«Жаңа жемістегі» жүйелі жұмыс

        Қыс көзі қырауға қарамастан аталған каналда нәтижелі жұмыс жүзеге асырылып жатқанын естіп «бәрекелді» дедік. Жаңа жыл қарсаңында жақсыны көрмекке Қайнар ауылын бетке алып, жолға шықтық. Жолбасшымыз «Көлсайирригация» кәсіпорнының директоры Қуатжан Бейсегерімов. Автомашинаның да, сөздің де тізгінін қолына алған кәсіпорын басшысы діттеген жерімізге дейінгі жолды қысқартып, атқарылып жатқан жұмыс жайынан былайша хабардар етті.

        — «Жаңа жеміс» каналы қол күші техникаға ауысқан соң уақыт талабына сай қайта жөнделіп, толыққанды түрде 1987 жылы қайтадан пайдалануға берілді. Ұзындығы 37 шақырым болатын каналдың астында Қайнар ауылдық округінің 3940 гектар егіс-шабыс алқабы орналасқан. Каналдың 11 шақырымы темір бетонмен жабдықталса, қалған 26 шақырымы жерде орналасқан. Кеңес одағы таралғалы бері каналға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген еді. 2010 жылы жазда таудағы қардың еруі салдарынан Текес өзенінің су деңгейі көтеріліп, каналға мөлшерден көп су түсті де, темір бетонмен жабдықталған 8 шақырым жерді су шайып, істен шығарып тастады. Содан бері суды астыңғы каналмен беріп жүрміз, -деген Қуатжан Бейсегерімовтың айтуынша каналдың топырағы 4-топқа жатқызылғандықтан пайдалы әсерлі коэфиценті өте төмен көрінеді. Соның салдарынан ағын судың тең жартысы діттеген жеріне жетпей, жерге сіңіп кетеді екен. Ал, бұл жайт шаруа қожалықтарына өзіндік қиындық тудырып отырған жайы бар. Нәтижесінде алқаптың 35-40 пайзы ғана сумен қамтылады. Әрине, осыны көретұра кәсіпорын да қалай шыдап жатсын. Жыл сайын қыруар күш жұмсап, каналға мөлшердегі суды беруге тырысып келеді. Нәтижесі де көңіл көншітерлік.

        Кәсіпорын басшысының айтуынша ағымдағы жылы аудан әкімі Нұржан Құдайбергеновтың қолдауымен, тікелей осы жұмыстың басы-қасында жүрген әкімнің орынбасары Самат Сатылғановтың ықпалымен облыстық бюджеттен 32 млн. теңге бөлініпті. Осы қаражаттың 20 миллионын конкурс арқылы ұтып алған «Сервис Строй» атты мердігер компания ақша қолға тиісімен «Элитстрой» ЖШСне тапсырыс беріп, қазан айынан каналды шөгіндіден тазарту жұмыстары қолға алыныпты. Әңгімеге қана отырып, «Жаңа жеміс» қаналына да атбасын тіредік. Ауылдың үстіңгі жағындағы қырқаның етегін бөктерлей тартылған каналдың жұмысын техника атқарғандықтан адам қарасы аз. «НITACHI» аталатын алып экскаватор жердің тоңын да, тасын да елейтін емес. Күрегін арна ішіне тереңдете сүңгітіп, уысына толған топырақты сыртқа тастап жатыр. Жылдамдығына көз ілесер емес. Өзін Станислав Шинкоренко деп таныстырған серіктестік директоры:

        — Жұмысты қазан айының 20-да бастаған болатынбыз. Бүгінгі күнге дейін негізгі дені бітті десе де болады.Санаулы күнде белгіленген жоспарды толық әрі сапалы аяқтап шығатынымызға сенім мол,-деп сөзін қысқа қайырған басшы жігіт осыған дейін мұндай жұмыстарды Панфилов, Ұйғыр аудандарында атқарып келгендерін де сөз арасына қыстыра кетті. Демек, атқарған жұмыстарының бұл алғашқысы емес. Техника да сенімді. Онымен жұмыс істеп жатқан серіктестік мүшелері де тәжірибесі жеткілікті, өз істеріне мығым мамандар.

        — Каналды бұрынғы мөлшерден асырып қазып жатырмыз. Ені 2 метр,тереңдігі 1-1,5 метрды құрайтын арнамен болашақта су мейлінше көп мөлшерде ағатын болады,-дейді экскаватор тізгіндеп жүрген Орал Кәріпбаев пен Александр Чиняев атты азаматтар бастықтарының сөзін қуаттап. Жұмыс басында Саят Алпысбаев деген жігітпен таныстық. Осы Қайнардың төл тумасы екен.

         — Бірнеше жылдан бері осы каналға басшылық жасап келемін. Қызметім – су мұрабы. Каналдың ескіріп-тозуынан шаруа қожалықтарына су жеткізе алмай қиналушы едім. Енді сол азаптан құтылатын болдым. Қазір атқарылып жатқан жұмысқа қарап «Жаңа жеміс» каналы алдағы жазда жемісін аямай береді ғой деген ойдамын,-дейді Саят та риза пішінде.

        Қуатжан Бейсегерімовтың тағы бір астын сызып айтқаны, канал жұмысы осымен ғана бітпек емес екен. Алдағы жылға 1 млрд. 79 млн. теңгенің күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық сметасы сараптамадан өтіп дайын тұрған көрінеді. Егер бұл шаруа оңынан келер болса, осы каналдың көлемі ондаған шақырымдарға тағы да созылып, Дараты, Қостөбе, Қызылшекара, тіпті, Сарыбастаудың осы қапталға жақын алқаптарының да су мәселесі шешілмек. Қазір өзекті мәселе бірте-бірте өрнек тауып келеді. Демек, қолға алынып жатқан жоспарлы шараның игілігін көретін шақ та алыс емес. Лайым, соны көруге жазсын!

       Иә, атағы дардай, атқарар ісі нардай «Жаңа жеміс» каналының бойындағы жұмыс қақаған қыста да толас табар емес. Алдағы жаздың қамына дайындық жұмысы осылайша жүйесін табуда. Береке бастауын бүгіннен қалап жатқан арна бойындағы толассыз еңбек дүбіріне куә болдық та, жұмыстарына сәттілік тілеп, келген жолымызға бет түзедік.

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,

Елдос АХМЕТЖАН,

арнаулы тілшілеріміз,

Қайнар ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password