ЖҮЙРІКТЕН ЖҮЙРІК ОЗАР, ЖАРЫСҚАНДА!

    Қарасаздан басталып, Нарынқолда өрнек тапқан ақын тойы Өрнек атшабарындағы шабандоздар бәйгесіне жалғасты. «Ат – ер қанаты» деген аталы сөзді санасына сіңіріп өскен ұлтымыз қай уақыт болмасын ұлттық спорттың қасынан табылып, әрқашан деребесі қозып атой салатындығы анық. Республикалық аламан бәйгеге еліміздің түпкір-түпкірінен шабандоздар қатысты. Жарысқа қатысушылардың басты мақсаты-оза шауып, бас жүлдені қанжығасына байлау. Шабандоздың еркін шауып, қарсыластарын қапы қалдырып, артта қалдыруы ол әрине өзінің мінген арғымағында болмақ.
Атшабарда шабандоздар 6 шақырымдық айналымда Тай бәйге, 12 шақырымда Құнан бәйге, 17 шақырымда Топ бәйге, сонымен қатар 25 шақырымда аламан бәйгеде жарысқа түсіп, оза шапқандары жүлделі орындарды бөлісті. 25 шақырым болатын республикалық аламан бәйгеде бірінші орынды Талғар ауданынан келген Бұлғынов Мерхаттың «Жұмбақтас» деп аталатын сәйгүлігі мәре сызығын бірінші болып кесті. Сөйтіп, жеңіс тұғырының биік сатысына көтерілді. Әр шақырымдар бойынша сайысқа түскен шабандоздар да жүлделі орындарды бөлісіп, арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Алаш жырының ақиығы, мұзбалақ ақын М.Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойы аясындағы бәйгеге ауданымыздың атымтай-жомарт азаматтары демеушілік көрсетіп, қол ұштарын соза білді. Анығын айтқанда Ұлағатты ұрпақ қорының атынан Айдос Бақытжанұлы 5 млн теңгенің көлеміндей қаржылық демеушілік көрсетсе, белгілі кәсіпкер Тлек Юсупов пен Жамбыл ауылының тумасы Қуат Қонаев гранта автокөлігін тікті. Сондай-ақ, ұлт спортына жанашыр азаматтарға аудан әкімінің алғыс хаттары зор құрметпен табысталды.

Елдос Ахметжан,
«Хантәңірі»

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password