ЖАҢА ЖЫЛ  ҚАРСАҢЫНДАҒЫ  ЖЕТІСТІКТЕР

    Жыл соңы жақсы жаңалықтарға толы болды. Республикалық Ардагерлер ұйымының 35 жылдығы аясында ардагерлер арасында “Өнерім-өмірім” атты облыстық көркемөнерпаздар байқау-фестивальі өткізілді. Сайысқа біздің ауданнан аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Бекболат Бірбаев бастаған топ қатысып, жүлделі орындарды жеңіп қайтты.

Соның ішінде «Батамен ел көгерер» номинациясы бойынша, үздік бата берген Нарынқол ауылының тұрғыны Әлқожа Көпірәлі жүлделі 1 орын және 40 мың ақшалай сыйлық ұтып алды.

«Үздік жеке орындаушы» номинациясының жеңімпазы Қайнар ауылының күміс көмейі Советай Құдиярбекқызы 50 мың теңге ақшалай сыйлық және арнайы дипломмен марапатталды.

 «Үздік қолөнерші» номинациясының жеңімпазы жерлесіміз Өмір Тілеш 50 мың теңге ақшалай сыйлық және арнайы диплом иеленді.

 «Үздік тоқымашы» номинациясы бойынша Сәлтаева Сәуле және «Ақ-Қайнар» әжелер триосы алғыс хатпен марапатталып аудан абыройын арттырды. Қаймағы бұзылмаған, тәрбиесі талбесіктен басталатын ауданның тұрғындары екенімізді көпшіліктің алдында дәлелдеп қайтқан ата-апаларымыздың жүлделері құтты, денсаулықтары мықты болсын!

                                                                      ****

  Жуырда Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні» мерекесінің салтанатты жиыны болды. Аталған жиынға барып қатысқан жерлестеріміз жағымды жаңалықтармен оралды.

Атап айтсақ «РАЙЫМБЕК-НАН» ЖШС директоры Мусалимов Әділет Амантайұлы «Үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері» номинациясының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, 1 дәрежелі дипломмен марапатталып, су жаңа МТЗ-80.1 маркалы трактор сыйға берілді.

Аудандық «Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы» бөлімінің басшысы Оралқұлов Нұрлан Әбдәлімұлының еңбегі бағаланып, ауыл шаруашылығы министрлігінің төс белгісімен марапатталды.

Ауданымыздағы «ӨРКЕН» шаруа қожалығының басшысы Жоспархан Елдос Талғатұлы облыс әкімінің Алғыс хатын иеленді.

«АМАН» шаруа қожалығының төрағасы Манжуов Қанат Даубайұлы облыс басшысының Құрмет грамотасымен құрметтелді.

                                                                                 ****

    16 желтоқсан Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күніне орай, креативті және жасампаз мемлекеттік қызметшілер арасында Алматы облысының орталығында облыстық «IQ DODA» зияткерлік ойыны өтті. Бұл ойынды ұйымдастырудағы басты мақсат қазіргі заманның жаңа шарттарына сәйкес зияткерлікті дамыту және зияткерлік, адами, ой ұшқырлығы әлеуетінің қалыптасуына ықпал ету. Мемлекеттік қызметшілер арасында зияткерлік тапсырмаларға деген қызығушылығын арттыру ой ұшқырлығын дамыту және зияткер ұлтты қалыптастыру. “IQ DODA” білім сынауға негізделген осы заманға үйлесімді зияткерлік ойын. Білімнің толайым табысқа, биік белестерге жетелейтін күш екендігін дәлелдейтін ойында негізінен еліміздің өткен тарихы, жер-су аттары, мәдениеті мен руханиятына қатысты сұрақтар қойылады.

Зияткерлік ойынға Алматы облысының 9 ауданынан ең білімді және интелектуалды мемлекеттік қызметшілер командалары өзара бақ сынасты. Біздің ауданның намысын қорғауға арнайы барған мемлекеттік қызметшілерден құралған командамыз қатысушылар арасынан оқ бойы озық шығып, жоғары нәтиже көрсетіп, 1 орынды жеңіп алды. Ауданымыздың командасы “IQ DODA” зияткерлік ойынына қатысып, жоғары нәтиже көрсеткені үшін 1 дәрежелі дипломмен марапатталып, бағалы силықтар иеленді.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password