ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ ӨРНЕК ТАПТЫ
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) – бұл тұрғын халық денсаулығын қорғау саласында халық мүддесін әлеуметтік тұрғыда қорғайтын әлеуметтік жүйе болып табылады. 2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап күшіне енген бұл жүйенің негізгі мақсаты – оған қатысушыларға дер кезінде қолжетімді, сапалы медициналық дәрі-дәрмектік жәрдем көрсету. Қазір аталған жүйе елімізде кеңінен қолға алынып, адамдар денсаулығының жақсаруына лайықты қызмет көрсетіп келеді.
Жуырда аудандық әкімшіліктің алқа мәжілісінде аудандағы денсаулық сақтау саласы қызметкерлері, ауыл әкімдері мен мекеме ұйым өкілдері бас қосқан жиында өзекті мәселеге айрықша назар аударылды. Бас қосуға себепші болып отырған мәселеге орай жиналған көпшілік міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің міндеті, атқаратын қызметі жайлы тағы да бір рет толыққанды мағұлмат алуға қол жеткізді.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы ашып, жүргізіп отырды. Сонымен қатар аталған шараға арнайы қатысып отырған аталған қордың мамандарымен таныстырды. Жиын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің мақсат-міндеті, атқаратын қызметі, адам денсаулығына қатыстылығы төңірегінде өрбіді. Әңгімеге өзек болған мәселе жайлы алғаш сөз тізгінін ұстаған « Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Алматы облысы бойынша филиалының директоры Нұрлан Отарғалиев аталған қордың қазіргідей адам денсаулығы күрделене түсіп отырған кезеңдегі маңыздылығына тоқталды. Облыс көлемінде құрылған қордың жетістіктерінен хабардар етті.
Келесі кезекте сөз алған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Алматы облысы бойынша филиалының халықты ақпараттандыру және шағымдарды қарастыру бөлімінің меңгерушісі Арман Баймұхамедов аталған қордың атқаратын жұмысы, бағыт-бағдарымен таныстырды. Үш деңгейлі медициналық көмек жүйесінің қызметтері туралы толыққанды ақпараттар берді. Атап айтқанда, бірінші деңгей бойынша бастапқы медициналық-санитарлық көмек мамандары тарапынан амбулаторияда стационарды алмастыру және үй жағдайында көрсетілетін медициналық көмек, екінші деңгей бойынша профильді мамандар тарапынан амбулаторияда стационарды алмастыратын жағдайда көрсетілетін медициналық көмек (соның ішінде, бірінші деңгейдегі медицина мамандарының жолдамасы негізінде), үшінші деңгей бойынша профильді мамандарды амбулаторияда және стационарды алмастыратын жағдайларда (оны 4 3 ш 3 нде 1 және 2 деңгей мамандары жолдамасы арқылы) жоғары технологиялар көмегімен көрсетілер көмектерге жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар, МӘМС жүйесіне қатысты Азаматтардың «сақтандырылғанын» қалай білуге болады? Өзін-өзі қамтыған жұмыссыз азаматтар қалай МӘМС жүйесінің қатысушысы бола алады? МӘМС жүйесінде мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек шеңберінде қандай қызмет түрлері бар? Мемлекет ӘМСҚ-ға кім үшін жарна төлейді? МӘМС енгізудің халыққа берер пайдасы қандай? МӘМС үшін кім қанша төлейді? Күндізгі, алыстан күндізгі формада оқитын студенттер статусын қалай анықтай алады? Шұғыл және жоспарлы тегін стоматологиялық көмек кімдерге көрсетіледі? Осындай күрмеуі көп сұрақтарға А. Баймұхаметов түсінікті түрде толыққанды жауаптар берді. Көпшілік тарпынан да өзекті мәселеге қатысты сұрақтар қойылып, қанағаттанарлық жауаптар алынды. Сөз арасында, аудан әкімінің орынбасары Н. Сағатбекұлы медициналық сақтандырудың дәл бүгінгідей аты жаман індет дүрліктіріп тұрған кезде өте қажет екендігін, осыған орай аудан көлеміндегі медицина қызметкерлері мен ауыл әкімдерінің халықты медициналық тұрғыда сақтандыру шараларының оңтайлы жүргізілуіне мүдделі екендіктерін ескертіп, маңызды мәселеге атүсті қарамауды тапсырды. Ол сонымен қатар дәл қазіргідей халықтың денсаулығы алаңдатарлық деңгейде тұрғанда ауданымызға арнайы келіп, түсіндіру жұмысын жүргізіп отырған МӘМС қорының облыстық филиалы мамандарына көпшілік атынан алғыс айтты. Өрнек тапқан өзекті мәселеге қатысты жиынға «Медициналық қызметтер сапасын мониторингілеу бөлімінің» бас сарапшысы Асель Қазымбекова қатысып отырды.
Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,
арнаулы тілшіміз.
0 Пікір