ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ӨРНЕКТЕЛДІ

       Ағымдағы аптаның беташарында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өткізілді. Қоғамдық кеңестің жұмысына аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық құзырлы орындар өкілдері, ауыл әкімдері, мектеп директорлары қатысты. Жиынды қоғамдық кеңес төрағасы Әділжан Нөкеев жүргізіп отырды.

       Күн тәртібіне Қазақстан Республикасының «Қоғамдық Кеңестер туралы» Заңының 23-бабына сәйкес мынадай мәселелер енгізілді:

  1. Аудан көлемінде көктемгі дала жұмыстарына дайындықтың барысы туралы;
  2. Райымбек аудандық Қоғамдық кеңесі 2021 жылғы қыркүйек айында өткен отырысында аудандық «Білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2021 жылы атқарылған жұмыстары туралы қаралған қаулының орындалуы жайлы;
  3. Райымбек ауданы бойынша салық салу объектісінің елді мекенде орналасуын ескеретін аймаққа бөлу коэфициентін бекіту туралы.

      Аудан көлемінде көктемгі дала жұмыстарына дайындықтың барысы туралы қаралған бірінші мәселе бойынша аудандық «Кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің маманы Мұрат Жанұзақов хабарлама жасады.

      Аудан бойынша 2022 жылға себілетін барлық егіс көлемі 38884 га. Бұл жердің 11300 гектарына дәнді дақылдар, 5500 гектарына картоп, 260 гектарына көкөніс, 21794 гектарына көп жылдық шөп егу жоспарланған. Көктем шығысымен жоспарлы жұмысты жүзеге асыруға қолда бар мүмкіндік толықтай жұмылдырылуда. 2022 жылдың өнімі үшін 2000 гектар алқапқа күздік дақылдар себілген. Сондай-ақ, 2000 гектар сүдігер жыртылған. Кеген ауданындағы «Жетісуагрэкс» аккредиттелген зертхана арқылы 1659 тонна тұқым сараптамадан өткізілді. Көктемгі дала жұмыстарына 596 трактор қатыстырылуы қажет болса, жауапты науқанға мұның 535-і дайын. Сонымен қатар 138 соқа, 71тұқым себетін, 57 топырақ қопсытатын агрегат, 363 жер тырмақ толықтай дайын. Қалған техникалар да қысқа мерзімде жөндеуден өткізіліп, іске қосылмақ.

  Аудан бойынша көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 150 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінген. Бұл жанармайды үш айға бөліп жұмсау көзделуде. Сонымен қатар қажетті 850 тонна тыңайтқыштың бүгінге дейін 511 тоннасын «Айғайтас», 300 тоннасын «РайымбекНан», ЖШС «Қазфосфат» және «АПК груп» ЖШС-нен сатып алып отыр.

       Хабарламашы сонымен қатар мал шаруашылығының жай-жапсарын да тілге тиек жасады. Қыстың қатал сынынан аман шыққан төрт түлік мал қазір төлдетілуде. Бүгінге дейін 34467 бас аналық сиырдан 9410 бас бұзау, 146480 бас саулықтан 61285 бас қозы, 23714 бас биеден 2827 бас құлын алынған. Төл науқаны әлі де жалғасуда. Баяндамашының сөзінде ауылшаруашылығына қатысты бұдан басқа да мәселелер көпшілік назарына ұсынылды.

       Баяндамадан кейін сөйлеушілер мемлекеттен бөлінген жанармайдың бағасы, мал санының шамадан тыс артып отырғандығы, әлі күнге дейін егістік, шабындық алқаптардан малдардың шығарылмағандығын сөз етісті. Сондай-ақ, жер жырту жұмыстарына белгіленген бағалардың әркелкілігі, төрт түлік малды бағу ақысының жүйеленбегендігі, кооператив құру, жайлау мәселесі сөйлеушілер сөзіне тұздық болды. Әңгіме өзегіне айналған мәселеге қатысты аудан әкімінің орынбасары Самат Сатылғанов түсіндірулер жасады.

       Күн тәртібіндегі қаралған «Қоғамдық кеңестің 2021 жылғы қыркүйек айында өткен отырысында аудандық «Білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2021 жылғы атқарылған жұмыстары туралы қабылданған қаулының орындалуы жайлы» екінші мәселе бойынша білім бөлімінің басшысы Саят Үмбетәлиев хабарлама жасады.

      2021-2022 оқу жылы ішінде атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталды. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта білім шегіндегі білім сапасы мен жетістігі, ҰБТ мәселесі, жалпыға бірдей міндетті білім беру қорының жұмысы, ерекше қолдау көрсететін балаларға жасалынып жатқан қамқорлық аясы, тасымалдап оқыту, кадр мәселесі, қорғаншылық, қамқоршылық, балалар өмірінің қауіпсіз және жайлы жағдайларын жақсарту, білім нысандарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру жайы хабарламашы сөзіне арқау болды. Білім саласына қатысты бұдан басқа да шешімін күткен өзекті мәселелерге назар аударылды. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға қанағаттанарлық жауаптар берілді.

    «Райымбек ауданы бойынша салық салу объектісінің елді мекенде орналасуын ескеретін аймаққа бөлу коэффициентін бекіту туралы» үшінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің «Заң және мемлекеттік құқық бөлімінің» басшысы Сұңқар Әбдіраманов хабарлама жасады.

    Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Салық Кодексінің 529-бабының 6-тармағына, Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 31-бабына сәйкес Райымбек ауданы әкімдігінің қабылдаған Қаулысымен таныстырды.

       Қоғамдық кеңестің күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша Қаулылар қабылданды.

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,

арнаулы тілшіміз.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password