«Үзбеймін үмітімді халықтан мен»

Өлең – жырмен ашқан арман сарайын,
Тасты жарып тартқан тағдыр талайын,
Халқымызға құтты болсын құт болсын,
ҰЛЫ АҚЫННЫҢ ҰЛТТЫҚ ТОЙЫ АҒАЙЫН!!!
Ақиық ақын, қазақ халқының қайталанбас нар тұлғасы М.Мақатаев атамыздың 90 жылдық мерейтойы құтты болсын !!
Мұқағали ақынның өлеңдерін оқыған сайын терең ойға батасың, бүгінгі бұралаңы көп мына өмірдегі адам тағдырының көп қатпарлы көріністері көз алдыңа елестейді.
Мінезі дара, ойы асқақ, көкірегі қымбат көмбедей елес беретін Мұқағали ағамыздың жырларының қайсысын алып оқысаң да өзіңді терең иіріміне тартып, өлең құшағына қалай кіріп кеткеніңді сезбей қаласың. Жан сезіміңді тебірентетін жырларын қайта — қайта оқып шыққан сайын бір жаңалық ашқандай сезінесің. Бұрын байқамаған сипатын, мінез – қырын танығандай боласың, көркемдік бояуына қанығасың, жаныңа нұр құйылып, қиялыңа қанат бітіп, шабыттанасың. Сөйтіп, Мұқағали әлеміне үңілген сайын жаңа бір қырынан танығандай боласың. Ақын әлеміне тереңдей бересің.
Шын дарын өз заманының шындығын шығарма арқауына айналдырып, халық көңіліне ұяласа, ол мәңгі өмір сүреді. Халық сеніміне ие болу, оның қас-қабағын бағып, көңілі қалағанын жырға түсіру, сыр ғып шерту келешектің жарқын сәулесімен нұрландыра түсуі сирек кездесетін бақыт.
Ол қазақ өлеңінің ұлттық бояуы мен рухын ұстанды, оны түрлендіре байытты, сөйтіп қалың қазақ оқырмандарының жүрегіне жол ашты. Сонымен қатар ақын қазақ лирикасын 20 ғасыр әдебиетінің озық үлгілерімен құнарландырды. Ол жыр әлемінде өз ойын, өз шындығын, жүйелі көркем тілде ақындық биік тұрғыдан тұтас шеберлікпен жырлай білген. Мұқағали сыршыл лирикасымен өз оқушыларының жүрегіне жол тапты. Мұқағали туындылары түгенделіп, байыпты зерттелген сайын ақын рухы бізге жақындап, бізді өзіне барған сайын баурап отыр. Тұтас шығармаларының мазмұны мен көркемдік деңгейі оның ірі талант иесі, қайталанбас дара тұлға екендігін дәлелдейді.
Халықтың Мұқағалиға деген зор сүйіспеншілігі де уақыт өткен сайын суымай, қайта одан әрі арта түсіп, алып аспантаудың өзіндей көзге елестейді. Мұқағали мұрасы-ұлттық қоймаға қосылған асыл қазыналардың көмбесі. Ол өзінің қысқа ғұмырында әдебиет игілігіне қомақты дүние жасап кетті. Халқынан алды, халқына көзайым ғып қалдырды. Ендігі жерде ақынның «сыр сандығын ақтарып» өсу мен өркендеудің ұлағатты үрдісіне сай пайдалану міндеті біздің еншімізге тиіп отыр.
Әділет БАТТАЛ,
М.Мақатаевтың әдеби- мемориалды
музейінің ғылыми қызметкері.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password