ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
«Оқу-білімсіз өнер де жоқ, ақын болу үшін де, болмаса басқа түрлі өнерпаз болу үшін де, ең алдымен білім керек» — деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, енді санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. Қыркүйек келіп, күз түскенде оқушылар асқақ арманмен, үкілі үмітпен білім алу мақсатында алтын ұя мектепке беттейді. Бұл күнде ата-аналар жаңа оқу жылына жаппай қам жасап, балаларының керек-жарақтарын түгендеу үстінде екені белгілі. Расында да әлемдік білім бәсекесіндегі қабілеттілік бүгінгі бүлдіршіндерден бастау алады. Ал балғындар дер кезінде лайықты білім алып, бағытын айқындап алса, бағындырар биік белестер де алыс емес.
Жаңа оқу жылы жақындаған сайын ата-аналардың да, ұстаздардың да жауапкершілігі күшейе түсетіні анық. Сол себепті «Райымбек ауданы білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен аудандық «Кәсіподақ ұйымының» мамандары мектептердің жаңа оқу жылына дайындықтарын қарап, саралап шықты.
Әлемдегі коронавирустық инфекцияның таралуы бүгінде біздің елімізде де орын алып отыр. Сондықтан, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты барлық сақтандыру шараларын қатаң сақтай отырып, үстіміздегі 2021-2022 оқу жылын дәстүрлі форматта оқу жүзеге асырылады.
Барлық мектептерде санитар- лық талаптарды сақтау құралдары алынған, кіре беріс есіктерге мектеп мұғалімдері, техникалық персоналдар мен ата-аналар үшін «Ashyq» қосымшасының «QR» кодтары ілініп қойылды. Ауданымызда 22 мектеп, 2 өнер мектебі, 1 оқу-өндірістік комбинаты, 5 мемлекеттік, 3 жекеменшік балабақша жұмыс жасап келеді. Онда 1162 педагог, 785 техникалық қызметкер жұмыс жасайды.
Педагогтардың – 87%-ы, техникалық қызметкердің — 91% вакцина алған.
Аудан бойынша педагогтар мен техникалық қызметкерлердің вакцина алу көрсеткіші 88% құрады.
— Орта білім беру сапасын арттыру мақсатында жаңа оқу жылының басты жаңалығы «Әліппе». Сонау балалық шақтың тәтті естелігі, алғаш рет қолға қалам ұстатып, әріп танытқан ұстаз бен «Әліппе» оқулығына деген сағыныш әрбір жанның жүрегіне сәуле шашып тұратыны анық. «Әліппе» деген аты қандай! Бүгінгі кез келген саналы азамат сол «Әліппемен» өсті, есейді, ұстаз болды, ғалым болды.
— Білімнің көзі бастауышта болғандықтан, биылғы оқу жылында Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде әзірленген «Әліппе» мен «Букварь» пән- дерінің қайтарылуы. Бұл идея былтырғы тамыз конференциясында айтылған болатын. Бірінші қыркүйек күні мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге салтанатты түрде «Әліппе» және «Букварь» оқулықтары табыс етіледі.
— Сонымен қатар, мұғалімнің жүктемесі 18-ден 16 сағатқа азайтылды;
— Сабақ ұзақтығы 45 минутқа қайтарылды;
— Білім алушылардың оқу жүктемесі төмендетіліп, білім беру ұйымдарына қысқартылған оқу жүктемесімен Үлгілік оқу жоспарларын таңдау мүмкіндігі артты;
— Орта білім беру жүйесі жаңартылған мазмұнға толығымен 100% көшті.
Қазақстанда жаңа оқу жылында оқушыларға мектеп формасын кию міндеттелмейтіні жайлы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдемесінде қазіргі пандемияға байланысты, ата-аналарда қазіргі уақытта мектеп формасын алуға жағдайы болмаса балаларға қарапайым классикалық үлгіде киім алып киюге мүмкіндік берді. (Ол дегеніміз ұлдарға ақ жейде мен қара шалбар, қыздарға ақ кофта мен қара белдемше).
Міне жоғарыда айтылған міндеттер мен жаңашылдықтарды жүзеге асыруда басты үміт ұстаздарға артылатыны түсінікті. Олай болса, осындай ауыр жүкті өз түйсігінен өткізген ұстаз ғана заман ағымына ілесе алмақ. Ал ұстаз әдетте мектептің жүрегі.
«Мектептің қандай болмағы hәм ұстазына байланысты» деп ұлт жанашыры М.Жұмабаев айтқандай, ұстаз үшін де, оқушы үшін де, білімге апарар даңғыл жол қайта ашылды. Алда баршамыз күткен керім күз, тағы бір жаңа оқу жылы.
Баршаңызды жаңа оқу жылдарыңызбен құттықтаймын!
А.ТАҒАЕВА,
«Алматы облысы білім басқармасының
Райымбек ауданы бойынша білім бөлімі»
мемлекеттік мекемесінің бас маманы.
0 Пікір