ЖАҚСЫ АДАМНЫҢ АТЫ ӨШПЕЙДІ

    Қазақта «Жақсылардың көңілі алтын сандық» деген әдемі сөз бар. Халқымыздың алтын сандық деп адам жанының саф алтындай асылдығы мен биік адамгершілік иесі екендігін меңзегені шығар. Шынында да, кейбір ақылды, адамгершілігі мол, көпті көрген кісілермен әңгімелесе қалсаң, жаның жадырап, көңілің көкке көтеріледі. Міне, Мираш қажы Тәшетұлы тап сол қасиет-парасаттың иесі еді. Мираш қажы менің торғайлық атам. Көңілімнің төрінде сақталған, Мираш атамен өткізген жақсы күндерден аз-кем естелік жазуды жөн көрдім.

Қызмет еткелі біраз жердің дәмін татып, топырағын бастық. Менің бақытыма орай киелі жер – Торғай сияқты өлкеде қызмет ету бұйырды.

2014 жылы Президенттің Жарлығымен судьялық қызметке тағайындалып, Қостанай облысы Арқалық қаласына аттандым (бұрыңғы Торғай облысының орталығы болған, қазір Қостанай облысына қарайды). Арқалық – моноқалалардың ішінде ең қарқынды дамып келе жатқан мекен. Өз ойым. Арқалық – жастардың қаласы, болашағы бар деп ойлаймын. Арқалықта абыроймен жұмыс істеп, қадірменді адамдармен таныс болғанымды мақтан тұтамын. Бұл тағдырдың маған берген абырой-сыйы шығар деп ойлаймын. Мен үшін Арқалық жылы мекен, алғашқы судьялық тәжірибем толған жер. Газет, теледидар бетінен Арқалық жайлы жаңалықтарды көре қалсам назарым соған ауып, сағыныш сезіміне бөленіп кетемін. Себебі, көз алдыма Мираш атам келеді. Мираш қажы осы Арқалық қаласының қайта өркендеуіне зор үлесін қосқан тұлға. Бүкіл саналы ғұмырын Арқалық қаласына арнаған қажы атамыз нағыз патриот болатын. Нағыз елінің жанашыры еді. Әр елдің ақыл айтар данасы, атқамінер азаматы, ел сөзін сөйлер шешені мен жұртын бастар көсемі болатыны сөзсіз. Сондай-ақ, әр қадамыңды аңдып, жасаған ісіңнің жарқын тұсын көзге ілмей, көлеңкелі жақтарын іздеп отыратын қазымыр шалдарының да болатыны жасырын емес. Мұндай жандардың іс-әрекеті елдің берекесін алып, ілгері басқан қадамды кері кетіріп, жігеріңді жасытып тастайтын тұстары да бар. Әңгімемнің өзегі болып отырған Мираш ата осындай келеңсіздіктерді тудыратын адамдарға сөздің бұрмалануына жол бермей тік қадап тек шындық пен әділдігін айтып отыратын. «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ», деген дана қазақ. Осы сөзді Мираш ата өмірлік ұстанымына айналдырғандай. Өтірікке жаны қас, шындықты жан-тәнімен жақсы көретін кісі болды. Өмірден оқығаны мен тоқығаны мол, көне көз, дуалы ауыз қариялардан естіген әңгімесін көкейінде сақтап, шежіре-шариғат жолдарын да жақсы меңгерген кемеңгердің өзі еді. Ел ішіндегі төрелігін таппаған кей мәселелердің алдын алып, ауыл-аймақтағы тәртіпке бойұсынбаған тентектерді бір ауыз сөзбен тоқтатып отыратын қажыр-қайратыда мығым болды. Адамның ең жақсысы өзінің сөзіне өзгелерді тоқтата біледі, өзі де есті сөзге тоқтай біледі емес пе? Міне, аталған атамыз дәл осы тұста ұтымды да ұтқыр ойларын жинақтай білетін еді.

 Мираш қажы қағбаға кірген санаулы қазақстандықтың бірі, Арқалық қаласының құрметті азаматы, «Құрметті қажы» атағының иегері. БҰҰ жанындағы адам құқығын қорғау комитетінің шешімімен «Халықаралық орден» иегері атанған Мираш ата 12 рет қажылыққа барып, қасиетті қағбаның ішіне кірген жан. Өзінің демеушілігімен 20 адамды Меккеге апарған қайырымды адам. Мұсылмандыққа сай жасырын да, жария да мешіт қызметкерлерімен бірге қаладағы аз қамтылған, әлеуметтік жағдайы төмен жанұяларға үнемі көмектесіп тұратын. Сонымен бірге, имандылық жолындағы мешіт жамағатының ұйымшылдығына, бірлігіне көп еңбек сіңірді.

Мираш атамның қажылыққа барған сапарларының бірінде болған оқиғаны айтып берейін. Елімізге белгілі әнші Сәкен Майғазиевтің instagram парақшасынан алынған: «2013 жылы қажылық сапарда Мираш қажы Тәшетұлымен бір бөлмеде жаттық. «Сәкентай, жасың кіші болса да екі қазақтың бірі танитын азаматсың, төрден түспе, айттым бітті, атаңның айтқаны заң» деп мені өзінен жоғары жатқызып қоятын. Әйтсе де Мираш қажының әкелік мейірімі, кәміл имандылығы, көркем мінезі үшін аяғын жууға дайын екенімді өзі де білетін. Оқыған, тоқығаны көп, зерделі сөздің зергері еді. Аллаһ мейіріміне алсын, алтын көке».

Мираш атам жетпіс үштің асқарынан асып, сексеннің сеңгіріне жол тартқан шағында көз жұмды. Қайтыс болғанына екі жыл толды. Тірі болғанында жетпістің бесіне шығады екен-ау!

Өздері өмірден өтсе де арттарына өшпес өнегелі істері қалып жататын адамдарды көңілден біржолата өшіріп тастаудың өзі де қиын. Өйткені «жақсы адамның аты өшпейді» дегендей, өмірден озған кісінің өнегелі істері көз алдымызға елестейді де тұрады. Мираш қажы өзінің жағымды ісімен, жарасымды сөзімен, жақсылығын бұлдамайтын кісілік келбетімен торғайлықтардың есінде қалды. Өз басым атамның кісілік парасатын, қадір-қасиетін, жора-жолдасқа деген пәк тазалығын жоғары бағалаймын. Маған «Арқаң қара нардай жауыр болсын, мінезің қара жердей ауыр болсын» деп өз батасын беріп кеткен болатын.

Үлкенге құрмет, кішіге ілтипат көрсету – ол кісінің ана сүтімен дарыған туабітті асыл қасиеті. Жайсаңдық пен көркем мінез туған жердің топырағымен де сіңетіні де сөзсіз. Мираш атамның дүниеге келген Жангелді ауданының Торғай ауылы – жер ананың ерекше мейірімі түскен құт мекен.

Иә, мінезі үлгі жайсаң жанның қадір қасиетін ол мәңгілік мекеніне аттанғаннан кейін көбірек сезіне түседі екенсің. Абыройлы еңбек еткен, өнегелі ісі көпке үлгі болып артына тәрбиелі із қалдырған, замандастары арасында абыройлы да ардақты болған Мираш қажы Тәшетұлының есімі ешқашан ұмытылмайды.

Атамыздың мәңгілік мекені жарық болып, нұры пейіште шалқысын!

Айжан МЫРЗАЛЫ,

Райымбек аудандық соттың төрағасы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password