Зайырлы білім — заман талабы

      Зайырлылық дегеніміз — діннің мемлекеттен дербестігі. Зайырлылықтың конституциялық негіздері Батыс Еуропа елдерінде XVIII ғасырда қалыптаса бастаған. Қазіргі дамыған Батыс елдерінде зайырлылық қағидаты іске асып отыр. Зайырлылыққа теңдес секуляризация деген түсінік бар. Ресейде билікке келген большевиктер 1918 жылы өздерінің Декретімен шіркеуді мемлекеттен бөліп, оларға тиісті қаражат-мүлікті мемлекеттің қайтарымсыз жалға алу меншігіне айналдырды.

       Бұл тұжырым Қазақстан Республикасының Конституциясында заң жүзінде бекітілген: Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Әлемде зайырлы, теократиялық және атеистік принциптерді де ұстанатын мемлекеттер бар. Зайырлы мемлекеттерде дін мемлекеттен ажыратылған. Олардың көбі Батыс Еуропа елдері, айталық, АҚШ, Франция, Англия, Дания т.б. Теократиялық мемлекеттерге Сауд Арабиясы, Ватикан, Иран т.б. жатады. Тәуелсіздік алған жылдардан бергі уақытта діннің қоғам өміріне қайта оралуына байланысты елімізде атеистік көзқарас мемлекеттік мәртебесінен айырылды. Егеменді қазақ елі — зайырлы мемлекет. Тәуелсіздік әр адамның еркіндігі, бостандығы. Тәуелсіздік адамның діни сеніміне, бостандығына еркіндік береді. Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар. Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс.

       Дінге қатысты білімнің түрлері бар. Атеистік — ол діндерді теріске шығаратын білім. Кеңес заманында жоғары оқу орындарында «Ғылыми атеизм негіздері» деген арнайы пән жүргізілген. Одан сынақтан өтпегендерге жоғары білім туралы дипломы берілмейтін. Кеңес заманында әрбір маман, инженер, педагог, дәрігер т.б. міндетті түрде атеист болуы керек еді. Ол заман артта қалды. Діни білім — ол Құдайға сену туралы қағидалардың жүйесіне негізделген білім. Оны ғылымда теология деп те атайды. Діни білімнің басты мақсаты — адамдарды діни сенімге насихаттау, дінді насихаттау. Бұл істі елімізде арнайы діни конфессиялар қасындағы діни оқу мекемелері іске асыруда. Зайырлы білім — ол «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәні арқылы 9-шы сынып оқушыларына жоғарыда аталған заңнамалық негіздер нәтижесінде дін және діндер туралы жүйелі білім беру.

       Дін қоғамда. Қоғам — мемлекеттің негізі. Дін басшылары мемлекетті басқаруға қатыспайды, бірақ мемлекеттің қауіпсіздігі туралы мәселеде әріптестік бірлікте.

       Ислам діні жетекшілерінің түсінігінде дін саясаттан биік ұғым. Саясат өзгермелі, дін — мәңгілік. Саяси құндылықтар ескіреді, өзгереді, модернизацияға түседі, ал діни құндылықтар — мәңгілік. Осы түсінік қазақтардың дүниетанымына тән. Асан Қайғының «Қилы-қилы заман болар, судағы ақ шортан қарағай басын шалар» дегені де діннің емес, саясаттың өзгермелігін айтқан. Зайырлылыққа талдау жасағанда қазақ қоғамының мәдениеті тарихындағы асыл мұраларын ескерген жөн. Зайырлылық мәні заң арқылы анықталып, реттелгенімен, оның дәстүрлі мәдени табиғаты барында ескеру қажет. Сондықтан, зайырлылық негізінен заң арқылы анықталып әрі мәдени феномен ретінде баяндалса, «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің мәні айқындалмақ.

 Саят Үмбеталиев,

аудандық білім бөлімінің басшысы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password