман қайдан білсін. Ертесі әлгі жерге қазатын, тасымалдайтын техникалар бөлгізіп, тегін байлықты егіс алқаптарына төктіреді. Сөйтіп, өнім молшылығының бұрынғыдан да еселенуіне кеңінен жол ашқан екен. Тағы бір жайт, Кеңесбай аға совхозға басшы болып келген жылдың көктемінде егіс алқаптарын аралап шығады. Алқаптардың бәрі агротехникалық талапқа сай күтім көрмегендіктен ескіріп, тозып кеткен. Қажетті жерлер органикалық тыңайтқыштармен қоректенбеген. Оның үстіне жерді жыртуда да ала-құлалық басым. Тракторшылар жердің қатты- жұмсақтығына қарап, соқаны тайыз салатын көрінеді. Осыдан барып, өзі айтпақшы барлық алқаптарда «соқаның өкшесі» пайда болған. Соқаның өкшесі деген жоғарыда келтіргеніміздей соқа тістерінің топырақ қабатына онша дендемей, 15-20 сантиметр тереңдікте ғана жыртылуы екен. Содан барып жер қыртысындағы құнарлы топырақ бетіне шықпай таптала беретін көрінеді. Сөйтіп соқаның өкшесі шыққан. Ал оны жоюдың қандай амалы бар. Басшы мұның да жолын тапты. «К-700» тракторы тіркейтін тоғыз тісті (корпус), «МТЗ-80» тіркейтін төрт тісті соқаның бір-бір тістерін алдырып тастайды. Бұл соқа сүйрейтін техникаға сәл де болса жеңілдік тудырады. Соқаның 30 сантиметр тереңдікке жыртылуын да қамтамасыз етеді. Осылайша бұрынғы тозғындыққа ұшырап, есіл еңбек суға аққан алқаптардың берекелігі артқан екен. Егіс алқаптарына қатысты бұдан басқа да агротехникалық шаралар талапқа сай жүзеге асырылуы нәтижесінде бұрын 6 центнерден ғана өнім беріп келген астық алқабынан күздік бидай гектарына 65, арпа 56, картоп 300 центнерге дейін түсім беріп, қамба қызыл дәнге, қойма картопқа аузы –мұрнынан шыға толтырылған еді. Сонымен қатар, мал азығының да берік қоры жасалып, әр отардың, сауын фермаларының айналасындағы аумағы атшаптырым шұңқырлар исі мұрын жарған сүрлемге мелдегінен келіп, аулаларында мая-мая шөп қатар түзеп тұратын болды.

       Шаруашылықтың негізгі өнімі картоп болған соң, ол молшылық негізінің көзі саналды. Шаруашылықтар таратылып, жаңадан құрылған кооперативтер мен шаруа қожалықтары көк тиынсыз қалғанда осы совхоздың картобын пайдаланып, біраз қиыншылықтан шыққаны да бар. Тіпті, облыс, аудан басшылары араласа, совхоз басшысына сөздерін өткізе жүріп, шаруасы шатқаяқтаған Күрті, Ұйғыр сияқты аудандарға картоп тұқымы көмек ретінде тегін берілгенін де білеміз. Сол тұста көрші Қырғыз республикасынан да тұқымдық картоп сатып алғандар болды нақ ақшаға. Одан түскен пайда жанар май алуға жұмсалды. Сол жанар майдан да көмек алғандар болды.Солардың көпшілігі уақыттың сол тұстағы қиындығын пайдаланып, алғандарын қайтармай қойғанын жасыруға болмайды.

       Картоп пен астықты, мал азығын ғана тілге тиек жасап, мал шаруашылығы жайлы ауыз ашпағанымыз ақылға қонбас. Кеңесбай аға сол тұстары төрт түліктің өсуіне де айрықша көңіл бөлді. Ірі қара малдарын асылдандыру үшін ғылыми институттармен тығыз байланыс орнатуды басты жолға қойды. Мойны қашық өңірлерден асыл тұқымды бұқалар сатып әкелді. Қой мен жылқының күтімі де айрықша назарда ұсталды. Нәтижесі қалпақты аспанға ататындай жетістікке жеткізді. Бұрын әр жүз сиырдан жылына 39-дан ғана бұзау алынса, ол 95-ке, 100 қойдың төлі 117-ге, құлын 95-ке жеткізілді. Әр сиырдан жыл бойы сауылатын сүт 1600-ден артпаса, бұл көрсеткіш 3300-ге жетіп, жоспар екі есе артығымен орындалды. Осының бәрі де Кеңесбай Байқановтай білікті басшы, ұтқыр ұйымдастырушының шаруашылықтың барша мүшесін ортақ іске жұмылдыра білгенінің арқасында іске асқаны анық. Совхоз әр жылды 1,5 млн, таза пайдамен аяқтауға қол жеткізді. Сол табыс көзі ауыл ортасынан 184 тұрғын үйдің салынуына, 1600 балалық, сәулеті бұл өңірде кездесе бермейтін мектептің, 140 орындық бала бақшаның, 400 орындық Мәдениет үйі мен екі қабатты емхананың, жаңа жобалы моншаның бой көтеруіне жол ашып, ауыл мәдениетін көтеріпті. Көркіне көрік қосыпты. 60 гектар алқап саябаққа айналдырылып, 300 гектар жерге тал-теректер отырғызылыпты.Қазір Текес ауылдық округіне қарасты егіндік-шабындық алқаптарының арасындағы жолдардың екі жағын көмкеріп тұрған ағаштар бір кездегі совхоз басшысының бастамасының жемісі. Амал не, шаруашылық таратылып, әркім өз қарабасының қамын күйттеп кеткен бүгінгі күні бір кездегі жайқалып, алқапқа көріп, адамдарға күннен сая, жауын мен желден пана болған ағаштар бақылаусыздық салдарынан отынға айналып отырған жайы бар.

