«Жұмыла көтерген жүк жеңіл»
Жер жүзін жайлаған аты жаман ауру көптеген салаларға орасан зор зиянын тигізбей қоймады. Атқарылар ауқымды шаралардың уақытылы өтуіне кедергісін келтірді. Айналамыздағы дүниелер түбегейлі өзгеріске ұшырағандай сезіледі, тіпті адамдардың қарым-қатынасы да сирей түскендей, ел-жұрт қашықтықтан хат-хабар алмасуда. Ел күтпеген тосын жағдайлардың куәсі болдық.
Көрші елден бастау алған індет көптеген жұмыстардың өзгеруіне және мемлекеттің реформаларының жаңалануына себепкер болды. «Тәж тажалы» аталып кеткен ауру түрлі сала өкілдерінің жұмыс-жоспарына тұсау болды. Мектептер уақытша жабылып, шәкірттеріміз қашықтықтан дәріс алуда. Бұл жағынан ұстаздарымызға айтар алғысымыз аз емес. Әсіресе, медицина саласының бүйірінен соққандай әсер қалдырды. Ағымдағы жылы елімізде ғана емес, ауданымызда да карантиндік шаралар күшейтіліп, мониторингтік топтың жұмыстары да уақытылы жүргізілді. Ауданнан шыққан атымтай жомарт жандар ел денсаулығына бей-жай қарамай, қолдан келген көмек қолдарын уақытында соза білді. Арнайы тыныс алдыру аппараттары мен консентраттар, сондай-ақ күнделікті қолданатын дәрі-дәрмектер мен медициналық қорғаныш бетперделер дер кезінде беріліп, аудан тұрғындарының денсаулығына елеулі үлестерін қоса білді.
Елімізде төтенше жағдай алынып тасталғанымен, карантиндік шаралар әлі де жалғасуда. Жыл басында «Biz birgemiz» акциясы аясында аудан жастары еріктілермен бірлесе отырып көп балалы, аз қамтылған отбасыларға күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік өнімдері мен қорғаныш бетперделерін таратты. Сол себептен де індеттің кең қанат жаюына бөгет болуымыз керек.
Көпшілік орындарға бармауды, өзіміздің де өзгенің де денсаулығына немқұрайлы қарамай, халық тығыз жүретін жерде бетперде тағып қорғануды, дәрігердің кеңесіне уақытылы жүгінуге кеңес беремін. Көп болып күресейік, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бірлесе отырып індеттің таралуына қасқайып қарсы тұрайық.
Елжан БЕСТІБАЕВ,
Сүмбе ауылдық округінің әкімі.
0 Пікір