Жаңа формат – жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ

   Алматы облысында төтенше жағдай режиміне байланысты әлеуметтік және басқа да қызмет көрсету нысандары кезең-кезеңімен ашыла бастады.Солардың қатарында халыққа қызмет көрсету орталықтары да мамырдың 14-нен бастап, өз жұмысын бастаған болатын. Жоғарыда айтып өткендей, төтенше жағдайға байланысты мемлекеттік қызметтер ендігі жерде жаңа форматта ұсынылмақ. Осынау жаңашылдықтар туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы облысы бойынша директоры Ермек Құралбекұлы Бекжүнүсов арнайы сұхбат берді.

 – Ермек Құралбекұлы, алдымен халыққа қызмет көрсету орталықтарының жаңа форматтағы жұмысы туралы айтып берсеңіз?

 – Әлемдік пандемия COVID-19 қоғамның барлық салаларына өз әсерін тигізбей қоймады. Карантин азаматтарға шектеу жасады, бірақ жаңа мүмкіндіктер берді. Елдегі вирустың таралу қауіпі әлі де сақталуына байланысты қоғамдық және жеке ұйымдар жұмыс жоспарын өзгертті. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс тәртібі де жаңа форматқа көшті. Жаңа формат азаматтардың кезекке тұрып, шоғырлануын болдырмайды және уақытын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Енді азаматтар фронт-офистерде тек қағаз жүзінде көрсетілетін 100-ге жуық қызметтер мен egov.kz арқылы рәсімделген өтініштердің нәтижесін ала алады.

Сондай-ақ, қызмет алушылар ХҚО-тарда бару үшін 1414 бірыңғай байланыс орталығы немесе egov.kz сайтындағы арнайы сервис арқылы және Telegram-бот арқылы кезек уақытын алдына ала брондайды. Алдын ала жазылусыз ХҚО-ларда ешқандай қызмет көрсетілмейді.

Бүгінгі таңда электронды үкімет порталында барлық мемлекеттік қызметтің 80%-дан астамын қазақстандықтар өз үйінен немесе жұмыс орнында отырып-ақ алуына болады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болса болғаны. Қазіргі уақытта ЭЦҚ-ны да egov.kz порталында алу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, кейбір қызметтер мен сервистерді ЭЦҚ-сыз, бір реттік құпиясөздің көмегімен алуға болады. Ол үшін мобильді азаматтар базасында тіркелу қажет. Электронды  түрде қолжетімді қызметтерді азаматтар өздігінен egov.kz порталында, eGov mobile, EgovKzBot2.0 мобильді қосымшаларының, Facebook және Вконтакте әлеуметтік желілері чат-боттар арқылы пайдалануға болады.

    – Әрине, мұның бәрі жақсы. Бірақ үйінде компьютері, интернеті жоқ адамдар не істейді? Цифрлық жаңашылдықтарды пайдалана алмайтын қарапайым жандар қызметтерді қалай алады?

    – Осы жерде айта кетейін, жоғарыда айтылған жаңашылдықтар тек қалалық халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына ғана қатысты. Ал аудандық маңызы бар қалаларда, сондай-ақ аудан орталықтарында орналасқан бөлімдерде қалаға қарағанда келушілер санының айтарлықтай аз болуына байланысты өзгеріссіз, бұрынғыдай жұмыс жасап жатыр.

   Ал интернетке шығу мүмкіндігі жоқ талдықорғандықтар үшін  қала бойынша 10 өзіне өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылды. Олар әкімдіктердің ғимараттарында, оқу орындарында, медицина ұйымдарында, сауда-ойын-сауық орталықтарында және т. б. нысандарда орналасқан. Алдағы уақытта мұндай бұрыштар санын арттыруды жоспарлап отырмыз.

   Сондай-ақ, үш санаттағы азаматтар, яғни зейнеткерлер, көп балалы отбасылар және мүгедектігі бар азаматтар электрондық қызметтерді ХҚО-нан ала алады. Ол үшін әр фронт-офисте жеңілдік терезелері ұйымдастырылған. Дегенмен, олар да ХҚО-на баратын уақытын алдын ала брондауы керек.

 –Қалай ойлайсыз, біздің азаматтар  осындай өзгеріске, яғни жаппай цифрлануға қаншалықты дайын?

 –Әрине, әлемдік сарапшылардың айтуынша пандемиядан кейін әлем бұрынғыдай болмайды, жаңа ережелердің пайда болуы заңды құбылыс.  Төтенше жағдай енгізілген соң «Азаматтарға арналған үкімет» өз қызметін тоқтатпай, қашықтықтан жұмыс істеді. Қазірдің өзінде республика бойынша 2000-ға жуық маман қоңырау арқылы азаматтарға консультациялық көмек көрсетіп, қызметтерді онлайн рәсімдеу бойынша ақпараттық сүйемелдеу жасауда. Алматы облысындағы 1414 call-орталықта арнайы оқудан өткен 100-ге жуық қызметкер телефон арқылы кеңес беруде. Бұдан бөлек, филиалдың 50 қызметкері бейнеқоңырау арқылы қызмет алушыларды мобильді азаматтар базасына тіркейді, тағы 20 қызметкер бейнеқоңырау арқылы көрсетілетін қызмет алушыларды бейнеидентификациялау үшін тартылған.

    Байланыс орталықтары дүйсенбіден сенбіге дейін таңғы 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Телефон қоңыраулары тегін.

   Сондай-ақ, енді «Азаматтарға арналған үкімет» операторлары қазақстандықтарға egov.kz порталындағы бейне қоңырау арқылы тікелей кеңес бере алады.Ол үшін парақшаның оң жақ төменгі бұрышындағы «Виртуалды ассистент» батырмасын басу қажет. Карантин жағдайында филиал қызметкерлері бірыңғай байланыс  арқылы қоңырау шалған аймақ тұрғындарына 62 мыңға жуық кеңес берсе, үйден жұмыс жасаған қызметкерлеріміз ұялы телефон арқылы 72 мыңнан  аса кеңес берген. Сондай-ақ, 120 мыңға жуық  бейнеқоңырау арқылы хабарласқандар тиісті жауаптарын алған.

    Айта кеткен жөн. Соңғы екі айда 12 мыңға жуық дайын құжаттар жасалды және ХҚО арқылы онлайн режимде азаматтарға  300-ге жуық жүргізуші куәлігі берілді. Мұның сыртында,  автокөлікті қайта тіркеу бойынша 150-ден астам қызмет көрсетілді. Тиімділігі сол, egov.kz электронды үкімет порталы, Telegram боттағы eGovKzBot2.0, eGovMobile мобильдік қосымшалары  арқылы қызмет алуға өтініш берушілер саны артқанын байқадық.

  –Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қауіпсіздік шаралары қалай орындалып жатыр?

   –Бүгінде аймақтағы ХҚО бөлімдері барлық санитарлық-эпидемиологиялық стандарттарға сәйкес жұмыс жасап жатыр. Атап айтқанда, орталықтардың ғимараттарында бетперде режимі сақталған. Ғимараттарда санитарлық тазартқыштар орналастырылып, антисептиктермен қамтамасыз етілген. Вирус жұқтыру қауіпін болдырмау мақсатында кезекте тұрған азаматтар үшін ғимараттардың ішінде де, сыртында да 1,5-2 метр қашықтықта таңбалар қойылған.

     – Сұхбатыңызға рахмет! Еңбегіңізге табыс тілеймін!

 

С.Мурасилов, «Хантәңірі».

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password