       Миллионер атанған шаруашылықтың сол кездегі әр бесжылдық жоспарын асыра орындаған жетістіктері атсыз-аяқсыз қалған жоқ. Аты Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің кітабына алтын әріппен жазылды. Қазақстан КП Орталық Комитеті мен Жоғары Кеңесінің, Министрлер Кеңесінің, Кәсіподақтар палатасы мен Комсомол комитетінің ауыспалы Қызыл Туын қатарынан екі бесжылдықта жеңіп алды. Айрықша ұйымдастырушылық қабылеті үшін совхоз директорына ауылшаруашылығы министрлігі тарапынан «ГАЗ-24» волга жеңіл автокөлігі сыйға тартылды. «Құрмет белгісі» орденін өңіріне қадады. Қазір омырауында жарқырап тұрған медальдар мен төсбелгілер еңбегіне берілген әділ баға.Міне, мен бүгін қаламыма арқау етіп отырған мәселе, Кеңесбай Байқановтай абзал ағаның шаруашылық басқаруындағы өзім көзбен көріп, куә болған дүниелер еді. Мұны неге айтып отырмын. Қазір ел басқарып жүрген азаматтардың көбі жастар. Шаруашылық таратылғанымен егіншілік, мал шаруашылығы әлі де жалғастырыла жүргізілуде. Өйткені, ауылдың негізгі көнкөрісі ауылшаруашылығына тікелей байланысты. Сол себепті де ел басқарып отырған азаматтар халықтың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайына ат үстінен қарамай, Кеңесбай аға сияқты еңбек етсе. Артық көрмей қолдары қалт еткенде үлкен адамға салам бере келіп, ақыл-кеңес алып тұрса, несі айып. Рас, «Байқанов бір кездегі дүниені айтудан жалықпайды екен. Оның бәрі келмеске кетті ғой.Қайталай бергеннен бірдеңе шыға ма» дейтіндер де ара-тұра табылып қалады. Ондайларды көзіміз көріп жүр. Бірақ, өткенді еске алмай, бүгінгіні іске асырып, ертеңгіні елестету мүмкін еместігін де ұмытпағанымыз абзал.

       Реті келгенде Кеңесбай ағаның отбасы жайынан да хабардар еткеннің артықтығы болмас. Ер адамның еңбегі жанып, абыройы аспандауы көбінесе үйдегі әйелге байланысты. Көпке жағу қиын. Сондай көңілге көлеңке түскен шақтарда жан-жарың алдыңнан жадырай қарсы алып, жолыңа құрбан бола жаздап тұрса, шаршағаның да басылып, көңілдегі кірбең де шайылып кетпей ме. Бұл орайда абзал ағаның асыл жары Жамбылхан Әбілешова тәтеміз өз міндетін, ері алдындағы әйелдік парызын мүлтіксіз атқарғаны анық. Ұзақ жыл ұстаз болды. Жас буынды білім нәрімен сусындатып, көкірек көзін ашты. «Қазақ ССР оқу ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Мектепте ұлағатты ұстаз, үйде балаларының аяулы анасы, отағасының орны бөлек асыл жары атанды. Бүгінде Кеңесбай ағамен қатар 80 жастың сеңгіріне шығып отырса да ардақты ағаның жайын жарастырып, күтімелдеп отырған осы кісі. Сол үшін де Жамбылхан тәтемізге айтар алғыс мол. Екеуінен өрбіген 8 бала, 25 немере, 5 шөберенің алды аталық-әжелік жасқа келсе, олардың ізін жалғастырып келе жатқандар да ата көріп оқ жонған, шеше көріп тон пішкен дейтін дәрежеде.

        Иә, жақсылар жүрген жол жарқын деген даналық бар халқымызда. Сірә да, тегін айтылмаса керек. Елі мен жерін сүйіп, туған топырағына тізе бүккен, барын да, нарын да сол жолға жұмсауды азаматтық борыш санайтын, сол мақсаттан көріне білген абзал азаматтарға бола айтылса керек. Ұзақ жыл шаруашылық басқарып, ел экономикасының көтерілуіне сүбелі үлес қосқан, ұтқыр ұйымдастырушы, білікті басшы, Алматы облысының, Райымбек ауданының Құрметті азаматы атанған Кеңесбай Байқановты да осы сапқа қоссақ, ешкімнің дауы да дамайы да болмасы анық. Кеңесбай ағаның еңбегі жайлы айтылмаған жайлар әлі де көп. Менен кейін де қалам тербегендер толтыра жатар деген ойдамын.

Ерлан ҚҰДАБАЕВ,

аудандық мәслихаттың хатшысы,

аудандық мәслихат депутаты,

Райымбек ауданының Құрметті азаматы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password