ҰЗАҚ БАТЫР ҚАЛАЙ ҚАЗА ТАПТЫ?

          Ұзақ батыр 1855 жылы (кейбір деректерде 1854ж.) Жетісу губерниясы, Жаркент уезінде туған. Руы Құрман, қыстауы – Дараты босағасы, жайлауы – Қарқарадағы «Таңбалы тас». Ұзақ ойындағысын бетке айтатын, қайсар да ер көңілді, өткір мінезді аты аңызға айналған ел арасында батыр атанған тұға.

       Тарихта Жоңғар басқыншылығы жылдары Азаттық күресте ерлігімен белгілі болған Саурық батырдың баласы. Ол Жаркент уезі, Құрман болысында 1895 жылға дейін болыс болған. Ұзақ батыр 1916 жылы Жетісудағы Қарқара көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі. Бойына құлдық мінезді дарытпаған ер Ұзақ 1884 жылы 14 мамырда және 1899 жылы 27 қаңтарда патшаның салық төлейтін қаулысына қарсы шыққаны үшін сондай-ақ полиция өкілі Прусков пен Беделбай болысқа бағынбай, оларды сабағаны үшін екі рет түрмеде отырып келген болатын. Жергілікті билік шешімдеріне қарсы шыққаны үшін үшінші рет Верный түрмесіне қамалған.

        Түпкі мақсаты – қарулы күрес жүргізу мұратынан айнымаған Ұзақ 1916 жылы шілденің бас кезінде майданның қара жұмысына кісі алу жөніндегі патша үкіметінің жарлығына қарсы үгіт жұмыстарын жүргізді. Ұзақ пен Жәмеңке Мәмбетұлы басқарған Жаркент уезіндегі Нарынқол – Шарын учаскесінің 1000-нан астам тұрғыны 1916 жылы 11 шілдеде Қарқара жайлауында бас қосып, майданның қара жұмысына адам бермеуге келісті. Осыдан бастап Ұзақ төңірегіне көп адам топтасты. Толқудың қарулы көтеріліске ұласып кетуінен сескенген патша үкіметінің жергілікті органдары 1916 жылы 22 шілдеде Ұзақты бірнеше серіктерімен тұтқынға алды. Көп кешікпей ол Қарақол түрмесіне айдалды. 12 тамыздың түнінде тұтқындарға қарулы күзетшілер кенеттен оқ жаудырған сәттегі аласапыранды пайдаланып, серіктестерінің көмегімен түрмеден қашып шыққан. Атыс болған кезде серігі Әубәкірдің өкшесіне оқ тиіп Ұзақты қолтықтап жүру қиын болғандықтан, Қарақолдағы танысы Мәнтияз деген ұйғыр саудагердің үйін паналайды. Алайда Мәнтияз сатқындық жасап Ұзақты ұстап беріпті.

       Қазіргі таңда Ұзақ Саурықұлының қай жерде жерленгені жайын да 2 түрлі пікір бар. Біреулер «Түменбай басында жерленген десе, енді біреулер Қарақол түрмесінің жанындағы шұңқырға тасталғандығы жайында баяндайды» Ұзақ батырдан тараған ұрпақтар бүгінде аз емес. Солардың бірі – Ұзақтың Әбен деген ұлынан туған Мұхамеджанның баласы Қанатбек қарияның айтуынша Ұзақ ұсталғаннан кейін Қарақол маңындағы шұңқырға тастап, денесін өртеген деп отыр, сол жаққан от тұп – тура 41 күн жанған деген пікірлерде айтылуда. Бұл туралы көшелерді мәйіттерден тазалап жүрген солдат Ұзақтың ұлы Әбенге өсиет етіп қалдырыпты. Әрине, тарихтың ашылмаған құпиялары қаншама. Болашақта бұл құпияларды ашатын замандастарым болатынына үмітім зор. Ел азаттығын аңсаған бабамыздың ерлігін ұлықтаған халқымыз батырлығын ешқашан ұмытпақ емес!

Әмина КЕМЕЛБАЙ,

Сарыбастау ауылы.

0 Пікір

Пікір қалдыру

Login

Welcome! Login in to your account

Remember me Lost your password?

Lost Password