Жаңа жылда жақсылық жасалды
Қайырымдылық – адамның асыл қасиеттерінің бірі. Кісінің айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін адамгершілік қарым-қатынастың биік белесі деп білемін. Қайырымдылық жасау қазақ қоғамына таңсық дүние емес. Өзгенің баласын өз бауырына басқан қазақтай қайсар елдің қанында бар қасиетті қадірінше құрметтей алған жандарға жаның жадырайды.
Ауданымызда «Жартас Райымбек» әлеуметтік қолдау қорының қайырымдылық жұмыстарымен айналысып жүргенін жұртшылық жақсы біледі. Аталған қордың жақсылық жасауға бағытталған жұмыстары жаңа жыл қарсаңында жарасымды жалғасын тапты. Дәлірек айтсақ, «Жартас Райымбек» әлеуметтік қолдау қорының директоры Роза Қайғатырова жаңа жылдық сыйлық ретінде аудан бойынша 100 тал қыстық аяқ киімдер және 50 балаға жаңа жылға арналған тәтті сый-сияпаттар үлестіріп берді. Мереке қарсаңында қуанышқа бөленген балалардың ішінде мүмкіндігі шектеулі балалар да бар. Мерекелік нақышта безендірілген шыршаның айналасында асыр салып ойнаған балалардың қуанышында шек болмады. Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанатыны белгілі. Кішкентай періштелер бір-біріне жақсы тілектер айтып, өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, өздерін осындай қуаныш құшағына бөлеген қордың директоры Роза Қайғатыроваға бүлдіршіндер таза ниеттерімен рахметтерін айтты.
Дастан ҚАСЕНҰЛЫ.
0 Пікір